Мәдениет

«Қанаттанып қайттық»

76bcca50ef61cf31eb1b745f1d8d2fba

Елордалық Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театрының ұжымы Алматыдан гастрольдік сапардан оралды. Осыған орай аталған театрдың директоры, белгілі  режиссер Болат Ұзақовпен кездесіп, сапар жайлы бір-екі ауыз пікір сұраған едік…

Қазақ руханиятының киелі ордасы саналған шаһарға қандай репертуар алып бардыңыздар?

– Қандай өнер ұжымы болмасын, ақ бас Алатаудың етегіндегі көркем қала – Алматыға барып, өз өнерлерін көрсетуге құштар болып тұрады.  Қанша дегенмен ұзақ жылдар бойы өнер мен мәдениеттің ордасы саналып, зиялылықтың туы тігілген киелі жер ғой. Сондықтан біз де осындай талабы жоғары ортаға бара жатқандықтан театрдың көркемдік кеңесімен ақылдасып, елорда жұртшылығы жылы қабылдаған сегіз спектакльді алып баруды ұйғардық. Бүгінде біздің театрда төрт режиссер жұмыс істейді. Оған солардың қолтаңбасы анық бедерленген шығармалар енді. Соның ішінде Жеңістің жетпіс жылдығына арнап, көзі тірісінде өз даралығымен өшпестей көркемдеп кеткен режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтың «Ана – Жер – Ана»  спектаклін кіргіздік.  Одан кейін Қазақ хандығының 550 жылдығына орай жазушы Думан Рамазанның «Кенесары – Күнімжаны»  мен  драматург В.Ежовтың  белгілі режиссер Талғат Теменов қойған «Тыраулап ұшқан тырналар» секілді туындылар болды.

– Осы аталған дүниелерді Алматының ойлы көрермендері қалай қабылдады.

– Өнер сапарымыздың шымылдығын «Ана – Жер – Ана» спектаклімен аштық. Оның себебі де бар. Бұл қойылымды даңқты режиссер Әзірбайжан ағамыз Мұхтар Әуезов театрында қойған болатын. Сондықтан кезінде Сәбира Майқанова, Фарида Шәріпова ойнаған туындыны көрген өнер адамдарының дені қатысты. Олар спектакльді көріп, көздеріне жас алып, басты рольде ойнаған Гүлжан Әспетова апайымызға дән риза болды. «Баяғы Толғанайды сомдаған Сәбира апамыздың ойыны көз алдымызда қалған еді. Ал Гүлжан бұған басқа қырынан, өзінше өрнек салып, кейіпкердің жан дүниесін бір нәзік шеберлікпен аша білді» деген парасатты пікірлер айтылды. Содан соң көрермендер «Кенесары-Күнімжан» драмасының режиссерлік шешіміне, актерлардың ойынына жоғары баға берді. «Бұл қойылымды қай елге алып барса да, қазақ театрының шоқтығы биік екенін анық көрсетеді» деген сөзді театр айналысында жүрген мамандар айтып жатты. Сондай-ақ, режиссер Нұрлан Жұманиязовтың «Күн сәулесі түспеген» қойылымы да терең психологияға құрылған. Оны да жылы қабылдады. Белгілі драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ең жақсы еркек» атты комедиясы да жұртшылықтың көңілінен шықты. Гастрольдік сапардың соңын Талғат Теменовтың «Тыраулап ұшқан тырналар» спектаклімен жаптық.

– Алдағы уақытта осындай гастрольдік сапарға шығу ойларыңызда бар ма?

– Осы күзде Мәскеуге гастрольдік сапармен барамыз ба деген ойымыз бар. Ол жақтан театрға шақырту келді. Енді қаржы мәселесі ойдағыдай шешілсе болды. Ресей еліне бес-алты спектакльді апарсақ деп ұйғарып отырмыз. Негізі, бізге республика көлеміне жылына бір рет қана гастрольдік сапармен шығуға мүмкіндік берілген. Сондықтан өзіміз елордаға жақын Қарағанды, Көкшетау, Арқалық, Қостанай секілді қалаларға бір-екі күндік сапармен баруды жобалап қойдық.

– Жалпы, өнер сапары актерлардың шеберлігін ұштауға соны серпін әкелетіні рас қой

– Әрине, оған сөз жоқ. Біріншіден, осындай өнер сапарлары актерларды өсіреді, шабыт береді. Неге десеңіз, бір сахнаға үйреніп қалған олар, екінші алаңға барғанда басқаша қырынан көрініп, мүлде жаңаша ойнайды. Өйткені, ол жердің сахнасы да, көрермені де өзгеше болады. Сондықтан олар сахнада тұрып, көрерменнің ыстық ықыласын сезініп, арадағы байланысты қалыптастырады.  Көп жағдайда актерлардың тосыннан шешім қабылдайтын суырыпсалмалық өнері көбінесе гастрольдік сапарларда туады. Сондықтан, оның   берері мол.

 

Әңгімелескен:

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button