Басты ақпаратРуханият

Қанаттың «Қолтаңбасын» көріңіздер

Елордада Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен әнші, актер, ақын, драматург Қанат Жүнісовтің шығармаларының он күндігі «Қолтаңба» атауымен өтіп жатыр. Өнер иесі биыл аса көрнекті мемлекет қайраткері, ардақты ақын, жазушы-драматург, халық композиторы Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығына «Сәкен» фильм-концертін тарту етті. Он күндік Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен мен қалалық мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов тамашалаған осы туындының тұсаукесерімен ашылды.

Фильм-концерттің сценарий авторы әрі режиссері – Қанат Жүнісов. Операторы және монтажын жасаған – Наршын Өрлеу. Туынды түсірілімі биылғы көктемде басталып, күз келгенше жалғасты. Онда жанр талаптарына сәйкес көркем және деректі фильмдер, театр элементтері астасып, музыка басты орынға шығарылды. Тарихи тұлғаның өмірі, ондағы шуақты кезеңдер, «тар жол, тайғақ кешкен» тағдыры суреттелетін туындыда өлеңдері оқылып, оның әндері мен оған арналған әндер берілетін бейнекөрініске сай шырқалады. Атап айтқанда, «Тау ішінде», «Біздің жақта», «Көкшетау», «Ақсақ киік», композитор Мұратхан Егінбаевтың «Үш арыс», т.б. туындылар жеке дауыста және көпшілік орындауда әуелейді. Фильм-концертке актер, композитор Олжас Жақыпбек арнайы музыка да жазды.

Сәкен Сейфуллиннің ұлғайған шағын Қанат Жүнісовтің өзі, ал жастық шағын Біржан Жүнісов сомдайды. Сәкенмен үзеңгілес Ілияс Жансүгіров (әнші, актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Құмарбек Қалқатай) және Бейімбет Майлин (Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрының әртісі Айбол Шәкіржанов) бейнелері де көрінеді. Сәкеннің музасын Саида Сағынова ойнайды. Түсірілім негізінен Сәкен жырлап, әнге қосқан сұлу Көкше жерінде, табиғат аясында өтті. Әндерді Қанат Жүнісов, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының әртістері Әнуарбек Бектас, Ақжан Құрмашева, Жасұлан Ерболат, Зәмзагүл Смағұлова салды. Хормен орындауға Абзал Ақтемір қатысты.

Он күндіктің екінші күні Қанат Жүнісовтің қаламынан туған «Сәкен» операсының концерттік қойылымы (композиторы – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Әліби Әбдінұров) ұсынылды. Драматургтің біраз пьесасы ел және Астана театрларының репертуарына енген. Кеше ­М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында «Әлия» драмасы көрсетілді. Бүгін «Жастар» театрында «Алғашқы махаббат» комедия­сы өтеді. Ертең Ұлттық ұлан ән-би ансамблінің әскери театры Халық Қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына арнап «Жеңіс жалауы» драмасын ұсынады. Сенбі күні Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрында «Алаш жолы» қойы­лымы, жексенбіде «Қанаттылар» инклюзивті театрында «Күле аласыз ба?» комедиясы беріледі. 21 қазанда Музыкалық жас көрермен театрында «Әміре» моноспектаклінің премьерасы өтеді. 22 қазанда «Жастар» театрында «Пранк махаббат» комедиясы көрсетіліп, он күндік 23 қазан күні Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында «Сәкен сұңқар» тарихи драмасымен түйінделеді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button