Басты ақпаратМәселе

Қаңғыбас иттен қауіп көп

Қазақстан «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңды қабылдап, қаңғыбас иттерді қанат астына алғанмен, қаңғыбас иттердің сол жақсылықты түсінетін түрі жоқ. Керісінше, аш бөрідей топтасып алып әрі-бері өткен бала-шағаға тап беріп, талап тастауын тоқтатар емес. Заңмен қорғалып, ату шектелге­лі саны да өсіп, әр ауылда үйірімен жүретін иттер көбейді.

Астанада да қаңғыбас иттер мәселесі соңғы жылдары өзекті тақырыпқа айналып отыр. Бас қаланың өзінде қаңғыбас иттердің саны артқаны сонша, арнайы орталыққа сыймай қалған кезі де болған. Қалада үй жануарларын бақылаусыз жіберу немесе қаңғытып қоя беру бұл проблеманың негізгі себептері болып отыр. Осы мәселе тұрғындардың қауіпсіздігі мен қаланың санитарлық жағдайына әсер етеді.

«Жануарларға жауапкер­шілікпен қарау туралы» заңның қабылданғанына 3 жылдан асты. Иесі табылғанша өлтіруге тыйым салынған заңда қаңғыбас иттерге жауапкершілікпен қарау талап етілген. Тіпті оларды уақытша бағып-қағу орталықтарына жеткізіп, жағдайын жасау міндеттелген. Бірақ адамның тағдырынан иттің мүдде­сін жоғары қойған бұл заң қаңғыбас иттердің мәселесін түбегейлі шеше алған жоқ, шеше алмайды да. Өйткені жергілікті жағдайды, ұлттық көзқарасты, өңірлік өзгешелікті ескермей, шетелге еліктеп жасаған бұл заң қаңғыбас иттерге қатысты мәселені одан әрі күшейтті, экономикалық шығын да арта түсті. Өйткені ит құқығын қорғау­шылар «Аулау-стерилизация­лау-вакцинация-қайтару» бағдарламасын ұсынып отыр. Осы бағдарлама аясында бір бұралқы итке ветеринарлық іс-шараларға шамамен 40 мың теңге кетеді. Бұған арнайы орында күтіп ұстауға бір күнге жұмсалатын 5 мың теңгені қосып есептесек, бір бұралқы итті бағуға жарты айға жетпейтін уақытта 90 мың теңге жұмсалады. Бұл қаржыдан сырт, иттерге арналған үйшіктердің құрылысына жұмсалатын ақша тағы бар, осы қаржының бәрін қосып, қаңғыбас иттерге өткен жылы 3,5 млрд, биыл 2,8 млрд теңге бөлінген. Осылайша Қазақстанда қайыршыға бөлінбеген қаржының қызығын қаңғыбас иттер көріп жатыр.

Экономикалық шығынды көбейтіп, қаңғыбас иттердің қатарын молайтқан бұл заңның, ең бастысы, адам өміріне бейжай қарағаны қынжылтады. Яғни біз қазір баламызды қаңғыбас иттер терідей тартып, талап жатқанын көрсек те, аталған заңның пәрмені бойынша ол иттерді сол жерде атып тастауға немесе басын шауып өлтіруге құқығымыз жоқ. Яғни заңға бағынбасаң, өз басыңа жауапкершілік жүктелуі мүмкін. Өйткені жоғарыдағы заңға байланыс­ты қаңғыбас иттерді атуға тыйым салынған.

Иттен тарайтын жұқпалы аурулар аз емес. Құтырық, эхинококкоз, қышыма, қотыр аурулары иттен жұғатынын ескерсек, ит баққандар заң талабын толық орындап жүр ме деген күдік күшейеді. Мәселен, жақында Қостанайда ит қапқан 13 адамнан құтыру диагнозы анықталды. Зардап шеккендерге құтырмаға қарсы екпемен шұғыл медициналық көмек көрсетілді. Елімізде жануарларды тіркеу «Таңба» ақпараттық сервисі арқылы жүргізіледі. Үй жануарларын тіркемегендер үшін айыппұл салу енгізілген. Мәселен, ит пен мысығын тіркемегені немесе тіркеу нормасын бұзғаны үшін жеке тұлғалар 10 АЕК, бір жыл ішінде қайталанса 20 АЕК өлшемі бойынша айыппұл арқалайды. Бірақ иттерін қараусыз жіберген адамдарға қатаң әкімшілік шара көзделмеген. Көшеде тайыншадай иттерді тұмылдырықсыз жетелеп жүретіндерді, адам қыдыратын жерде итін ойнатып жүретіндерді де шектеп, тәртіпке салып жатқан ешкім жоқ. Демек, жоғарыдағы жануарларды қорғауға арналған заң адам құқығын белден баса отырып жасалған. Осы сияқты мәселелер заң шығарушы органдардың да құлағына жетіп, бірнеше депутат қаңғыбас иттерге қатысты депутаттық сауал да жолдаған. Тілшілер де талай мақала жазып, қолданысқа енген заңның олқылығы мен тиімсіз тұстарын тізіп тұрып көрсеткен еді. Осыдан кейін «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң қайта қарауға жіберілген еді. Қазір осы заң Мәжіліс қабыр­ғасында қызу талқыланып жатыр. Бірақ халық өкілдерінің арасында да түзету мен толықтыруды қолдайтындар да, оған қарсылардың да бар екенін депутат Самат Мұсабаевтың сұхбатынан аңғардық.

Маңғыстауда итбалықтар қырылып, киіктер өліп жат­­қанда мыңқ етіп аузын ашпағандар итке келгенде «жануарларды қорғайық» деп ырылдап шыға келетініне депутаттың өзі де аң-таң.

– Бізге мың иттің өмірінен бір адамның, бір баланың тағдыры артық болуы тиіс. Мәселен, өркениетті, дамыған Германияда итті атып тастайды. Өткен жылы Қырғызстан 20 мыңнан астам бұралқы итті атып, көзін құртты. Біздегідей заң Түркия мен Үндістанда бар. Түркия бүгінде бұралқы иттер мәселесін шеше алмай отыр. Біз де осы бағытта кете берсек, жағдай ушыға береді. Мәселен, осы жылдың 10 айында иттердің адамға шабуының 25 мыңға жуық дерегі тіркелген екен. Орташа есеппен бір күнде 83-84 адамды ит қабады. Ит қапқан адам 40 күн ауруханаға жатып, укол алады. 40 күн укол алу адамның денсаулығына зиян. Өйткені құтыруға қарсы қан сұйылтатын түрлі укол салынады. Оның әсері бірден болмағанмен, болашақта сыр береді. Бұл мәселеге келгенде депутаттардың пікірі де екіге бөлініп отыр. Бірі: «Бұралқы иттерге бюджеттен ақша бөліп, асырап, қызметкер ұстап, дәрі-дәрмек беріп не қыламыз? Үш күн ұстап, одан кейін эвтаназия жасайық» дейді. Енді біреулері бұған мүлдем қарсы. Тіпті ит адамды қапқан кезде оны ұстап, ветеринарлық тексеруден өткізуді, содан кейін ғана дәрігердің анықтамасымен өлтіруді ұсынады. Егер біз ұсынып отырған түзетулер қабылданса, онда алдағы уақытта бұралқы иттер жоғалып, ит ұстайтын арнайы орындардың бәрі жабылады. Ал оларға қазір жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлініп келеді. Бәлкім, қарсы шығып отырған сондай орындардың иелері не солардың сыбайлас адамдары шығар. Олардың иттерге жаны ашып, өліп бара жатыр дейсіз бе?! – дейді Самат Мұсабаев өз сұхбатында.

Бұл да негізсіз айтылған сөз емес, оларға адам өмірінен итінің амандығы, ақша кіріп тұрған жолының ашық тұрғаны керек. Ал бізді ит талаған адамдардың жағдайы мен қаңғыбас иттердің күн сайын көбейіп бара жат­қаны алаңдатады. Жұрт та Мәжілісте талқыланып жатқан заңнан оң шешім күтіп отыр. Егер заңмен шектеу қоймасақ, ертең қаптаған қаңғыбас иттер баламызды қан көшенің ортасында қаппасына кім кепіл?!

Қалиақбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button