Білім

Қандай мамандықты қалайсың?

Елiмiз биыл қандай мамандарды қажет етедi? Еңбек нарығы ағымда бiрқалыпты болғанымен, индустрияландыру секто­ры­на, мұнай-химия, барлау өндiру салала­рына әлi де мамандар тапшы. Сонымен қатар былтырғы жылдың динамикасын бастаған IТ және телекоммуникация сала­сы биыл да белсендi өркендемек. Маман­дар оған қоса iшкi және сыртқы сауда са­ласына қатысты сату бөлiмiнiң жетекшiсi, тұлғаларға қызмет көрсету менеджерi, инженер, технолог, IТ-программист, веб-әзiрлеушi, аймақтық үйлестiрушiлердiң сұранысы артатынын айтуда.
Астана  қаласында «Бизнестiң жол кар­тасы-2020» бағдарламасы аясында өнер­кәсiп саласы кеңiнен қанат жайып келедi. Осыған байланысты көптеген компа­ния­лар елордада өз өкiлдiгiн ашты. Алматы қаласы экономикалық басымдыққа ие бол­ғанымен, Астана жаңа жұмыс орын­дарын ашу бойынша көш бастап тұрғаны баспасөзде кеңiнен насихатталуда. Бей­ресми деректерге сүйенсек, бас қалада бү­гiнде тәжiрибелi технологтардың жұмы­сына күн санап сұраныс көбейген.
Бiздiң айтпағымыз, биылғы жас түлек­тердiң таңдағаны қай мамандық? Нарыққа қажет кәсiптi қалай ма, әлде… Өздерiнен сұралық.

Олжас Қасымжанов,
№54 лицейдің оқушысы:

– Мен Қар­жы полициясы академиясының кеден iсi мамандығына түскiм келген. Алайда оған түсу өте қиын екенiн бiлемiн. Ертең грантқа iлiне алмай қалсам, қайтем деген ой мазалады. Сондықтан таңдау пәнiмдi физикаға өзгерттiм. Жинаған ұпайым қай мамандыққа сәйкес келедi, бұйырғаны сол болар. Былайша айтқанда, бүгiнгi заман талабы: мен оқуды емес, оқу менi таңдайтын сияқты.

Фариза Рахманова,
№7 мектеп-гимназиясының оқушысы:

–Нарықта қандай мамандықтарға сұраныс барын бiлмеймiн. Өзiм журналистиканы таңдадым. Сондықтан қалайда осы саланың маманы атануға тырысып бағамын. Мектеп қабырғасымен қоштасатын оқушыларға, елiмiзге ең қажет мамандықтардың тiзiмiн көрсетiп немесе оларға ақыл-кеңес берсе, нұр үстiне нұр болар едi.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button