Қала мен Сала

Қандай жеңілдіктер қарастырылады?

Нұр-Сұлтан қаласында мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны жалғасып жатыр. Биыл Қазақстан Қарулы күштерінің қатарын 800 астаналық жас толықтырады. Бүгінгі таңда қалалық әскерге шақыру комиссиясы 18 жастан 27 жасқа дейінгі азаматтарды түгелдей медициналық тексерістен өткізіп, денсаулық жағдайларына қарап, түрлі әскери құрылымдарға бағыттауда. Сондай-ақ алдағы уақытта мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтар үшін бірқатар жеңілдік пен қолдау қарастырылып жатыр екен. Жалпы көктемгі әскерге шақыру науқаны қалай жүріп жатыр? Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілі, запастағы полковник Ғани АРТЫҚОВТАН сұрап-білдік.

[smartslider3 slider=2590]

 

– Көктемгі әскерге шақыру науқанының басталғанына бір айдың көлемі болды. Әскерге шақыру барысы қалай жүріп жатыр? Әскердің қай түріне деген сұраныс көп? Мәселен, кейбірі шекарашы, енді бірі десантшы болғысы келеді. Жалпы әскерге шақырылушының өтініші, тілегі ескеріле ме?

– Осы күнге дейін елордалық жастардың бірнеше тобын Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне жөнелтіп те үлгердік. Әрине, жастардың әскерге шақырылатын кездегі өтініші болашақ сарбаздарды зерделеу сатысында ескеріледі.

Әскерге шақыру комиссиялары азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру және оларды Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың тиісті түрі мен тегіне тағайындау кезінде олардың білімін, алған мамандығын, денсаулығын ескереді, осыған байланысты:

– жоғары білімі бар әскерге шақырылушылар оқу-жаттығу бөлімдеріне олардың біліміне және әскери даярлығына сәйкес келетін мамандықтар бойынша жіберіледі;

– математика, физика және инженерлік-экономикалық факультеттерді бітірген әскерге шақырылушылар радиотехникалық, зениттік-зымыран бөлімдеріне, байланыс бөлімдеріне жіберіледі;

– ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру факультеттерін бітірген әскерге шақырылушылар танк, авиация, зениттік-зымыран бөлімдеріне және азаматтық қорғаныс әскери бөлімдеріне жіберіледі;

– медицина және фармацевтика факультеттерін бітірген әскерге шақырылушылар кіші медициналық персонал ретінде әскерге шақырылады.

Жоғары спорттық жетістіктері бар жас азаматтар Қорғаныс министрлігінің Спорттық комитеті – Орталық спорт клубының спорттық бөлімшелеріне әскери қызмет өткеру үшін жіберіледі.

– Мемлекет басшысы жастар үшін мерзімді әскери қызметтің тартымдылығын, Отан қорғаушы атануға деген қызығушылығын арттыру үшін қорғаныс саласында кешенді өзгерістер енгізу керектігін тапсырған болатын. Осыған байланысты қандай өзгерістер күтілуде?

– Шындығын айтқанда, бұрын да күрмеуі шешілмей келе жатқан мәселелер баршылық еді. Осы сұрақтарды шешудің оңтайы қазір туып отыр. Атап айтсақ, мерзімді қызметке сарбаз сапына жөнелтілген жастардың банктер алдындағы несиесін қайтаруды уақытша тоқтату мәселесі қолдау тапты, енді ол заңмен бекітіледі. Сонымен бірге бір жылдық әскери қызметін өткеріп келген сарбаздарды жоғары оқу орнына қабылдауға арнайы квота бөлу немесе жеңілдіктер беру бойынша Білім министрлігі мен Қорғаныс министрліктері арасында хат алмасу жүріп жатыр. Бұған қосымша қызметін аяқтаған көпбалалы отбасылардан шыққан сарбаздар үшін техникалық және кәсіптік, жоғары оқу орындарында ақылы оқудың 50 пайыз төлемін жергілікті бюджет есебінен жүргізу де қарастырылуда.

Кешегі сарбаздар әскери және арнайы оқу орындарына түсуге үміт білдірген жағдайда, жеңілдік алуы да шешілетін күн жақын.

Қолданыстағы заңнама бойынша мерзімді әскери қызмет атқару кезінде сарбаздар келісімшарт бойынша қызметке ауысуы үшін алдымен бір жылдық қызметін толық аяқтауы қажет болатын. Тек жоғары білімді сарбаздар ғана алты ай қызметтен кейін келісімшарт бойынша қызметке ауыса алатын. Қазіргі уақытта жоғары, арнайы орта және орта білімді сарбаздардың барлық құрамы үшін де бұл мүмкіндік берілуі қарастырылуда, тек үлгілі қызмет атқарса жеткілікті. Ал сарбазға мерзімді қызметін аяқтағаннан кейін екі ең төменгі айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақшалай марапаттау берілуі де болашақта жастар үшін көмек болатындығы анық.

Сарбазды сағынған ата-анасы үшін жылына бір рет ұлдарының қызмет орнына теміржол көлігімен тегін барып келуі де көзделіп отыр.

Бұл жобалардың барлығы қазір мемлекеттік органдармен қарастырылуда. Жалпы заңнаманың жақсы жаңалықтары мен тартымды тұстары болатынына үмітіміз зор.

Сұхбаттасқан

Әбубәкір СМАЙЫЛОВ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button