Қала тіршілігі

Қамсыз қарттық адамның өзіне байланысты

Астана бүгінде әлем таныған, төрткүл дүниеге аты мәшһүр жер бетіндегі әсем қалалардың біріне айналып отыр. Осындай әсем шаһарда еңбек ету арқылы елордамыздың көркеюіне иненің жасуындай болса да пайда келтіру – мен үшін үлкен абырой. 

Расында да, қазіргі Астана көздің жауын алатын зәулім ғимараттарымен, мұнтаздай таза әрі кең көшелерімен көрікті. Есіле ағып жатқан Есіл де ерекше сүйкімді. Бұл қалада тұратын кез келген адам осындай ғажайыптарды көзбен көргеннен кейін оның гүлденуіне өзінше үлес қосуға тырысады. Мен де солардың қатарынанмын.

Қалалық мәслихаттың депутаты­ болған­дық­тан, сайлаушыларымызбен тығыз жұмыс жүргізу – біздің міндетіміз. Бұл ретте халықтың өтініш-тілектерін орындау мақсатында қолдан келгенінше олардың пікірлерін негізге ала отырып, талаптарын аяқсыз қалдырмауға тырысамыз.

Әсіресе, ата-аналар тарапынан мектеп жасына дейінгі сәбилерін балабақшаға орналас-тыру мәселесі жиі көтеріледі. Сонымен қатар, елордалықтар арасында жұмысқа сұраныс басым. Осыған орай, қаладағы жұмыспен қамтамасыз ету орталықтарымен де тығыз байланыста жұмыс істеп келеміз. Соның ішінде Елбасы белгілеп берген «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауды басшылыққа ала отырып, өзім еңбек ететін білім беру саласына қатысты мәселелерді де уақытында шешіп отырамыз.

Елбасының “Қазақстан-2050” жаңа даму бағдарламасы – қазақстандықтарды жаңа белестерді бағындыруға жетелейтін, ортақ мақсаттарды орындауға жұмылдыратын тарихи құжат болып табылады. Онда білім беру саласын жақсартуға зор көңіл бөлініп отыр. Білім беру саласында отандық білім беру жүйесіне инновациялық әдістерді, шешімдерді және құралдарды қарқынды енгізу міндеттері айқындалған. Өз еліне пайдасын тигізу, өз Отанының тағдырына жауапты болу – әрбір қазақстандық үшін парыз және абырой. Сондықтан, 2050 жылы қазақстандықтар үш тілде сөйлейтін білімді, еркін адамдардың қоғамында өмір сүреді деген сенімдеміз. Жалпы, мен үшін сайлаушыларымның сенімі бәрінен қымбат.

Мемлекет басшысының зейнетақы жүйесін жаңғырту мәселесі бойынша мәлімдеме жасап, Қазақстан халқына Үндеу жолдағанын бәріміз білеміз. Осыған байланысты түрлі пікірлер де айтылуда. Жалпы, ерлер мен әйелдердің зейнетке шығу жасын теңестіру туралы мәселе қазіргі ең өзекті тақырыпқа айналды. Әйелдердің зейнет жасын ұлғайтудың басты себебі зейнетақы төлеудегі қаражаттың болжамды дефицитімен байланысты болып отыр.

Бүгінде көптеген елдер зейнетақы жүйесін реформалауда. Өмір сүрудің орташа ұзақтығының артуы және халық құрылымындағы зейнеткерлер үлесінің көбеюі осындай қадамдарға баруды талап етуде. Бұл ретте «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен қайратың екі жақтап» деп Абай атамыз айтқандай, адамның қамсыз қарттығын оның өзі ойластыруы керек.

Елбасы зейнет жасын кезең-кезеңімен ұзартуды 2014 жылғы 1 қаңтардан емес, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастауды ұсынып, зейнетақы реформасының күрделі мәселесі бойынша дұрыс шешім табудың жолын көрсетіп берді. Мемлекет басшысының зейнетақы реформасы жайлы айтқан салиқалы ойы, салмақты пікірі, ұтымды ұсынысы еліміздегі нәзікжандыларға деген қамқорлықтың озық үлгісі дер едім.

Эльмира СУХАНБЕРДИЕВА,
Астана қаласы мәслихатының депутаты

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button