ҚұқықСұхбат

Қанат ИМАНАЛИЕВ: Әр істің артында адам тағдыры тұрады

Қылмыспен табысты күресетін елдердің тәжірибесін зерделесек, олар үлкен қылмыс ұсақ әдепсіздіктен, біреудің құқын бұзып, дөрекілік көрсетуден басталатынын түсінген және ондай адамдарға берілетін жаза да қатаң. Мысалы, Германияда біреуге тіл тигізсең, айыппұлды былай қойғанда, бас бостандығыңнан айрылып қалуың да ғажап емес. Біздің елдің санасына да әдепсіздікке мүлдем төзбеу қағидаты біртіндеп сіңіп келеді. Елордада жиі тіркелетін әкімшілік құқық бұзушылықтар жөнінде Астана қаласы Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы міндетін атқарушы Қанат Иманалиев әңгімелейді.

017

– Қанат Серікұлы, қаланың әкімшілік соты неге «мамандандырылған ауданаралық» деп аталған?
– Елімізде бұрын жалпы соттар болды. Яғни, соттың бәрі азаматтық істерді болсын, әкімшілік, қылмыстық істерді болсын, талғамай қарай беретін. Кейін сот жүйесін оңтайландыру, жұртшылықтың уақытын үнемдеу, сот төрелігін барынша қолжетімді ету мақсатында экономикалық және әкімшілік істер бөлек қарала бастады. Осылайша Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2002 жылдың 9 ақпанында Астана қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты құрылды. Қаладағы әкімшілік істермен айналысатын жалғыз сот осы. Үш ауданда болған жол-көлік оқиғасы, қоғамдық тәртіпті бұзу, қоқыс тастау, көші-қон заңнамасын бұзу секілді істің бәрі осында қаралады. «Ауданаралық» дейтіні де сондықтан. Мысалы, биылғы жылдың алғашқы жарты жылдығында Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына 16271 әкімшілік іс келіп түсті. Бұл былтырғы осы уақытпен салыстырғанда 393 іске немесе 2,4 пайызға көп.
– Соның ішінде әкімшілік құқық бұзушылықтың қай түрі көбірек кездеседі?
– Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына келіп түсетін әкімшілік істердің 70-80 пайызы – жол-көлік оқиғасына қатысты. Екіншісі – көші-қон заңнамасын бұзу. Қысқасы, жол инспекторлары, кеденшілер, салық, көші-қон полициялары сынды барлығы 50-ден астам өкілетті орган қызметкерлері әртүрлі әкімшілік істерді қозғап, оның төрелігін айтуға бізге жолдайды. Олардың ішінде айналасын ластап, көрінген жерге қоқыс лақтырып кететіндерге қатысты іс көп. Жеке бір адамның арызымен қозғалатын істер де көбейіп жатыр. Мұның себебін тек тиісті орган қызметкерлері ғана емес, қарапайым тұрғындар арасында да ұсақ бұзақылыққа бей-жай қарай алмайтын адамдардың көбеюімен түсіндіруге болады.
– Күніне қанша әкімшілік істі қарайсыздар?
– Судьялар орта есеппен айына 246 істі қарайды. Ал жылына бір судьяға шамамен 1600 істен келеді. Мұндай жүктемеге қарамастан барлық іс уақытында қаралады.
– Дегенмен де судьялардың және сот төрелігіне жүгінген жұртшылықтың уақытын үнемдеу мақсатында жүйені әлі де оңтайландыра түсу керек сияқты. Мысалы, жол-көлік оқиғасына қатысты болған істерде көбіне екі тарап өзара келісіп келеді. Автокөлікті сақтандырған компаниядан қаржы өндіріп алу үшін ғана көпшілік сотқа жүгінуге мәжбүр. Ал соттың істі қарау уақытын белгілеу, қаулыны күту, көлік куәлігін беру секілді процестерге аз уақыт кетпейді…
– Иә, дұрыс айтасыз. Әкімшілік құқық бұзушылықтың ішінде жол жүру ережесін бұзуға қатысты болған істің 90 пайызында екі тарап өзара келісіммен келеді. Ал дау болмаған жерде судьяның қажеті де шамалы. Дамыған елдерде жағдай басқашалау. Кейбір мемлекеттерде әкімшілік істерді «ұсақ істер» деп қарайды. Оны қараудың жолы анағұрлым жеңілдетілген. Жол-көлік оқиғасы бола қалса, сақтандыру агентін шақыртумен шектеледі. Ал бізде көлік апатына тап болғандар сақтандыру компаниясынан қаражат өндіргісі келсе, алдымен бірнеше сағат жол инспекторын күтеді, ол хаттама толтырып, істі әкімшілік сотқа жібергенше бірталай уақыт өтеді. Судьяның қаулысынан кейін ғана сақтандыру компаниясы жәбірленуші жақтың шығынын өтеуге кіріседі. Бұған қоса, жүргізуші куәлігін айыру, айыппұл салу керек болса да сот шешімі керек. Осы мәселені заңды тұрғыдан тағы да қарап, оңтайландыру керек.
– Ал көлігі сақтандырылмаған кінәлі жақтан жәбірленуші қандай жолмен шығынын өндіре алады?
– Ондай жағдайда әкімшілік соттың қаулысын алып, өзіңіз қарайтын ауданның азаматтық істерді қарайтын сотына арыздану керек. Сот төрелігіне сәйкес, сот орындаушылары әлгі кінәлі азаматтың айлығынан ұстау секілді шаралар қолданып, кінәлі жақтан шығынды өтеп береді. Ал үшінші жолы – екі тарап өзара шығын қаражатына келісіп, мәселені шешу.
– Елімізде судьялар ҚР Президентінің Жарлығымен тағайындалады. Демек, бұл – мәртебелі мамандық. Жалпы, судья болудың қиындығы неде?
– Судья болу – мәртебе ғана емес, үлкен жауапкершілік. Осы атқа лайық болу үшін біліктілік пен мол тәжірибе ғана жеткіліксіз. Судья қара қылды қақ жаратын әділ, ішкі жан дүниесі таза, ар-намысын жоғары қоятын адам болу керек. Ақты – ақ, қараны – қара деген сот қана өз мәртебесіне лайық. Негізі, жұртшылық судьяның жұмысы істі қарап, шешім шығарумен шектеледі деп ойлайды. Шынтуайтында, олай емес. Келіп түскен істі бастан-аяқ қарап, оның бәрін қағазға түсіреміз. Тіпті күні бойы қағаздан бас алмайтын кездеріміз болады. Мысалы, күні кеше мен 38 істі қарадым. Оның бәрін бастан-аяқ зерттеу, әділ шешім шығару – оңай емес. Өйткені әр істің артында адам тағдыры тұр. Оны әсте естен шығаруға болмайды. Демалыс күндері де қағазбен отыратын күндеріміз баршылық. Бірақ жүрегің қалаған кәсіптің қандай қиындығына да шыдайтының анық.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button