Әлеумет

ҚАМКӨҢІЛ БАЛАЛАРДЫ ҚУАНТТЫ

ERA_9936

Ел тәуелсіздігінің арқа­сында айрандай ұйып, дәстүріміз бен діні­міз жарасып, ел тыныш­­­тығын сақтап отырған халықпыз. Осы тұста әлем­нің алпауыт­ елдері­мен терезесі тең, керегесі кең, босағасы берік еліміздің ішкі сая­саты, соны­мен­ қатар әлеу­мет­тік саты­лары­ның тең болуы, демо­кра­тия­ның тұрақты әрі қуатты болуы – басты мақсат. Кез келген қазақ азаматы өзінің құқы­н ескере отырып, қоғам­да белгілі бір рөл атқарады. Соның қата­рында тай қолтығын терле­тіп үл­гер­меген, толық­­қан­ды мүмкіндігі жоқ бауыр­­ла­рымызға қолдау көрсету – адамгер­шілік пен иманы­мыз­дың айнасы.

Абай атамыз «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген шумағында, бәлкім, осындай мәселелерді меңзеген болар. «Адамның ұяты – бетінде, адамгершілігі – ниетінде» демекші, көмек қолын созып, сауаптан суарылуға бәрі дерлік құштар. Осындай игі бастамалар Астана қаласында жиі қолға алынады.

Көктемнің кенжесі мамыр айының 28-і күні Тұңғыш Президент музейінде мүмкіндіктері шектеулі балалар үшін «Өнердің ғажайып әлемі» атты арт-терапиялық сессия өтті. Бұл шара терапиялық сипатымен қатар эстетикалық бағытта ұйымдастырылды. Аталған емдеу сессиясының мақсаты мүгедек жеткіншектерді сауықтыру бойынша баламалы бағдарламаларды енгізуді жәрдемдесуге бағытталған. Мұндай әлеуметтік бағдарламалар ерекше санаттағы балаларды қоғамның түсінуі мен қолдауының көрсеткіші болып табылады. Арт-терапиялық сессияның қатысушылары үшін ұйымдастырушылар естелік сыйлықтарын да әкелген.

Бүлдіршіндердің жүзіне қуаныш сыйлағандардың бірі – «Таза жүрек – PUREHEART» қоғамдық бірлестігінің ұжымы сәндік-қолдан­балы өнердің кәсіби шеберлері. Олар шара барысында эксклюзивті қолдан жасалған жұмыстарын көрсетумен қатар, моншақты өру бо­йынша шеберлік сабағын өткізді және табиғи тастармен, моншақтармен жұмыс істеу тәсілімен бөлісіп, балаларды қайталанбас әсем және көркем композицияны қалыптастыруға баулыды.

Кенже ҚОНЫСБАЙ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button