Басты ақпаратМәдениет

Қалықта, шарықта, «Жас қанат»!

Ертең елордамызда ХХІ республикалық «Жас қанат – 2012» жас орындаушылар байқауы басталады. Үш күнге созылатын бұл байқауға еліміздің әр өңірінен 16 өнерпаз қатысып, үш күн бойы үлкен сахнада баптары мен бақтарын қатар сынамақ. Дей тұрғанмен, қатысушылар, межелі күнге дейін дәстүрге айналған «бейресми» рәсімдер мен байқаудың ажырамас бөлігі саналатын шараларға қатысты.

«Өзара қорқысу кеші»

«Жасқанаттықтардың» өзара танысу, білісу дәстүрі осылай аталады.Бір-бірін қорқытып һәм бір-бірінен қорқып болғаннан соң, қатысушылар бірінші жиынға қатысты: костюмдерді тексеру, сахнаға шығу репетициясы, репертуарды ақтық рет қайталау.

Келесі күні де, жас өнерпаздарға өздерін барынша «жұлдыз» сезінуге жағдаяттар жасалды: қаланы аралау, телеарна үшін «Жас қанат күнделігі» түсіріліміне қатысу, белгілі радиостан- цияларда тікелей эфирге шығу.

Эфирдегі еркін әңгіме

«Астана» радиосында белгілі радиожүргізушілермен бірге бір сағат көлемінде тікелей эфирде ән әлеміндегі әлемдік соңғы трендтерді талқылап, өздерінің «музыка пірлері» туралы сұхбат құрды.

Хабарласқан радиотыңдармандардың сұрақтарына жауап берген Гүлнәр Дамаева, Меруерт Желдібаева және Ибрагим Жантулин тікелей эфирде әртүрлі сайыстарды өткізіп, тыңдармандардарға ән айту жөнінде кеңес берді.

Сол күні аталған радиотолқында, қатысушылардың пірлері Вeyonce, Whitney Houston, Bryan McKnight, Christina Aguilera композицияларымен қатар, жасқанаттықтардың өз орындауларындағы әндері де шырқалды.

Астана атынан – Меруерт пен Гүлнәр

Айтулы байқауға елорда атынан ілгеріде айтып өткен Меруерт Желдібаева мен Гүлнәр Дамаева қатысады.

 

21 жастағы Меруерт «Жас қанатқа» қатысу оның аталған байқауға Гауһар Қаспақова қатысқаннан бергі мақсаты болып келгенін айтады. Сол кезде, 5-6 жасар кішкене бүлдіршін Меруерт, бүгінде Қазақ Ұлттық Өнер университетінің студенті. Домбыра мамандығы бойынша білім алып жатқан ол үшін ән өнерінің барлық бағыттары қызық.

Ал, Гүлнәр болса, отандық шоубизнестің бел ортасына кіруге бұған дейін де біраз қадам жасаған. Биыл 24 жасқа келетін Гүлнәр 2006 жылы Super Star KZ жобасына қатысса, 2007 жылы «Шабыт» шығармашыл жастардың халықаралық фестивалінде бағын сынаған. Ал, өткен жылдың соңында, Қазақстан эстрадасының өкілі Иван Бреусов жазып берген «Минута любви» туындысы Гүлнәрдің репертуарындағы алғашқы төл композициясы.

Дей тұрғанмен, ол «Жас қанат» байқауына қатысу бұған дейінгі жетістіктерінің барлығынан да биік екенін айтады.

Бірінші, екінші, …он алтыншы!

Кеше жасқанаттықтар, байқау алдындағы соңғы рәсімдердің біріне қатысты. Олар, «Бәйтерек» басында сахнаға шығу реттік нөмірлерін таңдады. Осылайша, жеребеге Аягөзден Айдын Әбдіжүсіпов, Ақтөбеден Нұрболат Абдуллин мен Димаш Құдайберген, Қызылордадан Ақмаржан Байназарова, Павлодардан Елдана Дүйсенова мен Қамсызбай Құрмет, Астанадан Меруерт Желдібева мен Гүлнәр Дамаева, Курчатовтан Күлайым Қайырбаева, Тараздан Айна Қалмағанбетова, Семейден «Кербез» дуэтін құрған Жадыра мен Жұлдыз Сәрсембаевалар, Петропавлдан Әділхан Макин, Қарағандыдан Гүлсім Мырзабекова, Оралдан Бақытжан Орахаев, Нәзира Хибашева және Ибрагим Жантулин қатысты.

Осылайша, өз реттік нөмірлерін таңдаған қатысушыларға байқауды ұйымдастырушылар ертеңгі сайыста сәттілік тіледі.

Танытқан талай талантты

1992 жылдан бері 300-ден аса жас өнерпаз қатысқан бұл байқау Қазақстанның ән өнеріне талай таланттарды танытты. Олардың арасында – Медеу Арынбаев мен Ерлан Көкеев, Жанна Орынбасарова мен Бақыт Шадаева, Кұрмаш Махан, Майра Дәулетбақова мен Бақытжан Қажымұқанов, Бауыржан Исаев пен Гауһар Қаспақова, Сейфуллин Жолбарыс пен Нұрлан Абдуллин, Бейбіт Қорған мен Маржан Арапбаева, Мәдина Сәдуақасова және «Үркер»мен «Дервиши» топтары.

Осы жолғы қатысушылар арасынан да Қазақстанның ән өнерінде өзіндік орны бар орындаушылар шығады деген үміттеміз.

Нұрберген МАҚЫМ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button