Қанат ӨКСІКБАЕВ, Jоо.kz жобасының авторы: Талапкерлердің тегін білім алуына көмектесеміз
Көктем келе салысымен мектеп бітірушілер болашақ мамандықтары мен оқу орындары жайлы жан-жақтан ақпарат іздеп, қамдана бастайтыны белгілі. Алайда мұндай мәліметтердің бәрін бір жерден табу қиын: әр жылда бөлінген гранттар тізімі, оларға түсудің шектік балы, ЖОО орналасқан қалалар секілді деректерді талапкерлер алуан түрлі сайттар мен газет беттерін ақтарып отырып іздеуге мәжбүр. Осы мәселені ескерген Қанат Өксікбаев жақында Joo.kz атты жобаны жасап шығарды. Әңгіме барысында ол бізге аталған стартаптың ерекшелігі мен мақсатын айтып берді.
Идея қалай туды?
2017 жылы бір досыммен кездескен едім. Көңіл күйі түсіп кеткен. Мән-жайды білсем, қарындасы оқу бітіріп, ҰБТ-дан 68 балл алыпты. Уайымы – грантқа үміт жоқ, ал ақылы түрде оқытуға қалталары көтермейді.
Сосын екеуміз интернеттен грантқа қатысты ақпарат іздеуге кірістік. Ақырында барлық мүмкіншіліктерді асықпай саралап, грантқа ілігу ықтималдығы ең жоғары төрт мамандыққа құжат тапсырдық. Нәтижесінде әлгі қарындасымыз үшінші таңдаған мамандығы бойынша мемлекеттік грант иегері атанды. Әке-шешесінің қуанышында шек жоқ.
Осы жағдайдан соң талапкерлерге ЖОО мен мамандықтар жайлы толыққанды мәлімет беретін, сондай-ақ олардың ҰБТ-да жинаған балы бойынша грант иелену мүмкіндіктерін саралап беретін портал ашуды ойластырдым.
Портал қандай мәліметті ұсынады?
Joo.kz порталында отандық ЖОО, олардағы оқу ақысының жылдық орташа мөлшері, жатақханасы және әскери кафедрасының бар-жоқтығы, студенттерінің саны, әр мамандықтың қай жерде оқытылатыны және оларға түсу үшін қажетті таңдау пәні тәрізді мәлімет жан-жақты көрсетілген. Әдетте, талапкерлер тарапынан «IT саласын оқытатын қандай университеттер бар?» немесе «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін таңдасам, қандай мамандықтарға түсе алам?» деген сықылды сұрақтарды көп естиміз. Порталдың жоғарыдағыдай бөлімдері осының бәріне жауап береді.
Мұнымен қоса, сайт Big Data сияқты заманауи технологияларды қолдана отырып, 2014 жылдан бергі ҰБТ-ға қатысты барлық статистика бойынша сараптама жасауға қауқарлы. Яғни талапкер өзінің жинаған балы мен таңдау пәнін енгізу арқылы қандай университеттің қандай мамандығына түсу ықтималдығы жоғары екенін анықтай алады.
Анализ 90 пайыз дәлдікті көрсетті
Портал freemium бизнес моделі бойынша жұмыс істейді. Бұл термин ағылшынның «free» («тегін») және «premium» («жоғары сапалы») деген сөздерінің қосындысынан шыққан. Талапкерлер порталдың біраз қызметін тегін пайдалана алады, ал өздерінің қандай мамандықтарға түсуге мүмкіндігі барын білгісі келіп, жеке сараптама жасатам десе, бұл қызмет ақылы. Әр баланың бір жылдың орташа чегі шамамен 5 мың теңгенің айналасында шығады. Төрт жыл бойы грант бөлімінде білім алуының арқасында жеткіншек қанша қаржысын үнемдейтінін ескерсек, бұл – өте арзан сома. Әдетте, жыл сайын талапкерлерді «оқуға түсіріп беруге уәде беретін» алаяқтардың саудасы қызады, мұның да басты себебі – мектеп түлектеріне арналған ақпаратты түгелімен бір жерге жинақтайтын сенімді дереккөздің жоқтығынан.
Біз жыл сайын қолда бар 2014 жылдан бергі мәліметті пайдаланып, болжам жасаймыз. Грант тізімі шыққаннан кейін салыстырсақ, әлгі болжамдарымыздың шамамен 90 пайызы дәл келеді.
Он күнде – 1353 сұраныс
Былтырғы және алдыңғы жылы біз осы жобамыздың қаншалықты сұранысқа ие болатынын тексермек мақсатында порталдың автоматтандырылған нұсқасын жасадық. Сайт әлі толық жасалып бітпесе де, жан-жақтан ағылған сұрақтарға көміліп қалдық. Мысалы, 2018 жылы он күннің ішінде түлектерден 1353 өтініш келіп түсті. Демек, бұл – қазақстандық мектеп бітірушілері шынымен де біз ұсынатын ақпаратқа зәру деген сөз. Бұлардан бөлек, әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларымызға да дамыл жоқ. Талапкерлер көбінесе болашақ мамандықтарына түсудің шектік балын, таңдаған пәндеріне сәйкес келетін мамандықтар тізімін, белгілі бір мамандықты оқып бітірген соң қандай жерлерде жұмыс істей алатынын сұрайды. Сондай-ақ, «Журналистикаға түсу үшін шығармашылық емтиханда не істеуім керек?», «Тілді тезірек меңгеру үшін қандай кеңес бересіздер?», «Мамандық таңдауда қателесу деген үрейден қалай арылуға болады?» деген тәрізді арнайы маманның жауабын қажет ететін сұрақтар да түседі.
Мен биылғы талапкер едім.Қазақ т ,қазақ әдебиет пәнін таңдап 68ұпай алдм,Серпінге іліге аламнба?