Мәдениет

«Қанаттылар» тартуы

Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Қанаттылар» инклюзивті театры сахналаған «Қызжылаған» қойылымы көрерменімен қайта қауышты. Мүмкіндігі шектеулі жандардың халықаралық күніне орай қойылған спектакльге келгендердің дені көп.

Жазушы-драматург Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесі» шығармасына негізделген қойылым Семей ядролық полигонынан жетілмей қалған қыз тағдырын көрсетеді. Бас кейіпкер – Ләйләнің бейнесі арқылы экологиялық апат салдарынан бір ғана қыздың тағдыры емес, тұтас ұлттың қасіреті сыр шертеді.

Қойылым авторының айтуынша, туындының дүниеге келуіне 1987 жылы «Невада-Семей» қозғалысына қатысты ұйымдастырылған фотокөрме себеп болды. Жазушы бас кейіпкердің прототипі – Еңліктің суретін көріп, әуелі әңгіме жазды. Одан кейін шығарма М.Әуезов атындағы драма театрында көрсетілді. Кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетовтің бастамасымен «Қыз жылаған» көркем фильмі түсірілді. Қуыршақ театрында қуыршаққа айналды. Шығарманың жалпы тарихы жиырма жылдан асады.

«Театрдың жеңісі – көрерменнің жақсы қабылдауы, қаумалап режиссерді құшақтауы, драматургке алғыс айтуы. «Қанаттылар» театры бұл жеңіске жетті. Қоғамның бір бөлшегі – мүмкіндігі шектеулі жандардың мүмкіндіктері шексіз екенін көрсете білді. Экология апаты – ұлт қасіреті. Бұл тауқыметтен Қарауылда тұратын бір ауыл әйелдері жапа шекті. «Қызжылаған» – алынбайтын қамалдың жоғын, арман-мақсатқа жетудегі ұмтылыстың, күрестің, тазалықтың символы» деді қаламгер Р.Мұқанова.

Спектакльдің қоюшы режиссері Абзалбек Асхатұлы ерекше жандардың өнер көрсетуіне ешқандай кедергі болмауы керегін әрі осы жандармен жұмыс істеп, ерекше ләззат алғанын жеткізді.

– Бұл театрда автор да, режиссер де, орындаушылар да бір-бірін тапқандай. Әсіресе басты рөлдегі Малика Мұхтарованың сомдаған бейнесі өзінің тағдырына, ішкі энергетикасына, жан тебіренісіне жазылғандай.

Спектакльдің негізгі айтпағы – тәннің, жанның емес, сананың мүгедектігі. Жасыратыны жоқ, жастар санасының өзі гаджетке байланған. Жаныңдағы жандарға назар аудармайтын қоғамға әрбіріміздің негізгі құндылығымыз адамдармен қарым-қатынас екенін көпшілікке жеткізгіміз келді, – деді режиссер.

«Қанаттылар» – Орталық Азияда баламасы жоқ тұңғыш инклюзивті театр. Құрамында 30-ға тарта ерекше жан бар ұжымның ендігі мақсаты – халықаралық және республикалық деңгейде «Қызжылағанды» дүйім жұртқа паш ету.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button