Мәдениет

Қанаты қатайған «Жас қанат»

Биыл жиырма жетінші мәр­те өткен «Жас қанат-2018» жас орындаушылардың респуб­ликалық байқауына Астананың атынан үш үміткер қатысса, соның екеуі мәреден озып келді. Елорданың таланттары аталмыш байқауда топ жармағанына біраз болып қалған еді, биылғы жеңіс қаланың 20 жылдық мерейтойына тамаша тарту болды.

Байқау әдеттегідей Бейбітшілік және келісім сарайында үш күн бойы дүрілдеді. Осы жолы бірінші күннен барлығы 12 әнші өнер жарысына кірісіп кетті. Алғашқы «Жас қанаттың» лауреаты, белгілі әнші Медеу Арынбаев айтқандай, жас орындаушылардың бұл додасы жылдан жылға жасарып келе жатыр. Биыл, негізінен, 16-17 жасар үміткерлер сахнада өнерлерін көрсетті. Оларға Медеу Арынбаевпен қатар «Жас қанаттан» қанаттанған Бақыт Шадаева, Нұрлан Абдуллин, Маржан Арапбаева секілді танымал әншілер, «Астана Опера» театрының дирижері Абзал Мұхитдинов, профессор Раиса Мұсақожаева, «Астана Опера» театрының бас хормейстері Ержан Дәуітов, Kazakh-TV теле­арнасының директоры Сан­дуғаш Рақымжанова және байқаудың негізін қалаушы, продюсер Мұрат Ерғалиев баға берді.


Байқаудың бірінші күні байқау үміткерлерінің толқығаны бай­қалды. Тиісті ереже бойынша алғашқы күннен-ақ ең төменгі балл жинаған үш орындаушы конкурстан шығып кетуге тиіс болды. Мұнда астаналық Диас Кәрімжанов, алматылық Аян Тасыров және петропавлдық Дәмел Ортамышева сынды қа­тысушылардың бабы немесе бағы келіспей қалып, келесі кезең – жартылай ақтық сынға тоғыз орындаушы шықты.
Жартылай ақтық сынға тағы төрт қатысушы қалып қойып, ақтық сынға жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болып танылған бес әнші ғана жі­берілді. Финалды келіп, тама­шалаған «Жас қанат-1999» бай­қауының жеңімпазы Мәдина Сәдуақасованың айтуынша, ең бас бастысы, байқаудың қазылары үнемі әділ­дікке жү­гініп, нағыз та­ланттарға жүлде береді. «Қазылар ал­қа­сында отырған адамдарда біреуге бүйрегін бұру деген жоқ. Бұл байқауда шын жүйрік қана озады» деді әнші. Финалдың алдында «Жас қанат – 2012» жеңімпазы Димаш Құдайберген қатысушыларға бей­нежолдау жолдап, сәттілік тіледі.
Қорытындысында Риза Мағзом (Орал) және Сымбат Сейілханова (Алматы) байқаудың дипломанттары атанды. Үшінші орынға тиесілі «Қола қанатты» Алтынай Әбдімомынова (Қарағанды) иеленді.
16 жасар Замира Сағадиева Көкшетау қаласында туған. Кейіннен ата-анасы Астанаға көшті. Биыл Замира елордадағы №8 орта мектептің 10 сыныбын бітірді. Осының алдында «Аялаған Астана-2014» бай­қауының финалына шық­қан. «Дауыс. Қазақстан балалары
– 2016» жобасына қатысты. Щучинск қаласында өткен Роза Бағланова атындағы рес­публикалық бай­қауда бірінші орынды иеленген. Ал «Жас қанат-2018» байқауында Замира екінші орын үшін берілетін «Күміс қанатты» жеңіп алды.
Замирадан тек тағы бір аста­налық Бақтияр Ақылбек озды. Бірінші орынды – «Алтын қа­натты» иеленген Бақтияр Оңтүс­тік Қазақстан облысы Қазы­ғұрт ауданының тумасы. Қазір Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «Эстрада өне­рі» (саксофон) факультетінің сту­денті және «Чикаго» вокалды-ас­пап­тық тобының солисі. Былтыр елордада ұйымдастырылған 1-ші республикалық универ­сите­т­а­ралық джаз-аспапты бай­қа­уына қатысып, бас жүлдені иеленді.
Бұған қоса, Астананың атынан қатысқан Бақтияр, Замира және Диас Кәрімжановқа «Астана» радиосы әндерді орындауға ротация сыйлады. Ұлттық дәстүрлерді сақтағаны үшін Нұрдәулет Қуандықұлы (Ақтөбе) «Хабар-24» телеарнасының арнайы жүлдесін иеленді. Ал Жанболат Таласбайға (Тараз) Астана қаласы Мәдениет және спорт басқармасының жүлдесі тапсырылды.
«Жас қанат-2019» байқауына қатысатын алғашқы жас орын­даушылардың есімдері де бел­гілі болды. Биыл үшінші рет ұйым­дастырылған «Арманға жеткізер бір қадам» атты «байқау ішіндегі байқауға» қатысқан Тоғжан Қали (Астана), Өркен Миров (Қарағанды) және Ақбота Құснадин (Қызылорда) келесі байқауға қатысуға жолдама алды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button