Руханият

Қандасым, қазағым-ау…

немесе бір ғасырда өзгердік пе?

Осы жылдың басында саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия материалдарының негізінде жобалық кеңсенің ұйым­дастыруымен дайындалған көптомдық (31 том) жарыққа шықты. Көптомдықтың 23 томы Астана қаласының өңірлік комиссия мүшелері әзірлеген «Ақмола өңірі – архив құжаттарында (ХХ ғ. 20-40 жж.)» құжаттар мен материалдар жинағы шығып, архивтік құжаттарға тарихшы ғалымдар мен қалың көпшіліктің қолы жетті. Бұл жинаққа Ақмола өңірінде сол кезеңдегі қоғамның шынайы келбетін ашатын 222 құжат топтастырылды.

Осы заманның тарих дерегінің басы құралған  жинақтың  ішіндегі мына бір мақала оқыр­мандар назарына ұсынылып отыр. Бұл – №21 «Жас азамат» газетінде жарияланған Төлебай Нұралиннің «Қазақтың өтірік арызқұмарлары» жазбасы. Мақала  Ақмолада 1919 жылы ақпанның бірінші жұлдызында жарық көрген екен.

«Бұрынғы Николай тұсында біздің қазақтың бір әдеті, өзіне қарсы партияда болғандарды «Түрікке ақша жинап берді, патшаға тіл тигізді һәм сөкті» деп жамандаушы еді. Николай түсіп, халық теңдік-бостандық алып, Уақытша үкімет тұсында: «партия дұшмандарын» мұқатуға, николайшыл, теңдікке, бостандыққа қарсы» деп араз адамдарын көрсете бастады. Уақытша үкіметті большевиктер қуып, билікті қолдарына алып, дәуірлерін жүргізе бастағанда, қазекең біреуінен-біреуі кек алу үшін: «Совет үкіметіне қарсы «буржай» (бай) «контрреволюционер», халықты бөлшектеуге қарсы оятып жүр» деп іс қыла бастады.

Большевиктер қуылып, айырылып қалған жаудың қолында, маталып қалған бостандық, теңдік қайтып келгендей болып, көзге елестеген заманда: «бірін-бірі большевик, большевиктің партиясына жазылған, совет үкіметі қайта орнайды деп айтады» деп жамандай бастады. Осы уақытта қайсыбір арызқұмарлардың қолжаулығы «Алашорда» болды. Араздасқан адамым «Алашорданың» көмекшісі, «Алаш партиясының мүшесі» деп көрсеткен арыздар көбейе бастады. Қандасым, қазағым-ау, ұят арға!

…Таспен жапалақты ұрса да, жапалақпен тасты ұрса да жапалақ өлмей ме? Осындай арыздарыңның рас-өтіріктігін былай қоя тұрып, «Николай һәм большевик» деп жамандағаның бірсәрі, […] не?

Битке өкпелеп, тонын отқа салу, кек аламын деп ардан, намыстан һәм қаннан безу, жақынын жатқа жамандау қорлық емес пе? Құдай-ау, қашан түзелеміз, келемежден қашан құтыламыз?!.

Ғазиза ИСАХАН,

Астана қаласының

мемлекеттік архиві мекемесі ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button