Әлеумет

ҚАҢҒЫБАС БАЛА ҚАЙДАН ШЫҒАДЫ?

Бейресми  деректерге сенсек, жыл сайын елімізде 100 мыңға жуық бала ата-анасы бола тұра көше кезіп, қаңғыбастыққа салынады. Әсіресе, далабезер жеткіншектердің көбі Астана мен Алматы секілді мегаполистерді төңіректейді екен. Келім-кетім кісі үзілмейтін мұндай қалаларда жан бағу да оңайырақ. Пысықайлары кішігірім кафелерде ыдыс жуушы, аула сыпырушы болып нәпақасын табады. Түнде теміржол бекеті, базар маңы, жертөлелерде қонады. Біразының өзімен бірге еш құжаты жоқ. Жөн сұраған полиция қызметкерлеріне шын аты-жөнін айтудан бас тартатындар да жетерлік. Ондай ұл-қыздар дереу арнайы мекемеге жіберіледі. 

Жауапсыз ата-ананы комиссия тергейді
Солардың бірі елордадағы Әлия Молдағұлова көшесінде орналасқан. Кәмелетке толма­ғандарды бейімдеу орталығы деп аталатын бұл ұйым 2011 жылдың 9 наурызында құрылған. «Біздің міндетіміз – қараусыз қалып, қаңғыбастыққа салынған балаларды қайта тәрбиелеу, олардың қылмысқа ұрынбауының алдын алу. Қалыпты өмірге бе­йім­деу үшін мұндағы жеткін­шектермен психолог, педагог және дәрігер жүйелі түрде жұмыс істейді» дейді орталық директоры Аманжол Белгібаев.
– Мекемеге әкелінген баланы қалай тексересіздер?
– Әуелі оның әлеуметтік мәр­тебесі анықталады. Кейбі­реуінің құжаты туғалы мүлдем болмайды. Ондай бүлдіршіндердің қол сүйегін тексеру арқылы сот-медициналық сараптама қай күні дүниеге келгенін болжайды. Соның көмегімен перзентханаға сұраныс жіберіліп, нақты уақыты белгіленеді. Солайша туу туралы куәлік беріледі. Кейбіреуінің құжаты бар, бірақ жоғалып кеткен. Енді біреулерінікін әке-шешесі кепілге өткізіп тастаған. Ата-анасы қайтыс болып, бірақ балаға қамқоршылық рәсім­дел­меген жағдайлар да кездеседі. Өз перзентінің өміріне селқос қа­райтын әке-шешелерді де көрдік.
– Ондай ата-аналарға қандай шара қолданылады?
– Әкімдік жанындағы Кәме­летке толмағандар ісі және олар­дың құқықтарын қорғау комиссиясымен тығыз байланыстамыз. Олар айына 2 рет жиналыс ұйымдастырады. Біздегі балалардың ата-анасын сол отырысқа шақырамыз. Онда әке-шешелері тәрбиеге қатысты мәселелерін баяндайды. Комиссия құрамында Білім басқармасы, Денсаулық сақтау басқармасы, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы, Жастар саясаты басқармасы секілді алуан саланың өкілдері бар. Солар ата-ананы мұқият тыңдап, өз көмектерін ұсынады. Алайда, балаға мүлдем қарағылары келмей, толыққанды бас тартқан, ішкілікке салынған әке-шешелерді де көрдік. Мұндай жағдайда іс сотқа жөнелтіліп, ата-ана құқынан айыру туралы шешім шығарылады.

Біреу тойып секіреді…
Орталыққа 2011 жылы 308 бала, 2012 жылы 1027 бала, 2013 жылы 716 бала, 2014 жылы 628 бала, 2015 жылы 997 бала осы мекеменің тұрғыны болған. Биыл жыл басынан бері 302 бала қабылданған. Оның 276-сы ата-анасына, 15-і балалар үйіне, 3-еуі арнайы білім мекемелеріне, 2-еуі өзге қалалардағы Кәме­летке толмағандарды бейімдеу орталығына, 1-еуі қамқор­шы­лыққа тапсырылған.
Айтпақшы, мектеп жасындағы балалар мұнда түскенде де оқудан қол үзіп қалмайды. Астанадағы №14 мектеп-гимназияның ұс­таздары осында келіп, әрбірін тиісті сынып бағдарламасы бойынша оқытады.
Орталықтың аға тәрбиешісі Айгүл Болатханқызымен сөйлес­кенімізде, осыған дейін түрлі тағ­дырдың куәсі болған­дық­тарын жеткізді.
– Бұрнағы жылы 12-13 жасар ағалы-қарындасты ұл мен қыз түсті. Мінездері әп-әйбат, өздері елгезек. Отбасында ан­а­­­сымен және өгей әкесімен өмір сүріпті. Өгей әкесі қайтыс болған соң, анасы ішкілікке салынып кеткен. Ондай үйден береке кететіні белгілі ғой. Тамақ уақытылы жасалмайды, балалар қадағаланбайды, ақыры учаскелік полицей Сережа мен Машаны осында орналастырды. Кейін комиссияға анасы жылап-еңіреп келіп, кешірім сұраған. Сонда кіп-кішкентай Сережаның анасына айтқанын естіп, бәрі­міздің көңіліміз босаған. «Мама, сен бізді стақанға айырбастап жібердің бе?! Сен араққа салынбасаң, бұрынғыдай әдемі өмір сүре беруші едік» деп ұлы анасына ұрсады. Әйтеуір, әлгі әйел дереу өзін қолға алып, есін жиды. Тағы бір уақиғаны білемін. Бізге келіп түскен Сәбина есімді қыз әке-шешесі қайтыс болғанын, әжесінің де жақында көз жұмғанын, барар жері мен басар тауы қалмағанын айтып, мұңын шаққан. Оның айтуымен тиісті орындарға хабар беріп, қыз туралы мәліметтерді жинауға тырысқанымызбен, ешқандай сұранысымыз қана­ғаттандырылмады. Сөйтсек, ол қыздың әке-шешесі бар, өзі тұрмысы тәуір отбасыдан шыққан екен. Іші пысып, жеке өмір сүргісі келіп, үйінен кетіп қалған, – дейді аға тәрбиеші.

Көңіл бөлмеушіліктен кесір көп
Осыдан соң орталықтағы балалардың бірді-екеуін әңгімеге тарттық. Өзін Тимур деп таныс­тырған сары бозбаланың мұнда жатқанына 1 айдан асыпты.
– Үйге қайтқың келмей ме? – деп сұрадым.
Үнсіз басын шайқады.
– Неге?
– Әке-шешем ішеді. Маған көңіл бөлмейді. Осындағы өмір жақсы.
Ішкі қыжылын ақтаруға жүрек­сініп тұрғанын сезіп, бұдан әрі маза­ламадым. Ал Нұрай мен Салтанаттың жағдайы Тимур­дікіне ұқсамайды. Нұрайдың әке-шешесі қайтыс болып, туыс әпкесінің қолына қамқор­шы­лыққа өтіпті. Бірақ жасөспірім қыз жиі-жиі жанжалдаса берген соң, әпкесі амалсыз осында әкеліп тастаған.
– Нұрай, енді кіммен тұрғың келеді?
Тәмпіш танау қыз иығын қиқаң еткізді.
– Үйді сағындың ба?
– Иә, аздап.
Осы кезде манадан бері сөзі­мізді бағып отырған Салтанат әңгімеге араласты.
– Мен үйімді сағындым, – деді назды дауыспен.
– Неге кетіп қалдың үйден?
– Бәрі – менің кінәм. Шатақ мінезімді көрсетіп, әке-шешеме әбден еркеледім. Үйге барған соң бұрынғы қателіктерімді қайталамаймын.
Баламысың деген! Әйткенмен, олардың үйден қашып, қаңғы­бастыққа салынуында ата-ананың да кінәсі баршылық-ау. Өткен жылы «HeadHunter» әлеуметтiк зерттеу ұйымы сауалнама жүргiзiп, мынадай мәселенiң бетiн ашқан-ды. Сауалнамаға қатысқан 3200 қазақстандық ата-ананың төрттен бiрi «Табысым тамақ пен киiмге, балама бiлiм беруге ғана жетедi. Баланың бос уақытын тиiмдi етiп ұйымдастыруға ақша қалмайды» деп жауап берген. Ал 22 пайызы «Бала-шағаны асырауға ақшам жетедi, ал үйiрме дегенiңiз – балаға қажетi жоқ дүниелер» дептi. Респонденттердiң тек 2 пайызы ғана «Перзентімнің бүгiнiмен қатар, ертеңгi күнiнiң де қамын жасап жатырмын» деп жауап берген. Баланың болашағына бірден-бір жауапты жан өздері екенін түсінбейтін, ұғынбайтын әке-шешелердің кесірінен әлгіндегідей қоғам дерті де өршіп тұр.
P.S. Орталықтан тұн­жырап шықтым. Еңсемді ауыр ой басып барады. Ерте жоғалған балалық-ай десеңші. Әйтпесе, мұндағылардың әрқайсысының да бақытты болуға хақы бар ғой…

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button