Қандай медициналық көмек тегін көрсетіледі?
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіруге ерекше назар аударды. Осыған байланысты қала әкімдігінде МӘМС жүйесі және кепілдендірілген тегін медициналық көмек тізімі туралы мәселелер талқыланды. Аталмыш жиын қала әкімінің орынбасары Ерік Мейрхановтың төрағалығымен өтті.
Қазіргі уақытта қала тұрғындарының саны 1,5 миллион адамды құрайды, олардың арасында сақтандырылмағандар – шамамен 244,7 мың адам (16,1%). «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ Астана қаласы филиалының директоры Гүлжан Тұрарқызы осы сақтандырылмаған азаматтармен жүргізілетін жұмыстың барысымен таныстырды.
«Медициналық ұйымдар әкімдіктермен бірлесіп, сақтандырылмаған азаматтардың әлеуметтік мәртебесін актуализациялау және осы ақпаратты мемлекеттік кірістер органдарына, жұмыспен қамту басқармасы мен ӘМСҚ филиалына жіберу бойынша жедел жұмыс жүргізуі керек. Мемлекеттік кірістер департаменті жұмыспен қамту саласында бейресми жұмыс істейтін азаматтар арасында кәсіпкер ретінде тіркелу қажеттілігі туралы ақпараттық жұмыстарды күшейткені абзал. Ал Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы жұмыссыз азаматтарға тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуі керек. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы «E» және «D» санатындағы сақтандырылмаған азаматтарды тарту бойынша жұмысты жалғастыратын болады» деп мәлімдеді.
Бұған дейін Президент тапсырмасымен 2027 жылға дейін МӘМС жүйесіне өзгерістер енгізу жоспарланған болатын. Бастапқы пакетке әлеуметтік маңызы бар 12 аурудың диагностикасын кезең-кезеңімен енгізу ұсынылды. Медициналық тексерулерге қолжетімділік азаматтардың сақтандыру мәртебесіне қарамастан ашық болады.
Сонымен, кепілдендірілген тегін медициналық көмек тізіміне мыналар кіреді:
- жедел медициналық көмек;
- алғашқы медициналық-санитарлық көмек;
- созылмалы және әлеуметтік маңызы бар аурулары бар науқастарды динамикалық бақылау;
- жедел медициналық көмек;
- созылмалы және әлеуметтік маңызы бар аурулары бар науқастарға күндізгі, тәулік бойы және үйде стационарлық көмек көрсету;
- паллиативтік көмек;
- туберкулез бен алғашқы кезеңдегі реабилитация;
- донорлық көмек;
- дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және басқалар.
Кепілдендірілген тегін медициналық көмек ел азаматтарына, қандастарға, босқындарға, елімізде тұрақты тұратын шетелдіктерге (және тұруға ықтиярхаттары барларға), сондай-ақ азаматтығы жоқ тұлғаларға, елімізде тұрақты тұратындарға (және тұруға ықтиярхаттары барларға) қолжетімді. Сонымен қатар, Қазақстанда уақытша жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар, баспана іздеп жүрген адамдар қоршаған ортаға қауіп төндірмейтін аурулар бойынша тегін көмек ала алады. Маңыздысы, кепілдендірілген медициналық көмек сақтандыру мәртебесіне қарамастан көрсетіледі.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі туберкулез бен ЖИТС сияқты екі әлеуметтік маңызы бар аурудың тегін көмек тізімінде бар екенін хабарлаған еді. Енді осы жылдың соңына дейін онкологиялық және басқа да ауруларды анықтауға арналған скрининг бір пакетке қосылатын болды.
Айта кетейік, министрлік тарапынан МӘМС жүйесіне жарналар төлемейтін әлеуметтік тұрғыдан осал топтарды медициналық қызметтермен қосымша қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін заң жобасы ұсынылды.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ