“Қаңтардағы” қару-жарақ Астанадан табылды
Қаңтар оқиғасы кезінде қолды болған қару-жарақтар Астанадан және Щучинск қаласынан табылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Биылғы шілде-тамыз айында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Бас Прокуратураның үйлестіруімен Астана және Щучинск қалаларында атыс қаруы мен оқ-дәрілердің заңсыз айналымына қатысы бар бір топ адамдардың заңға қайшы әрекетінің жолын кесу бойынша іс-шаралар өткізді.
Астанада жүргізілген тінтулер барысында қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде ұрланған 2 «Калашников» автоматы мен 43 оқ-дәрі, Щучинскіде – 7 атыс қаруы, 4 тапанша және 1500-ден астам түрлі калибрлі оқ-дәрі алынды.
Сот-баллистикалық сараптамалар тағайындалып, сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізілуде.
Жалпы биылғы жылдың басынан ҰҚК полиция органдарымен бірлесіп қарудың заңсыз айналымының 13 арнасын, сондай-ақ оны жасырын жасайтын 2 цехты жойды.
41 автомат, 203 мылтық, 121 тапанша, 57 қол гранатасы, 1 гранататқыш, 44 жарылғыш құрылғы және әртүрлі калибрдегі 11 138 патрон тәркіленді.
Қарудың заңсыз айналымымен күрес бойынша іс-шаралар жалғасуда.