«Қамқордың» қамқорлығы шексіз

Елімізде қазанның соңғы жексенбісінде әлеуметтік қызметкерлер күні аталып өтеді. 2011 жылы бастау алған кәсіби мереке биыл 29 қазанға сәйкес кеп тұр. Әсіресе денсаулық сақтау жүйесіндегі әлеуметтік-медициналық жұмыс денсаулықты қалпына келтіруге, сақтауға және нығайтуға бағытталған медициналық, психологиялық, педагогикалық және әлеуметтік-құқықтық сипаттағы мультитәртіптік кәсіптік қызметтен тұрады. 2005 жылы Астана қаласы әкімдігінің жанынан құрылған «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жұмысы да осы әлеуметтік қызмет көрсетумен тығыз байланысты.
Кәмелет жастан асқан, психоневрология ауытқушылығы бар мүмкіндігі шектеулі жандардың тұрақты тұруына арналған стационарлық үлгідегі ұйым 18 жылдан артық жұмыс істеп келеді. Орталық Ақмола облысы Ақкөл ауданы Урюпин ауылында, ормандар арасында орналасқан. Мекеменің негізгі міндеті – өмірлік қиын жағдайға тап болған жандарға жағдай жасау, арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету. Ашылған күннен бастап орталықта 566 адамға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілген. Бүгінде мекеме І топтағы 76, ІІ топтағы 294 мүмкіндігі шектеулі жанның мейірім мекеніне айналған.
– «Адам баласынан мейірім қашса, жер бетінен жақсылық қашады» деген сөз бар. Мұнда өмір сүретіндер өзін үйдегідей сезінуі үшін мемлекет барынша қолайлы жағдай жасап келеді. Медициналық қызмет заманауи талаптарға сай жабдықталған бөлімшелерде көрсетіледі әрі кәсіби білікті дәрігерлер мен мейірбикелердің жұмыс жүйесі жоғары дәрежеде үйлестірілген. Орталық – 2 заманауи А және Б блоктары, «Жеңіс», «Парасат», «Шебер» атты 3 коттедж, асхана, кір жуу бөлмесі, қазандық, автогараж сияқты дамыған инфрақұрылымы бар қалашық. Ал қауіпсіздік үшін бейнебақылау жүйесі қамтамасыз етілген. Осы шағын ғана қалашықта 269 қызметкер еңбек етеді. Олар – Ақкөл қаласының және ауданға жақын маңдағы ауылдардың тұрғындары. Орталықтың дамуына үлес қосқан 33 адам қазір зейнетте. Оларға жыл сайын еселі еңбегі үшін құрмет көрсетіледі. Концерт бағдарламасы ұйымдастырылып, дастарқан жайылып, жылы лебіздер айтылады. Мұндай шара – ұжымның жас буынына жақсы үлгі, – дейді «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ директоры Назарбек Көкенұлы.
Орталықта тұратындардың көңіл күйін көтеруге және бос уақытын жақсы өткізуіне де баса мән беріледі. Ұжым әр мерекеге қызықты қойылымдар, концерт бағдарламаларын, түрлі ойындар ұйымдастырады, оларды өнерге баулиды. Былтыр сәуір айында чирлидингтен өткен инклюзивті ашық турнирде орталық қызметкерлері 150-ден астам қатысушы арасында бас жүлдені жеңіп алды. Ал араға екі ай салып елорда төрінде есептік кеш ұйымдастырып, дүйім жұрттың алдында өнерін паш етті. Орталықта тұрып жатқан жандардың ата-анасымен, туған-туысқанымен жылда ашық есік күні өтіп тұрады. Жақындарының қолдауымен жуырда қонақ бөлмесі ашылды. Енді осы мекемеде атқарылып жатқан іс-шараларға ата-анасын, туған-туысын жұмылдыруды ниет етіп отыр. Орталық қызметкерлерінің ауқымды істерінің арқасында 12 қызмет алушы отбасына оралып, жақындарымен қайта қауышты. Бұл да үлкен еңбектің нәтижесі.
– Мұнымен қоса, салауатты өмір салтын ұстануға көп көңіл бөлінеді. Орталықтың спорт, жаттықтыру залдары, теннис бөлмесі бар. Дене шынықтыру мұғалімі Берік Жайсанбаевтың еңбегін ерекше атап өту керек. Өйткені «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының спорттағы жетістіктерінің географиясы кең. Греция, Голландия, Оңтүстік Корея мен Австрия, Люксембург және Бельгия, АҚШ, Ресей, Абу-Даби, Германияда өткен жарыстардан тек жүлдемен қайтты. Биыл 17-25 маусым аралығында Германияның Берлин қаласында роликпен сырғанау және көркем гимнастикадан дүниежүзілік жазғы олимпиада ойындары өткен еді. Роликпен сырғанаудан 1 алтын, 3 қола жүлде, көркем гимнастикадан 1 алтын, 1 күміс жүлдеге ие болдық. Өткен айдың 23-інде Көкшетау қаласында қазақстандық арнайы олимпиаданың пауэрлифтинг пен боччеден ұйымдастырылған республикалық турнирінен де құр қол қайтпадық. Пауэрлифтингтен 4 алтын, 2 күміс және 1 қола жүлдеге ие болсақ, боччеден 2-орынды иелендік. Тағы бір атап өтерлігі, тек қызмет алушылар ғана емес, мерекелерде қызметкерлер арасында да сайыстар өтіп тұрады. Тіпті ведомстволық бағынысты ұйымдар арасындағы іс-шаралардан тыс қалмай, үнемі жүлделі орындарға ие болады, – дейді Назарбек Көкенұлы.
2021 жылғы «Астана қаласы бойынша әлеуметтік қорғау жүйесінің үздігі» байқауында «Үздік әлеуметтік қорғау мекемесі» номинациясының жеңімпазы атануы – үлкен мәртебе. Жалпы алғанда, ұжымның қай бағытта болмасын жаңашыл, тың идеяға, қызмет көрсету сапасын одан әрі арттыра түсуге деген талпынысы байқалады. Орталыққа жан-жақтан тәжірибе алмасуға әріптестер келетіні де игі дәстүрге айналып кеткені қуантады. Осының бәрі жұмысты жүйелеп, ұжымға қолдау көрсетіп жүрген мекеме басшысы және орталық қызметкерлерінің тынымсыз еңбегінің көрінісі екені анық. Ең бастысы, қолдауға мұқтаж жандардың өмірге деген сүйіспеншілігі артып, сапалы қызмет алатыны – көңілге демеу. Өйткені тағдыр тәлкегіне тап болған әр адам қамқоры барын сезінгісі келеді. Орталықтың көздегені де сол – мейірімнің шекарасы жоқ екенін дәлелдеу.