ӘлеуметДенсаулық

ҚАН БЕРУ ҚАУІПТІ ЕМЕС

ERA_5187

Күндіздің жүгін түнге артып, жүйкеге күш түсіру адам денсаулығына кері әсерін тигізеді. Бірақ бұл орталық жұмысын бір тәулікке тоқтатар болса, қаламыздағы жүздеген адамның өміріне қауіп төнеді. Күні-түні тыным таппай, жұрт қамымен жұмыла қызмет жасайтын Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының бір күндік жұмысымен танысып қайттық.

Есіктен кіргеннен-ақ жылылық еседі

Жаңа ғимараттың іші сыртына сай әсер қалдырды. Есіктен кірісімен-ақ бір жылулық сезіліп тұрды. Ден­саулықтың әліппесі тазалықтан бас­тау алатынын осы орталық үлгі етіп тұрғандай. Қызмет көрсету дең­гей­лері де жоғары. Кәсібиліктерін қос­пағанда, адам­мен сыпайы қарым-қатынас жасайтын мұндай ортадан керегіңді лезде табатының белгілі ғой. Қан тапсырмақшы боп меди­ци­налық тексерістен өтуге ниеттенген адамдар кезегін көріп, көңіліміз бір жайланып қалды. Орталық ішінде салқын қабақ танытып, қатаң ескерту жасаған бір адам болса, бахилды кимей ғима­рат­қа ентеліп кіріп барған менің қылы­­ғымды құптамаған күзетші ғана шығар.

Сіз өміріңізде бір рет болса да қан тапсырып көрдіңіз бе? Егер мұндай игі істі жасаған болсаңыз, кемінде үш адамның өмірін құтқардым деп есептей беріңіз. Бір қызығы, қан тапсыру адам денсаулығына физиологиялық һәм психологиялық тұрғыдан пайдалы екен. Тұрақты түрде қан тапсыратын адамның өмірі ұзарып, жүрек-қан тамырлары ауруының қаупі бірнеше есе төмендейді. Дерек көздеріне сүйенер болсақ, әлемнің 62 елінде донор болу мәдени үрдіске айналған. Сол арқылы адамдар көптеген науқастың дертіне дауа болып, өзінің денсаулығын да түзеп алады. Мамандардың айтуынша, біздің елде донор болуға деген түсінік үстірттеу қалыптасқан. «Қан мөлшері азайса, денсаулығыма кері әсерін тигізеді» деп ойлайтындар көп екен. Ал, бұл орталыққа келіп қан тапсыратын донорлар әлгіндей күмәнді ойдан ада-күде. Себебі, мекеме қызметкерлері алдын ала қан тапсырудың артықшылықтары туралы кеңінен ақпарат беріп, адам денсаулығының аталмыш процеске дайындығын тексереді. Трансфузиология қаламыздағы 21 медицина мекемесін қан және оның құрамындағы ком­поненттерімен (плазма, тромбоцит және эротроцит концентраты) қамтамасыз етіп отырады. Кез келген уақытта шұғыл тапсырыс түсуі мүмкін. Сондай оқыс оқиғалардың алдын алып, науқасқа керек қанды дайындаудың түрлі сатысы бар. Ол сатыдан мен де өтпекші болдым. Бірақ, бойымды алғашында бір қорқыныш билегенін несіне жасырайын. Денеміздегі тіршілік қуатын басқаға беру үшін де батылдық керектігін сезіндім. Осы үрейдің әсері ме, оның үстіне аздап тұмауратып жүргеннен кейін бе, донор болуға деген ниетім жүзеге аспай қалды. «Адамның адамшылығы істі қалай бастағанынан көрінеді…» дейді ғой хакім Абай. Денсаулығым жақсарғаннан кейін, еркімнен тыс орын алған қорқынышты жеңіп, істі аяқсыз қалдырмайтыныма сендіріп бақтым мекеме қызметкерлерін. Жымиып бас изесті. Қан орталығы қызметкерлерінен пациенттерге ерекше ықыласпен қарайтын қа­рапайым факторлардың бірнешеуін байқадым. Соның бір мысалын айта кетейін. Мекеме бас­шылығымен сөйлесіп отырған кезде, маған керекті ақпаратты беру үшін кабинетке қатардағы маманды шақырды. Дәрігердің асығыс екені көзінде тұрды. Артынша сөзінен білінді. «Мені осы жерде жарты сағат күте тұрыңыз. Жұмысымды бітіріп келейін, әйтпесе, қан тапсырушылар ренжіп қалады» дейді ол. Жайшылықта сарыла күтуді суқаным сүймейтін мінезім өзгеріп сала берді. Жұмысқа деген сүйіспеншілік осы шығар. Астыңғы қабатта қан тапсыруға келіп, анкета тол­тырып жатқандардың қа­сына барып жайғастым. Қоғамдық пікір қызықтырғаннан кейін құлақ түрдім. «Студент кезімізде сабақтан қалу үшін сан мәрте қан тапсырып көргенбіз. Түк қиындығы жоқ» дейді бірі. Екіншісі «Бауырым ауруынан құлан-таза айығып кетсе болды, қасық қаным қалғанша беруге дайынмын» деді. «Бұл жерге жұмыстан қан тапсыру үшін арнайы жіберді. Әйтпесе, үйде тыныш қана жататын едім» деп ойындағысын жасырмағандар да болды. Осылайша, әңгімеге құлақ көтеріп отырғанда мен күткен қырық бес минуттың қас-қағым сәтте өтіп кеткенін байқамай қалыппын. Дәрігер келгеннен кейін мекеменің басқа да қызметтерімен таныстырды.

Трансфузиологиялық жәрдем қысыл-таяңда қолданылады

Қан тапсырудың тағы бір тиімділігі денсаулыққа төнген қауіп-қатер дер кезінде анықталып отырады. Бірақ, қан орталығының қызметі біз ойлағандай қарапайым емес екен. Мекеме дәрігері Зәуреш Елік­байқызының айтуынша, қан тапсыру үшін алдымен донорлар тіркеуден өткізіледі. Тапсырылатын қанның жарамдылығын анықтау мақсатында лаборанттар әуелі саусақтан қан алады. Зерттеуден өткен қанның жарамдылығы мен жарамсыздығын трансфузиолог-дәрігер шешеді. Қарсы көрсетілімдер болған жағдайда донорға себеп-салдары түсіндіріліп, қажетті бағыт-бағдар беріледі. Денсаулық сақтау мекемелерін 100 пайыз сапалы қан өнімдерімен қамтамасыз ету үшін екі деңгейдегі трансфузиялық тестілеуден өтеді. Осылайша қар­балас жұмыс арасынан уақыт бөліп, бізбен әңгімелескен мекеме дәрігері қан алудың төменгі сатысынан тұтыну, пайдалану процесіне дейінгі жолдар туралы толығымен ақпарат берді. Ал, донорды жинақтау бөлімінің дәрігері Әсел Сәкенова: «Қазіргі таңда трансфузиологиялық ем – денсаулық сақтаудың бірден-бір маңызды жолы. Қан құю арқылы емдеу кейінгі кезде медицина саласында кеңінен қолданылады. Ауыр жарақаттар, қан кету, шок, улану, сәулелік зақымдалу кезінде қан және оның компоненттерін пайдалану өте тиімді. Орта салмақтағы (70 кг) адамның денесінде 5 литр мөлшерінде қан айналымы жүреді. Бұл дегеніміз дененің он үштен бір бөлігін құрайды. Төлқұжаты бар әрбір азамат өз еркі бойынша донор бола алады. Біздің орталыққа келетін адамдардың екі түрі бар: өз еркімен және ақылы түрде келіп тапсыратындар. Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, туыс-туғандарына, таныс-тамырларына жәрдемдесіп, қан беретін донорлар саны әлдеқайда  көп. Ақылы қан тапсырушылар да аз емес. Өз еркімен донор атанушыларға 0,25 АЕК, ал ақылы донорларға қан­ның компоненттеріне, мөлшеріне байланысты әртүрлі көлемде азын-аулақ ақша төленеді» дейді Әсел.

Ерсілі-қарсылы жүрген адамдар арасынан өз бастамаларымен донор болып жатқан белсенді студенттерді көріп қатты қуандым. «Танысымның жақынына қан керек дегенді естіп, жора-жолдастарымды жинап алып келдім. Қазір денсаулығымды тексеру үстінде. Егер бәрі ойдағыдай болса, жай жүргенше бір адамға болса да көмегімді беруге дайынмын. Негізі, болашақта денсаулығым жақсы болса, тұрақты түрде қан тапсырып тұруға болады» дейді арасындағы Нұрислам деген жігіт. Қан алып жатқан бөлмеге дәрігерлер жібермеді. Себебі, вирус қан берушіге бірден жұғуы мүмкін. Ал, алынған қанды зарарлы вирус-инфекциядан оқшаулап сақтау – өз алдына күрделі процесс. Ағзадан алынған қызыл қою сұйықтықты емдік қасиетін, жоғары сапасын жоймас үшін арнайы полимерлі материалдан жасалған ыдыс – гема­конда сақтайды екен. «Қан қой­масын» көрмекке ғимараттың ас­тыңғы қабатына түсіп, қарбалас өмірмен де таныстық. Бұл жерде мекеме қызметкерлері дайын өнімдерді тиісті орындарында сақтап, тапсырыс берген медициналық орталықтарға жөнелтіп отырады. Аталмыш бө­лім­нің қызметкері Алтыншаш Қаппарова: «Емханалардан келіп түскен тапсырыстарды қабылдап, дер кезінде өнімдерді жіберу – біздің міндетіміз. Жоспарлы түрде және кезектен тыс тәуліктің кез келген мерзімінде шұғыл тапсырыстар болады. Біз 13 қалалық, 6 республикалық, 2 ведомствалық денсаулық сақтау мекемесіне қызмет көрсетеміз. Донорлық материалды тасымалдауға бірнеше көлік пайдаланылады» дейді.

Р.S. Хош. Күн сайын қаншама қан алмасып, жарық дүниеден қара үзіп қала жаздаған қаншама жүрек атқақтап қайта соғады. Біз түнді алаңсыз ұйқымен өткізіп жүргенде, бұл мекеме қызметкерлері біреудің өміріне алаңдаулы. Ғимарат шамы бір сәтке болса да сөнген емес.

«Жарығың сөнбесін!» деген жақсы тілек қой. Жаны қы­сылған біреуге жөпелдемеде дем беріп, тіршілігін тоқтатпау үшін қарекет қып жатқан Трансфузиология ғылымиөндірістік орталығынан шығып бара жатып тіл ұшына келген сөз ләмі осы болды.

Бағлан ОРАЗАЛЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button