Жаңалықтар

ҚАН МАЙДАННЫҢ АЙҒАҒЫ

Шежіреші

Елден жырақта, майдан даласында жауынгерлер оқ пен оттың ортасында жүріп, қаншама қиын күндерді бастан өткерді. Олардың жазған естеліктері, айтқан әсерлі әңгімелерінің бәрі – артында қалған ұрпақтарына құнды дүние. Он тоғыз жасында соғысқа аттанып, Польшаның Гдыня қаласын азат етуге қатысқанда ерлік көрсеткен майдангер, кеудесі шежіреге толы Қазиқан Ысқақұлының естеліктерін редакциямызға қызы Алтын Қазиқанқызы Жұмағұлова алып келді. Соғыс қияметі қолына қалам алдырған ардагердің жазбасын ықшамдап, үзінділерін оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

* * *

1945 жылдың ақпан айы. Солдаттарды тиеген эшелон Шығыс Пруссияны бетке алып жүйткіп келеді. Соғыста үш рет өлімнен аман қалып едім, енді ажалдың оғынан құтыла алар ма екенмін деп ойлап, түнімен көз ілмедім. Таң алдында вагонның тербелісімен қалжырап ұйықтап кетіппін. Түсімде әкем марқұм «Балам, сені қасыма аламын» деді. «Әке, мені қасыңызға алғанда мен жарық дүниеден не көрдім деп барам, он бір жаста сізден қалдым, әке-шешесіз ағайын-туыстардың карамағында қалдым. Үш рет жараландым, соғыстың қаншама зардабын тарттым, небір қиыншылықтарды басымнан өткердім, жақсы өмірді көргім келеді, қуанышты сезгім келеді» дегенімде әкем ойланып: «Жарайды, дегенің болсын» деп ғайып болды. Вагонның дүрсілінен оянсам, түсім екен. Атып тұрып қуанғанымнан басымдағы құлақшынымды жұлып алып, еденге бір соқтым. Соғыстан аман шығады екенмін, дұшпаннан кегімді алады екенмін деп жорыдым. Бойыма бір ерекше жігер, қайрат, күш пайда болды. Соғысқа кіргенімде гүрс-гүрс жарылған снаряд, ажал қаупін төндіріп, ысқырып өтіп жатқан оқтар да жүрегімді сескендіре алмады.

* * *

Жайшылықта көрініп тұратын қала қап-қара түтінге оранып көрінбей кетті. Біздің рота алға ұмтылып, Гдыняға 5-6 шақырым шамасында орналасқан Рабочая поселкасын штурммен алдық. Беті қайтқан немістер аса қарсылық көрсетпей, 20 шақтысы қолдарын көтеріп тұтқынға берілді. Қалғандары кейін шегініп, қала маңындағы шепке орналасты.
Бізге көмекке артполктың бір батареясы келіп, поселоктың он қанатындағы қырдың үстіне орналасып қаланы «прямой наводкамен» атуға дайындалды. Мен тұтқынға түскен немістерді зеңбіректерге снаряд тасытуға бұйрық алдым. Снарядтар 400 метр төменде еді. Зеңбіректер қаланы төпелей бастады. Бірінші зеңбіректің панорамасында үңілген көзі ғана көрінетін, үсті-басы шаң басқан, бір қара жігітке көзім түсті. Тегі қазақ боларсың деп ойладым. Ол кезде аты қазақстандық орысқа кездессек те «земляк», «жерлес» деп құшақ жайып амандасатын едік. Елді сағынғаным сонша, қасына барып, құшақтап амандасайын деп ойладым. Ол зеңбіректен дұшпанға ажал оғын жаудырып, алдағы жаяу әскерге жол ашып жатыр. Оны бір минут зеңбіректен ажыратуға болмайды. Әскери соғыс тәртібін бұзуға болмайтындықтан, жақындай алмадым. Бірнеше күнгі кескілескен ұрыстан кейін Гдыня қаласын алдық. Бізге 27-дивизия деген атақ берілді.
Қысқа мерзімді демалыс алдық. Бірнеше жауынгерлерді штаб дивизиясына шақыртып, істеген ерліктеріне қарай марапаттады. Маған 3-дәрежелі «Даңқ» орденін берді. Дивизияның саяси бөлімінің бастығы қолыма партбилет ұстатып: «Жолдас Искаков, партбилетіңді көзіңнің қарашығындай сақта. Бұл билет – сенің Отан соғысында төккен қан мен теріңнің істеген ерлігіңнің, қан майданда сыналған Отанымыздың ержүрек жауынгері екеніңнің айғағы» деді.

* * *

Соғыс бітіп, елге оралдым. «Жолымбет» руднигінде тұрамын. Еңбекке араластым. Отбасын құрып, балалы-шағалы болдым. Бірақ соғыста көрген ауыртпашылық денсаулығыма әсер етіп, ІІ топтағы Отан соғысының мүгедегі болдым. Бірде ауруханада жанымда жерлесім Азнаш Қимешов деген жігіт жатты. Әңгіме барысында Гдыня түбінде зеңбіректің панорамасына жабысқан үсті-басы шаң басқан, көзі ғана жылтыраған бір қара жігітке көзім түсті дей бергенімде Азнаш: «Ол мен едім, қырдың басындағы зеңбіректің наводчигімін», – деді. Егер сол кезде бір-бірімізді танып, амандассақ, құшағымыз ашылмаған күйі қарысып қалар едік.
Сол Қимешов Азнаш – соғыстың басынан аяғына дейін болған, 2-дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған, 2-Беларусь фронтының командирі Рокоссовскийдің берген мақтау грамотасын алған жауынгер. Елге оралған соң қажырлы еңбек етіп, тың және тыңайған жерлерді игеруге белсене қатысып, 1957 жылы Москвада ВДНХ ауылшаруашылық көрмесіне қатысқан. Ерейментау ауданының «Новомарковка» совхозының тұрғыны, 1969 жылы дүниеден өтті.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button