Басты ақпарат

Қан қақсатқан қаржы пирамидасы

Жақында қаржы пирамидасы алаяқтарына алданып, 20 миллион теңге­сінен айырылған бір әйел көшенің қақ ортасында өзін-өзі өртеп жіберді. Оған себеп – оңай олжаға кенелуді көздейтіндердің жымысқы әрекеті. Жасыратыны жоқ, бүгінде заман ағымына қарай түлкі болып шалатын зымиян залымдар көбейіп барады. Тіпті олар мың құбылып, жүз түрленіп, маркетингтің сан түрін де меңгеріп алған. Ол аз десеңіз, оларға елімізге танымал өнер адамдары да қол ұшын созып, осы қаржы пирамидасының сойылын соғып, ыңғайына жығылып, жарнамалап жүр. Бұл да халықтың алдануына «үлес» қосатыны сөзсіз. Біз осы тұрғыда бірнеше адамның пікірін білгенді жөн көрдік.

[smartslider3 slider=2775]

Есберген АЛАУХАНОВ, Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, халықаралық заңгер-адвокат:

– Айтса айтқандай, кейінгі кезде елімізде қаржы пирамидалары көбейіп жатыр. Оны әртүрлі бағдарлама бойынша алаяқтар ұйымдастыруда. Қаржы пирамидалары алаяқтары – көбіне шетелден шыққан адамдар. Мәселен, Еуропа мен Ресейде отырып осындай әртүрлі бағдарламаны ұйымдастырады да, Қазақстаннан адамдар табады. Сөйтіп бар «жұмысты» өзіміздің қазақтарға істетіп қояды. Бір-бірін алдауға, алаяқтыққа үйретіп жатыр. Бұл бірінші жағдай емес. Міне, осындай дағдарыс кезеңінде көп адам алданып жатыр. Ал енді өзінің бар тапқан дүниесін қаржы пирамидасына салып, тез арада жақсы пайда табамын деген оймен алданып қалған шығар. Бәлкім, ол үлкен несие алған шығар немесе жалғыз үйін кепілдікке қойған шығар. Сондай кезеңде амалының жоғынан адамдар өз-өздеріне қол салады. Әрине, бұл одан шығатын жол емес. Бұл ислам діні бойынша да, заң тұрғысынан алғанда да дұрыс емес. Бірақ кейбір адамдар амалдың жоғынан осындай әрекетке барып отыр. Өкінішті… Біздің елде әлі де ­идео­логия­лық жұмыстар өте төмен дәрежеде. Осыған халық болып және жаңадан құрылып жатқан Қоғамдық кеңестер бар – бәріміз бірігіп, халық арасында жүргенде осы жөнінде көбірек айтсақ дұрыс болар еді. Әрине, мұндай келеңсіздікке жолыққан адам қолындағы барын жоғалтқан соң, тығырыққа тірелетіні рас. Бірақ суицидке бару мәселені шешпейді.

Ирак ЕЛЕКЕЕВ, мемлекет және қоғам қайраткері, Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық кеңесінің  мүшесі:

– Аға тергеуші Ерлан Асанов­пен, іздестіруді ұйымдастырып жатқан Әбдуәлі Мінайдаровпен бірге осы істі талқыға салған болатынбыз. Бұл жердегі ең үлкен мәселе – әлгі вайнерлердің не блогерлердің пирамиданы ұйымдастырушылармен қарым-­қатынасы қандай – соны анықтап алу керек. Егер олар ақшалай пайда көрген болса, онда қылмысқа тартуға болады.

Алданған адамдар көп. «Вайнер­лерге көп сендік. Себебі олар – танымал адамдар. Өздерінің қаражатын салған соң, біз де осыған салайық деп сенген едік» деп жатыр адамдар. 20 миллион теңге деген – көп ақша. Бірақ оған бола өміріңді қиюға болмайды. Әлгі келіншектің жолдасы да білетін шығар, ол да сұраған шығар ақшаны қайда жібердің деп, әртүрлі жағдай болған шығар, бірақ адамның өмірінен артық не бар?! Ондай қадамға бармауы керек еді, қазір қарындасымыз қиналып жатыр.

Осындай қаржы пирамидалары туралы халыққа алдын ала мәлімет берген дұрыс па дегенге келсек, кейде бірден анықтау қиын. Бәлкім, бұл пирамида емес, біреудің бизнесі болуы мүмкін. Сайып келгенде, осының бәрі сауатсыздықтан шығады. Бізде не көп – экономист көп, заңгер көп дейміз. Бірақ сауатты экономистердің, сауатты заңгерлердің аз екені осындайда көрінеді.

Зұлпыхар ҒАЙЫПОВ, Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы, саяси ғылымдар докторы:

– Ақпан айында ІІМ тергеу департаментінің бастығы ­Санжар Әділов брифинг өткізді. Сонда ол еліміз бойынша қаржы пирамидаларының құрбаны болған 31 мың адам тіркелгенін айтты. Біріншіден, көбінің қаржылық-инвестициялық сауаты өте төмен. Алаяқтар «ақшаларыңызды 100 пайыз қайтарып береміз» деп айтып, сендіреді. «Amanat» партиясының жанынан ба, бәлкім, Қоғамдық кеңестердің жанынан ба халықтың қаржылық сауатын ашатын үгіт-насихат топтары құрылса екен деймін. Қоғам тарапынан да атсалысуымыз керек. Тегін ештеңе жоқ.

Қаржы пирамидасын құрғандарды қылмыстық жауапқа тарту керек. Танымал әртістер, халыққа сүйкімі бар абыройлы азаматтар жарнамалап жатады. Халық та бала сияқты сеніп қалып, опық жеп қалады. Қаржы пирамидаларын жарнамалағандарды да жазалау қажет. Сонда ғана олар ойланады. Тағы да қайталап айтамын, бес минуттық жарнама арқылы қыруар пайдаға кенелемін деген адамдардың қаржылық сауатын ашқанымыз жөн. Мемлекеттік емес ұйымдар көп, БАҚ бар, адвокаттар бар, тіпті банк өкілдерін де тартып, халықтың қаржылық-инвестициялық сауатын ашуға атсалысу қажет. Қаржы пирамидаларына емес, банктегі депозиттен де пайда көруге болатынын түсіндірген жөн.

Жандар БОЛАТБЕК, Нұр-Сұлтан қаласы ПД тергеу басқармасының тергеушісі, полиция майоры:

– Қаржы пирамидасы туралы айтқанда, ең бірінші, кінәнің басы адамдардың өздерінде жатады. Біреуіне ақшасын салып, шығара алмай қалған соң екіншісінен шығарып аламын ба деген оймен оған да қомақты ақша салып, опық жеп жатады. Бұл жердегі негізгі ойы – оңай жолмен ақша табу. Ұйымдастырушылар да небір иненің көзінен өткендей сырғып тұрған жандар. Өздері сөзге шешен, психолог, іш-бауырыңа кіріп кетіп: «Не қылған қараңғы адамсыңдар! Жұрттың бәрі осындай жолмен ақша тауып, тұрмысын түзеп, жағдайын жасап алып жатыр. Талпынбайсыңдар ма жақсы адамша өмір сүруге…» деп зуылдатқанда, алдында тұрған адамның өзі «осы мен, шынында да, қорқақпын ба, неге тәуекел жасамаймын?» деп қалай кіріп кеткенін байқамай қалады.

Қазір жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр. Міне, сонда осы қаржы пирамидасын жарнамалағандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту қарас­тырылған.

Нұр-Сұлтан қаласында да 2019 жылдан бері «Нұр-авто» деген қаржы пирамидасы тергеліп жатыр. Олар 300-ге жуық адамнан 4,5 миллиардқа жуық қаражат жинаған. Тіпті ішінде бір адам бір өзі 780 миллион теңге салыпты. Ол қайдан келген ақша?

Алдаудың амалы көп. Ұйым­дастырушылар бастапқыда «Колесодан» өздері автокөлік сатып алып, клиенттеріне беріп отырған. Сосын олар мұны ағайын-туғандарына, таныстарына жарнамалап, олар тағы басқаларға таратып, аса қомақты қаржы жиналған кезде ұйымдастырушылар шетелге қашып кеткен. Қазір осы қылмысқа қатысты 8 адам күдікке ілініп, олардың бесеуі қамалды. Үшеуіне халықаралық іздеу жарияланды. Тергеу одан әрі жүріп жатыр.

Бұл ауыр қылмыстар санатына жатады. Енді осыны ұйым­дастырған адамдарды аса ауыр қылмыстар санатына жатқызып, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру керек деп ойлаймын. Сонша адамның көз жасына қалу осындай жазаға лайық. Әрі жаза ауыр болса, олар ойлануы мүмкін. Сол жазадан құтылмау жолдарын бізге қарастыру керек. Қара ниеттілер ЖШС, ЖК сияқты шағын бизнес ат­тарын жамы­лып, арам ойларын жүзеге асырып жатады. Ең бір қиыны, алданған адамдардың ақшасы қайтарылмайды. ­Өйткені ұйым­дастырушылардың түп мақсаты – осындай арам жолмен қомақты ақша табу болған соң, олар ешуақытта дүние-мүлікті, қаражатты өз атына жазбайды. Ұсталғанда оларда түк те жоқ болып шығады. Мұның түбі өте терең. Мұны бізге жіліктеп, түсіндіріп беретін қаржылық тұрғыдан сауатты мамандар қажет. Себебі осы қаржы пирамидаларын ұйымдастырып отыр­ғандар – қаржылық жағынан өте сауатты адамдар. Сондықтан заңды күшейтіп, олармен жүйелі түрде күресу қажет.

Қаламқас ҚАНАПИЕВА, психолог:

– Бұл – адамның санасына біртіндеп әсер ететін есірткі сияқты нәрсе. Қаржы пирамидасымен айналысатын адамдардың көбі белгілі бір дәрежеде психолог болып келеді. Ең әуелі осы іске өзінің жақын туысын, ағайынын тартады. Сөйтіп, оларды еліктіреді. «Үш, бес, он есе пайда табасың» деп құлағына құйып, санасын у­лайды. Тезірек қармағына түсіріп, сендіру үшін, расында да, оларға айтқан пайдасын көрсетеді. 100 мың теңгесі әп сәтте бір миллион болып шыға келген адам сол бір миллионын қайта салып, бес миллион етіп алғысы келеді. Ойда жоқта батпан құйрыққа тап болған ол жетістігін айналасына жариялап, ағайын-бауырын тарта бастайды. Сөйтіп, 10 адам – 20 адам, 20 адам – 40 адам болып кете береді…

Расы керек, қаржы пирамидасының қағидасы бойынша алғашқы лекте басында тұрған 10, 20, 30 адам орасан зор пайдаға кенелуі мүмкін. Кейін қалғандары біртіндеп зардап шеге бастайды. Өйткені үнемі қатысушылардың санын арттырып, пайданы да ұлғайтып отыру мүмкін болмай қалады. Көптеген қаржы пирамидаларының ғұмыры – 1,5-2 жылдан аспайды. Одан кейін күйреу басталады. Бұл – өте ауыр процесс. Адамдар бар жиған-тергенінен айырылып, күйзеліске ұшырайды. Отбасының берекесі кетеді. Міне, осы кезде көп адам психолог көмегіне жүгініп жатады.

Маған да мұндай зардап шеккен адамдар келіп, ақыл-кеңес сұраған кездер болды. Біріншіден, айтарым, ақша оп-оңай келе қалмайды. Қазақ «тегіннің дәмі татымас» деген ғой. Екіншіден, сондай жағдайға білместіктен тап болып қалдыңыз екен, сабыр сақтаңыз. Ақша адам өмірінен қымбат емес. Сіз өзіңізді-өзіңіз кінәлап, мүжіп, таусылғанмен, ештеңе шықпайды. Құр босқа денсаулығыңызды құртасыз. Одан да осы қиындықтан шығудың жолын ойлаңыз. Қаржылық және құқықтық сауатыңызды арттырыңыз. Барға қанағат етіп үйреніңіз. Ақшаны тек адал маңдай термен, өз еңбегіңізбен тауып үйреніңіз. Біреудің «он мың теңгеңізді әп сәтте жиыр­ма мың теңге етіп беремін» деген сөзіне ешқашан сенбеңіз. Сонда жүйкеңіз де сау, ұйқыңыз да тыныш болады.

Өмір көрсетіп отырғандай, қаржы пирамидасының құрығына көбіне жиырма бес пен қырық жастың арасындағы қыз-келіншектер ілігіп қалып жатады. Бұл енді «бірді екі етсем» деген көбіне әйелге тән психология. Міне, осы жастағы айымдар бұл кеселден мейлінше сақ болса екен деген тілек бар.

P.S:Оңай олжаға елітіп, опық жейтіндерге байланысты алуан пікір айтылды. Байқап қарасақ, бәрі де адамның өзіне, қанағатына, сабырына байланысты дегенге саяды. Алаяқтарға бүгін алданып, «қыруар ақшамнан айырылдым» деп зар еңіреп заң орындарына жүгініп жүрген кейбір адамдар келесі бір қаржы пирамидасына ақшасын салатынын естігенде, қазақтың «ашыққаннан құныққан жаман» деген мәтелі еріксіз еске оралады.

Түрлі құйтырқы әдістерге баратын қаржы пирамидасы алаяқтарының әрекеті кейінгі кезде елімізде қауіпті қоғамдық дертке айналып барады. Мұнымен заңды күшейте отырып, құзырлы органдар бел шеше күресуі керек-ақ.

 

 

 

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button