Жаңалықтар

ҚАМКӨҢІЛ БАЛАЛАРҒА ҚАМҚОРЛЫҚ

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында елорданың түрлі мекемелері қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, бүлдіршіндерді қуантуға тырысты. Сондай жиынның бірі Балаларды оңалту ұлттық орталығында өтті. «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалының мұрындық болуымен қойылған мерекелік концерт барысында балдырғандар көл-көсір шаттыққа кенеліп, керемет әсерге бөленді.

– Бүгінде ерекше қажеттілікті талап ететін балаларды әлеуметтендіру мақсатында мемлекет тарапынан тындырымды шаруалар атқарылуда. Осы орайда «Нұр Отан» партиясы да қалыс қалған жоқ. Біз іске асырып жатқан 8 партиялық жобаның бірі «Кедергісіз келешек» деп аталады. Сол арқылы медициналық көмекке мұқтаж сәбилерге қол ұшын беріп, оларды қоғамға бейімдегіміз келеді. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған лифт, пандус  салып, жүріп-тұруларына қолайлы жағдай жасауда жұмыстар жүргізудеміз. Мұндай сауапты тірлікке Астана қаласының Кәсіпкерлер қауымдастығы, Қазақстан Республикасы елшілерінің әйелдері клубы секілді ұйымдар мен Парламент және жергілікті мәслихат депутаттарын тарттық, – деді «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары Владислав Сергеев.

Думанды шараға Астана қаласы Кәсіпкерлер қауымдастығының вице-президенті Ханзада Балтаева, Қазақстан Республикасы елшілерінің әйелдері клубы президенті София Бакуридзе, Қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподағы елордалық филиалы төрағасы Бақытжан Тәжібай қатысты. Олар оңалту орталығына велосипедтер тарту етіп, емделуші балақайларға ойыншықтар сыйлады.

Концерттің соңы жәрмеңкеге ұласты. Онда сал аурына шалдыққан 300-ге жуық бала өз қолынан шыққан бұйымдарды ұсынды. Жәрмеңкеден түскен қаржы түгелдей ұлттық орталықтың қорына аударылады.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button