Жаңалықтар

ҚАМКӨҢІЛ ЖАНДАР ҚҰМЫРА ЖАСАЙДЫ

Елордада мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Шығармашылық үйі» шеберханасы жаңа маусымын бастады. Мұнда қамкөңіл қала тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуге барлық жағдай жасалған.

ab77e0ccfcb54866a38c1a834d7

Астанада әлеуметтік-еңбек шеберханалары үш жылдан бері жұмыс істеп келеді. Биыл жаңа шығармашылық бағыт енгізіліп отыр. Енді бұл орталыққа келгендер түрлі кәдесыйлар жасап, қыш құмыра жасау ісіне машықтанады.
– Бізге қолөнермен айналысқысы келетіндер жиі келіп жатыр. Олардың басым бөлігі арбамен, кейбірі балдақпен жүреді. Бұл жерде барлығы белгілі бір іспен шұғылданып, кәсіпке дағдыланады. Біз әуестік танытқандардың бәріне қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар береміз, – дейді «Дос» тәуелсіз өмір орталығы» мүгедектер бірлестігінің төрайымы Дина Ерділдинова.
Мұнда тәжірибелі шеберлер дәріс беріп, әйелдерге қағаздан гүл шоқтарын, әшекейлер, жасауды көрсетіп, тоқу мен ұсақ моншақтардан кесте тігуді үйретеді. Ал ерлердің ағаш ою өнерін меңгеруге, қыш пен керамикалық бұйымдар жасауға мүмкіндігі мол.
– Мен бірінші рет қатысып отырған жоқпын, бұған дейін де ағаш пен қыштан бұйымдар жасап көрдік. Ағаштан түрлі мүсіндер, кейіннен қыштан құмыралар, пішіндер істедік. Қышпен жұмыс істеу қиын, сонда да бар күшімізді саламыз, тырысамыз. Бұған дейін үйде көп отыратынмын, ал «Дос» қоғамымен танысқан соң күндерім қызықты өтетін болды. Үнемі түрлі шараларға шақырып отырады, – дейді астаналық Николай Квашнин.
Мүмкіндігі шектеулі жандар «Шығармашылық үйіне» түрлі бағыттар бойынша жазыла алады. Ал курстарды тәмамдаған соң шеберлік дәрістеріне қатысқандарға сертификаттар табысталады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button