Жаңалықтар

Қандастар қамқоршысы

«Әр қазақ – менің жалғызым» деген қанатты сөз тағдыр тәлкегімен тарыдай шашыраған қазақ қандастарымызға арналғандай. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының 5-ші құрылтайында Төрағаның бірінші орынбасары болып, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Зауытбек Тұрысбеков сайланған еді.

[smartslider3 slider=1414]

Кезінде Көші-қон және демография агенттігінің төрағасы болған Зауытбек Қауысбекұлына қауымдастық жұмысы таныс. Қандастарға баспана алу мәселесін шешіп, елге келген алғашқы зиялы қауым өкілдеріне қамқоршы болған, алғашқы қазақша дайындалған Көші-қон заңының қабылдануына оң ықпал еткен, жалпы қандастар арасында да танымал тұлғаның басшы болып келуі ағайындар арасында да жақсы қабылданды.

Қызметке келген күннен бастап қолға алған шаруа қандастардың әл-ау­қатын көтеру, елге келем деушілерді бірінші кезекте баспанамен және жұмыспен қамту, Солтүстік аймақтарға қоныстандыруды көздеді.

Зауытбек Қауысбекұлы саналы ғұмырын қазақ халқының өткен тарихын зерделеп, жас ұрпақты тәрбиелеуге арнады. Ботасы келсе, атасы артынан келер деген ұстанымды ұстап, алыстағы ағайынды елге тартудың бірден-бір жолы, жастарға Қазақстанды барынша таныстыру, осы бағытта жаңа жобалар жасауды тапсырды. ­Назарбаев зияткерлік мектебіне барып, басқарма төрағасы Күләш Ноғатайқызы ­Шамшидиновамен ұзақ мәміле жасап, алыстағы ағайынның балаларын бір ай елге келіп, осы айтулы мектепте демалыспен бірге Қазақстанның тарихын оқытып, домбыра, ұлттық қолөнер бұйымдарын жасап және үйренуін жолға қойды.

«Киелі Қазақстан» жобасы іске асты, жылына бір мәрте шетелдегі қандастарды Қазақстанның киелі жерлерін аралатып, тарихымен таныстырып отырамыз. «Қасиетті қазақ елі» атты өнер фестивалі шетелдегі өнерлі жастарды елге келіп өнерін көрсетіп, Атажұртымен қауышуына жол ашады.

«Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығына бұрын 150 бала демалса, оны екі есеге көтеріп, 300 балаға жеткізді. Осы іс-шаралардың басы-қасында өзі жүріп, ашылу салтанатына қатысып, бүлдіршіндерге ақ жол тіледі.

Баспана және жұмыс мәселесін түбегейлі шешу үшін, мемлекетке асар жобасында тұрғызылатын тұрғын үйлер жобасын ұсынды. Парламент депутаттардан жұмысшы тобын құрып, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Ақмола облыстарын аралап, әкімдермен кездесулер өткізді. Жобаны тездетіп іске қосу үшін Мәжіліс пен Сенатта тыңдау өтті.

Ұзақ жылдар мемлекеттік жоғары лауазымдарда қызмет атқарған ­Зауытбек Қауысбекұлы – туған жерінің гүлденуі үшін әлі күнге дейін тер төгіп, аянбай еңбек етіп келе жатқан табанды ерлеріміздің бірі. Елу жылға жуық тынымсыз еңбек етіп, адамдық келбетімен, адамгершілік қасиетін жоғалтпаған, бұл кісінің еңбегін тізіп шығу мүмкін емес, дей тұрса да басты-бастыларын атап өтуді жөн көрдік.

 Зауытбек Тұрысбеков 1993-1997 жылдары Түркістан облысының (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы) әкімі болып тұрғанда Бәйдібек ата кесенесін тұрғызу туралы шешім қабылдаған. Экономикалық қиын кезеңдерді бастан өткерген елде осы игі іске қажетті құралдарды таба білді. Зиярат орнына айналған Оңтүстік Қазақстан облысында бірегей нысан осылай пайда болды.

Бір мезгілде дерлік кесене жанынан «Бес ана» ескерткіші пайда болды. Білікті басшы Зауытбек ­Тұрысбековтің басшылығымен өңірде тағы бірнеше тарихи-мәдени нысандар бой көтерді. Соның бірі – халық арасында «Домалақ ана» атанған Нұрила апа кесенесі. Содан бері Маңғыстаудан әкелінген ақ тастардан тұрғызылған бұл кесене туралы ел арасында аңыз тарады. Қазір бұл кесене – туристерді қызықтыратын нысандардың бірі.

Ендігі кезекте Ордабасы төбесінде әділ сот жүргізіп жатқан үш бидің бірігуі құрметіне стела орнату болды. Әділдік пен бірліктің символына айналған Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің ескерткіші бүгінгі ұрпаққа серпін беруде. Ел тарихын жаңғыртуға бағытталған игі істері мұнымен шектелмейді.

2007 жылы Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалғаннан кейін көп ұзамай көрші елдегі Қазақстанның тарихи ескерткіштерін жаңғыртуға бел буды.

Өзбекстан билігінен ресми рұқсат алғаннан кейін Төле би кесенесін қалпына келтіруге кірісті. Осы мақсатта Ираннан 7 тонна жартылай асыл тас – оникс арнайы алдыртты. Өте нәзік, кез келген сәтте шырт етіп сынып кететін жартылай асыл тасты орналастыру да оңайға түспеді, Алла жар болып бәрі ойдағыдай біткен болатын.

Самарқанд пен Бұхараның ең таңдау­лы шеберлеріне кесененің ішінен алтын-күміс қаптауды бұйырды. Содан кейін кесенедегі ішкі тасқа Төле бидің есімі жазылған. Бұрынғы ел аузындағы кесененің бұрын «Қарлығаш би» атауы ресми құжаттардан жоғалып кеткен еді, осы терминді қалыптастыруға күш салды.

Содан кейін Науаи өңіріндегі Нұра ата қаласында Әйтеке би мен оның атасы Сейтқұл әулиенің кесенесі тұрғызылды. Ең күрделі мәселе – қаржы табу еді, сол жобаны қаржыландыруға Зауытбек Тұрысбеков кәсіпкерлерді тартты. Сөйтіп, кесенені тарихи нысанға айналдырды.

Бұл жобалар сәтті жүзеге асырылғаннан кейін Зауытбек Қауысбекұлы Ташкентте 2 гектар аумақта Қазақстан елшілігі ғимаратының жобасын әзірлеуге күш салды.

Кереметтей  ұйымдастырушылық, іскерлік қабілеті бар тұлға көп ұзамай Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды. Осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, ол жерде де игі істерін жалғастырды.

Зауытбек Қауысбекұлы өзінің ерекше қабілетінің арқасында Ресей дипломаттарымен бірігіп, Астраханьда биіктігі 21 метр Бөкейхан кесенесін тұрғызды. Бірақ алдымен Жәңгір ханның анасына 10 метрлік ескерткіш орнатты.

Ал Ржев қаласында Ұлы Отан соғысы даласынан оралмаған 100 және 101-ші дивизия қазақтарының есімдерін оқуға болатын ескерткіш орнатылды. Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойы жылында Крюково стансасындағы Мәскеу мектебіне ұлы батырдың есімі берілді және күрделі жөндеуден өткізді. Сонымен қатар атақты Әлия Молдағұлова оқыған мектепте де күрделі жөндеу жұмыс­тары жүргізілді. Бұл мақсаттарға Ақтөбе және Жамбыл облыстарының демеушілері – кәсіпкерлері 1 миллион АҚШ долларын бөлді. Бұл жұмыстардың барлығы Зауытбек Тұрысбековтің тікелей бақылауымен және қолдауымен, ұйымдастыруымен жүзеге асты.

Бірақ Қазақстан тарихын қалпына келтіру жұмыстары мұнымен біткен жоқ. Зауытбек Қауысбекұлының ұсынысымен Мәскеудегі Покровский бульварында Тұрар Рысқұловты еске алуға арналған стела орнатылды. Сонымен қатар, Ресей астанасының дәл орталығында 28-панфиловшыларды еске алуға арналған «Алматы» метро стансасы салынды.

Ресейдегі дипломатиялық миссиясын аяқтаған соң, Зауытбек Тұрысбеков дипломатиялық қызметін Украинада жалғастырды.

Харьковте қазақ әскерлерінің 106-дивизиясына ескерткіш пайда болды. Сол қанды майданда ел қорғап қаза тапқан, екінші дүниежүзілік соғысына қатысқан қазақстандықтар туралы «Отан үшін отқа түскен» деректі фильмі түсірілді. Айтпақшы, фильмге арналған ақпарат олардың әртүрлі мұражайлары мен мұрағаттарынан біртіндеп жиналды.

Жалпы, Зауытбек Қауысбекұлы «Жер-ана тіріңде – төрің, өлгенде – көрің, қаншама ұлттар отансыз тентіреп жүр. Қасиетті қазақ жерін көзімнің қарашығындай сақтау – менің перзенттік борышым, мұны естен шығаруға болмайды, бұл менің ұстанымым» дейді әр сөзінде.

 Ол – Елбасының сенімді серігі, саналы ғұмырын Қазақстанның өркендеуіне арнаған арқалы азамат. Қазақстанның тарихын бүге-шігесіне дейін зерттеген тұлға Зауытбек Қауысбекұлы 70 жасқа толып отыр.

Тағдыры толғандырған әлем ­қазақтарының қамқоршысы бола беріңіз.

Қарлығаш БЕКПАТШАҚЫЗЫ, Дүниежүзі қазақтары

қауымдастығы

Нұр-Сұлтан қаласы филиалының басшысы

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button