Денсаулық

Қант ауруы асқынып барады

Өткен аптада елорда емханаларында Дүние­жүзілік қант диабеті күні аталып өтті. Елімізде 486 мыңнан астам адам қант ауруымен ­ауырады екен. Алайда бұл тек есепте тұрғандар мен амбулаториялық ем алатындар ғана. Мамандар науқастардың нақты саны екі есе көп, яғни шамамен 1 миллионнан асады деп отыр.

№13 қалалық емхананың эндокринолог дәрігері Айгүл Жұмамұраттың айтуынша, кейбір адамдар ағзасында қанттың жоғары деңгейін біле бермейді.

«Қандағы қанттың көп болуы ұзақ уақыт бойы емделмесе, асқынуға әкеледі. 2-типтегі қант диабетінен өлім-жітім 3 есе, жүрек аурулары 2 есе, бүйрек аурулары 17 есе, аяқ гангренасы 20 есе, артериялық гипертония 3 есеге артады. Сонымен қатар қант диабеті соқырлықтың басты себебі болып отыр» дейді ол.

Қазақстанда жыл сайын қант диабеті 300 мың адамнан анықталады. Зерттеулер көрсеткендей, азаматтардың жартысынан көбі 2-типтегі қант диабетіне дейінгі пре­диабет жағдайын білмейді. Ал әрбір екінші адам 2-тип­тегі қант диабетіне шалдық­қанын да аңғармайды.

«Қант диабетінің себебі әлі толық анықталмаған, бірақ оның дамуына түрлі фактор әсер етуі мүмкін. 1-типтегі қант диабеті көбіне бала кезіндегі вирустық инфекциялардан, генетикалық себептерден немесе экологиялық жағдайлардан пайда болуы мүмкін. Ал 2-типтегі қант диабеті көбіне дұрыс тамақтанбау, қозғалыстың аздығы, семіздік және тұқым қуалаушылық сияқты факторлардың әсерінен дамиды» дейді эндокринолог дәрігер.

Қант диабетінің алдын алудың жолы – уақытында тексеруден өту. Әсіресе қант диабетінің қаупі бар адамдар үш жылда бір рет қандағы қант деңгейін тексертіп тұруы тиіс. Предиабет немесе 2-типтегі қант диабетінің белгілері көп жағдайда байқалмайды, бірақ тестілеу арқылы оларды ерте анықтап, алдын алуға болады. 1-типтегі қант ­диабетінде белгілер тез дамып, ауыр болуы мүмкін.

«Егер сізде қант диабетіне себеп болатын қандай да бір қауіп-қатер факторлары болса, дәрігермен кеңесіп, тексеруден өту ұсынылады. Қант диабетінің алдын алу және ерте анықтау адамдарға ауыр асқынулардың алдын алуға көмектеседі. Қазіргі таңда тестілеу жылдам және жеңіл, нәтиже, әдетте, тез дайын болады. Тек қант деңгейін тексеру үшін дәрігерге жолдама алу керек» деп түйіндеді ­Айгүл Жұмамұрат.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button