Басты ақпарат

Қандастар көші қайта қарқын ала ма?

2019 жылы 12 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қандастарымызды елге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Дүние жүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз» деген еді. Президенттің бұл сөзіне шетелден атажұртқа оралған қандастар да, шетелдегі ағайындар да қатты қуанған болатын. Өйткені 30 жыл бойы аумалы-төкпелі жағдайларды бастан кешіріп, кейде тіпті тоқырап қалуға таянған қазақ көшінің тағдыры не болады деген сұрақ бәріміздің көкейімізде жүрген. Дәл осындай сәтте Президенттің қазақ көшіне қамқор пейіл танытуы, шынында, қуанарлық іс. Таяуда Президенттің сол сөзді айтқанына, міне, тұп-тура үш жыл толды. «Сәлемнің де сәті бар» дегендей, осы орайда көш туралы көңілде жүрген кейбір өкініштер мен өтініштер төңірегінде ой өрбіткенді жөн санадық.

[smartslider3 slider=2705]

Әлемдегі бар қазақтың жал­ғыз Отаны Қазақстан бол­ғанмен, әлі күнге дейін әлемнің 40-тан астам елінде 5 миллионнан астам қазақ тұрады. Бірақ бұл да көз мөлшер, көңіл таразымен айтылған сан. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болғанмен, шетелде нақ қанша қазақ тұратыны жайлы толық ақпарат аз, себебі онымен айналысатын арнаулы мекеме жоқ, шетелдегі елшіліктеріміз өзі тұрған еліндегі қазақтың санын анықтап, тұрмыс-тіршілігі туралы ҚР Сыртқы істер министрлігіне мардымды мәлімет беріп отырған жоқ. Айналасы 20 миллионға да жетпейтін қазақтың санына әлі жете алмай жүруіміздің бір себебі – осы. Екінші жағынан, шетелдегі қазақтардың хал-күйі қалай? Күн өткен сайын ана тілінен алыстап бара жатқан жоқ па? Олардың қазақы қасиеттен, тілінен көз жазып қалмауы үшін Қазақстан билігі қандай көмек бере алады? Осындай мәселелер ескеріле ме?

Қазақстан көпұлтты мемлекет болғанмен, мемлекет құраушы ұлт – қазақ ұлты. Қазақстанның тағдыры да осы ұлтпен тікелей қатысты. Сондықтан мемлекеттің тағдыры мен әлемдегі бар қазақтың тағдыры – бір. Осы тұрғыдан алғанда, шетелдегі қазақтардың да біздің биліктің қаперінен қағыс қалмағаны абзал. Бұл ретте тек шекарадан өтіп, атаның атажұртқа шөгерген қазақтарға ғана көңіл бөлу немесе соларға ғана жағдай жасау аздық етеді. Сондықтан «Жаңа Қазақстанда» қазақ көшіне, шетелдегі қазақтар мәселесіне жаңаша көзқарас, жаңаша саясат керек. Барлық саласы жаңаруға бет алған «Жаңа Қазақстанның» көші де көне сүрлеумен жүрмеуі керек. Яғни қазақ көшіне серпін беретін, шетелдегі ағайынның атажұртқа жаппай оралуына жағымды жағдай жасайтын жаңа әдіс, жаңа жоба керек. Соның бірі, бірі болғанда бірегейі – Қазақстан Республикасының Конституциясына «Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде тұратын қазақтар, басқа мемлекеттің азаматы болғандығына қарамастан, жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құқылы» деген норма енгізіп, атажұртына оралғысы келетін қазақтарға конституциялық құқық беру.

Сырттан келген қандастарымыз бір мезетте «қандас» мәртебесін иеленуге және Қазақстанда тұрақты тұруға ықтиярхат алуға, сондай-ақ Қазақстан азаматтығына қабылдауға құжаттар ұсыну мүмкіндігі заңды түрде бекітілген

Біз әлемдегі өз қандастарын Отанына шақырған, Израильден кейінгі, екінші елміз. Ел тізгінін жаңадан қолға алған кезден бастап бұйдасын тартқан көштің арқасында 1,5 миллион қазақ атажұртқа оралды. Олармен бірге қаншама салт-дәстүріміз, мәдениетіміз оралғанын айтпаған күннің өзінде, ең бастысы, елге ел қосылып, санымыз көбейді, қазақтың үлесі артты. Екінші жағынан, бұл көштің пайдасын жалпы жұртқа жар салмай-ақ «көп қорқытады, терең батырады», «саннан сапа туады» деген тұрақты тіркестермен түйіндей салсақ та жеткілікті. Демек, қандастарын атажұртқа бастайтын қазақ көші – қазақ мемлекетінің үлкен стратегиясының бірі. Ендеше оған жеңіл-желпі қарамай, мемлекеттік тұрғыдан мән беру керек. Ол үшін Ата заңымыз­да көш туралы арнаулы айтылуы керек. Мұны біз ойдан шығарып отырғанымыз жоқ. Әлемнің көптеген елінде мұндай тәжірибе бар. Мәселен, қазір әлемде өз этникалық топтарына қатысты азаматтық алудың оңайлатылған тәртібін беру туралы конституциялық нормалар қабылданған Германия, Польша, Латвия, Венгрия секілді ондаған ел бар. Іргеміздегі Ресейдің өзінде шетелден келген орыс азаматтарын, бұрын кеңес төлқұжатын иеленген өзге ұлт өкілдерін орыс тілін білсе, жеңілдетілген тәртіппен азаматтыққа қабылдау туралы заң бар. Бізбен бірге тәуелсіздік алған Қырғызстан да өз қандастарын оңайлатылған тәртіппен азаматтыққа қабылдау туралы бапты Ата заңына енгізіп, тастай қылып бекітіп алған.

Шын мәнінде, бұл мәселе бұдан бұрын да айтылып та, жазылып та келеді. Алайда дәл осы мәселеге келгенде пікір үнемі екіге жарылады. Кейбір азаматтар мұндай заң керек десе, кейбір азаматтар Ата заңға жазылмаса да, көшке еш кедергі жоқ екенін алға тартады.

Шетелде тұратын қандастарымыздың жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алу мәселесін Ата заңға енгізу мәселесін көтеріп жүрген қоғам белсендісі Ауыт Мұқибекұлы қазақ көшінің ең шарықтаған кезеңі 2002-2006 жылдар екенін, аталған бес жылда 384106 қандас, яғни жылына 76821 қазақ атажұртқа оралғанын алға тартып, соңғы үш жылда бұл көрсеткіш елу мыңға да жетпей қалғанын жеткізді. «Бұл қарқынмен жүретін болсақ, алдағы алты-жеті жылда шеттегі алты-жеті миллион қазақты көшіріп алу мүмкін емес. Сол үшін «Жаңа Қазақстан» құру саяси реформасы аясында Қазақстан Республикасының Конституциясына «Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде тұратын қазақтар, басқа мемлекеттің азаматы болғандығына қарамастан, жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құқылы» деген норма енгізу өте маңыз­ды» дейді. Сонымен қатар ол соңғы жылдары Президент тапсырмасымен бірқыдыру жұмыстар істелгенін де алға тартты. «Президенттің тікелей тапсырмасымен «оралман» атауы «қандас» болып өзгертілді; әкімшілік құқық бұзғаны үшін келген еліне шығарып жіберу жазасын қолдануды қандастарымыздан алып тастады; Қазақстан Республикасында тұрақты тіркеуде тұратын қандастарымыз шетелде 183 күннен артық тұрса да, олардың «ықтиярхаты» жойылмайтын болды; «18 қараша» кәсіби мерекелер мен аталып өтілетін күндердің тізбесіне енгізілді; «Отандастар қоры» бұрын екі министрлікке қараса, қазір басы бүтін Сыртқы істер министрлігінің құзырына өтті; Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ішінен Көші-қон және демография комитеті дербес комитет болып бөлініп шыққалы жатыр» деді А.Мұқибекұлы.

Ал дүние жүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Әділбек Ыбырайымұлы болса «қазіргі уақытта көші-қон үдерісін реттейтін заң нормалары қалыпты жүйеге түскенін» айтып, шетелдегі қандастарымыз жеңілдетілген тәртіппен ҚР азаматтығын алуға құқылы деген норманы Ата заңға енгізу жөніндегі ұсыныс қисынға келмейді дейді.

– Елдегі көші-қон процесі де жетіліп, дамып келеді. Бұрындары сырттан келген ағайындар үшін «қандас» мәртебесін алу бөлек процедура болатын. Ал тұрақты тұруды ресімдеу, яғни ықтиярхат алу 2 айға созылатын. Содан кейін ғана барып Қазақстан азаматтығын алуға құжат тапсыратын. Бұл өтініш 3 ай көлемінде қаралатын. Енді заман мен заңның жетілуіне байланысты бұл үш кезең бір мезетте қаралады. Осыны көріп, қазіргі уақытта көші-қон үдерісін реттейтін заң нормалары қалыпты жүйеге түскен деп айтуға болады. Сырттан келген қандастарымыз бір мезетте «қандас» мәртебесін иеленуге және Қазақстанда тұрақты тұруға ықтиярхат алуға, сондай-ақ Қазақстан азаматтығына қабылдауға құжаттар ұсыну мүмкіндігі заңды түрде бекітілген. Кейбір жекелеген адамдардың Қазақстан Республикасының Конституциясына «Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде тұратын қазақтар, басқа мемлекеттің азаматы болғандығына қарамастан, жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құқылы» деген норманы Ата заңға енгізу жөніндегі ұсыныстары қисынға келмейді деп ойлаймын. Біздің Конституцияда қос азаматтыққа тыйым салынған. Жоғарыдағы норма, біріншіден, сол қағидаға қайшы келеді. Екіншіден, мұндай норманы Конституцияға енгізу заң жазу этикасына нұқсан келтіреді. Бұл қағида Ата заңнан өрбитін салалық заңдарда қамтылса да жеткілікті, – дейді ол.

«Қандас мәселесі – Қазақстан үшін нөмірі бірінші мәселе» деп сөз бастаған көрнекті жазушы Смағұл Елубай «Конституцияға шетелден келетін қандастарымыздың жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алу мәселесіне қатысты ерекше бап енгізу керек» деп санайды.

– Өткен ғасырлардағы 3 үлкен нәубет бізді қатты ойсыратып кетті. Егер сол нәубеттер болмағанда, 5 Франция сыятын бұл Ұлы далада бүгінде 100 миллионнан астам халық тұратын еді. Ондай жағдайда бізде қауіпсіздік мәселесі өздігінен шешілер еді. 100 миллион халқы бар елдің жеріне, еліне ешкім көз аларта алмас еді. Мінеки, біздің ең осал тұсымыз – халықтың аздығы, өткен ғасырдың 20, 30-жылдары ауып кеткен және көршілес елдерде тұрып жатқан қазақтарды қоса есептегенде шетелде 5 миллион қандас тұрады. Бұл аз сан емес, бір Қырғызстанның халқы ғой. Ендеше осы ағайындарды елге оралту үшін Қазақстанда көші-қон министрлігі құрылғаны абзал. Өйткені 5 миллион қазақты көшіріп әкелу 5-6 жылдың ішінде бітетін оңай шаруа емес, тіпті жарты ғасырға созылуы мүмкін. Қазақстанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Ата заңымызда шетел қазақтарының көшіп келуін жеңілдететін арнаулы бап болғаны өте қажет деп білемін. Өйткені Жаңаөзен оқиғасынан кейін сол кездегі Мәсімов Үкіметі шетелден келетін қазақтарға бөлінетін квотаны қысқартып жіберді. 5 жылға дейін азаматтық бермеу деген тәртіп енгізді. Соның салдарынан «Нұрлы көш» баяулады. Міне, осылардың бәрін қайта қалыпқа келтіріп, қандастар көшінің заңдық негізін жасауымыз керек. Елге оралған және шетелдегі қандастардың мәселесі аз емес, сол мәселелерді Парламентте айтып отыру үшін депутаттар қатарында тым құрығанда екі қандасымыз отыруы керек еді. Жинақтап айтқанда, Конституцияға шетелден келетін қандастарымыздың азаматтық алу мәселесін жеңілдететін ерекше бап енгізу керек. Өйткені біздің тағдырымыз да ерекше ғой. Бұл – біз үшін кезек күттірмейтін міндет, – деді Смағұл Елубай.

Қысқасы, қай тұрғыдан алғанда да, қандастардың жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алу мәселесі билік буындарында талқылануы тиіс. Шетелдегі ағайындардың тезірек атажұртқа оралуына даңғыл жол ашатын қандай да бір мүмкіндікті уыстан шығармайық. Өйткені күн ұзарған сайын жат ел, жат жердегі ағайын да бізден алыстай береді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button