Басты ақпарат

Қант тапшылығы неден туындады?

Қазір Нұр-Сұлтан қаласында «қант жоқ» деп айта алмайсыз. Қант та, құмшекер де бар. Алайда олардың бағасы аспандап кеткен. Келісі 700 теңгеден 1000 теңгеге дейін әр дүкенде әртүрлі бағада сатылады.

[smartslider3 slider=3378]

Салғырттық сан соқтырды

Еліміздің Сауда министрлігі «бізде қант тапшылығы жоқ» деп бұған дейін де сендіріп келді. Әлі де сол ұстанымынан танбай отыр. Алайда сол бар қантты алуға халықтың жағдайы көтермей отырғанын біле ме екен?

Рас, «Magnum», «Аян», «Small», тағы да басқа супермаркетте құмшекердің бағасын 450-470 теңгеден ара-тұра саудаға шығаратыны бар. Бірақ ол кісі басына екі келіден беріледі де, адамдар ұзын-сонар кезекке тұрған мезгілде бір сағаттан кейін бітіп қалады.

Қазір екінің бірінің әңгімесі – азық-түлік бағасының күннен-күнге қымбаттап бара жатқаны. Ал тәттіге байланысты көп адам біраз жерге дейін мәселе көтеріп, айтарлықтай нәтиже шықпаған соң тауы шағылған сияқты. Осы жайға байланысты жақында ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев түсініктеме берді.

Оның айтуынша, қазір елде 26 мың тонна қант бар көрінеді. Алайда ол осы санды айтып алып, өз сөзінен өзі шошығандай болды.

«Мен сіздерге 26 тонна қант бар деймін-ау, бірақ бұл қантты жапа-тармағай талап алса, жарты айдан кейін бітіп қалары сөзсіз ғой. Қант бар, бірақ оны қажеттілікке қарай пайдалану керек» деді.

Биыл наурыз айының басында Ресей мен Беларусь экспортқа шығатын өнімін тоқтатуға мәжбүр болып еді, біздің де қант шаруа­шылығымыз шатқаяқтап, шаруамыз шытынап кетті

«Бізге қазір қантты Ресейден әкелуге тыйым салынғаннан бері Бразилия, Үндістан мен Кения мемлекетінен тасымалданады. Сондықтан бағасы бұрынғыға қарағанда қымбаттау болып тұр. Қайталап айтамын, қазір тасымалдау бұрынғыға қарағанда ұзақ, бірақ елде қант үзілмейді. Бұл тұрғыда қолдан дүрбелең туғызудың қажеті жоқ» деп нақтылады Ержан Қазанбаев.

Дүрбелең дегеннен шығады. Қантқа байланысты қауесетті, артық-ауыс әңгімені болдырмауға болар ма еді? Қант бар. Неге ол қымбат? Біздіңше, ол – ортадағы делдалдардың кесірінен болып отырған келеңсіздік. Бар нәрсені көтеріп сатып алып, халыққа қайтадан көтеріңкі бағаға сатып жүр. Міне, осындай экономикалық саладағы олқылыққа бір тоқтам бола ма?

Нұр-Сұлтан қаласында тұратын қоғам белсендісі Ермұрат Жандарбек бұл тұрғыдағы өзіндік көзқарасын әлеуметтік желіде де, мерзімдік баспасөз беттерінде де үнемі айтып келеді. Оның пікірінше, күнделікті шай ішуге қажет тәттінің аяқастынан зәру тауарға айналып шыға келуінің ең басты себебі – өзімізде өндірмейтініміз. ЕАЭО аясында Ресей мен Беларусь қант өндірушілеріне сенім артқанымыз сонша, олар бізге жылдық тұтынатын 560 мың тонна қанттың 60 пайызын сатып отырған. Ал 35 пайызын импорттық шикізаттан, қалған 5 пайызын ғана өзіміздің қант қызылшасынан ғана өндіреміз. Сонда біз бұған дейін ЕАЭО-дағы серіктестеріміздің қант өнеркәсібіне айтарлықтай қолдау білдіріп келген болдық. Биыл наурыз айының басында Ресей мен Беларусь экспортқа шығатын өнімін тоқтатуға мәжбүр болып еді, біздің де қант шаруашылығымыз шатқаяқтап, шаруамыз шытынап кетті.

Мойындау керек, Ресейге жан-жақтан экономикалық қысым көрсетіліп, түрлі санкция салына бастағанда, елдегі осы саладағы іргелі кәсіпорындардың басшылары, Қант өндірушілер қауымдастығымен бірлесе отырып, министрліктерге елде қант өндірісіне байланысты түйткілді мәселенің шеті көріне бастағанын айтып, дабыл қағыпты. Саланы Ресейдің демпингтік саясатынан құтқаруды сұрап, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының назарын аудара отырып, Премьер-министрге хат та жазылыпты.

Өкініштісі, қант біздің азық-түлік себетіміздің негізі болатындай стратегиялық өнім екеніне ол кезде ешкім аса көңіл бөлмеді. Енді, міне, бір келі құмшекерді мың теңгеге сатып алып, ішіміз удай ашып отыр.

Отандық өнімді қолдан өлтіреді

«Кең дала» компаниялар тобының жетекшісі Асқар Өтепов – Үкіметтің азық-түлік бағасын тұрақтандыру жөніндегі іс-қимыл әрекетіне разы еместігін ашық білдіріп жүрген азаматтың бірі.

«Бізде не жоспарлы, не нарықтық экономика болуы қажет. Міне, біз осының басын ашып алғанымыз жөн. Жекеменшіктің шаруасына мемлекет араласа беретін болса, береке бола ма? Бағаны тұрақтандыру деген желеумен кейбір өнімнің сатылуына тосқауыл қойылып қалатынын жасыруға болмайды. Бизнестің өз мүддесі бар. Оны да ескеру керек. Ашығын айтайын, ішкі нарыққа жаңа-жаңа бой алдырып, қадамымызды жая бастағанда, Сауда министрлігі біздің жаңа нарығымызға Иранның немесе Пәкістанның өндірісшілеріне жол ашып береді. Сөйтіп, біздің өнім тасада қалып қояды. Өзіміздің ауыл шаруашылығы саласы өнім өндірушілерінің қол-аяғын байлап отырған – осы саясат.

Бір ғана мысал айтайын, Түркістан облысында қызанақ өте бітік шығады. Жергілікті жерде келісі 50-60 теңгеден сатылады. Өндірушілер соған да риза. Сонымен де шығынын өтеп, нәпақасын айырар еді. Жоқ, түрікмен мен өзбектің қызанағын кіргізеді. Оларда газ тегін, электр қуаты мен су арзан. Сосын олар да бағаны арзандатады. Түптеп келгенде, зардап шегетін – өзіміздің фермерлер.

Рас, мемлекет субсидия беріп, көмектесіп жатыр. Көмектескені бар болсын! Бәсекелестік орта болмаған соң. Сырттан өнім кіргізбесе, біздің фермерлер-ақ бүкіл елді қызанақпен де, қиярмен де, қырыққабатпен де қарық қылар еді. Өздері де қоңданып қалар еді. Жоқ, «бағаны тұрақтандыру» деген желеумен отандық өнімді қолдан өлтіреді.

Шұғыл шара керек

Желдің қай жақтан соққанын анықтаған соң, «енді мәселені шұғыл шешу үшін қандай шешім алынады? Осы негізде құзыретті органдар қандай шара қарастырып жатыр?» деген заңды сауал туындайды.

– Осы жылдың ақпан айында елдегі қант шығаратын ірі зауыт басшылары қант шикізатын сатып алу үшін Үкіметтен квота сұрады. Өйткені олар көрші елдегі санкцияға байланысты тықыр таянғанын сезіп отырды. Барлық жұмыс істеп тұрған төрт зауыт та тростниктік қант шикізатын сол кезде сатып алып, ай сайын 50 тоннаға дейін өнім өндіруге дайын екенін білдірді. Егер сол кезде нақты қолдау болғанда, еліміздің осы төрт зауыты-ақ Қазақстандағы барлық қант сұранысын қанағаттандырар еді, – дейді экономист Қанат Ербозов. Бірақ өкінішке қарай, Үкімет тарапынан қаржыландыру да, квота да болмады.

Тек өткен айда ғана Алматы облысындағы «Ақсу қант» зауыты сұраған 30 мың тоннаның орнына 2300 тоннаға квота алыпты. Алты жүз мыңнан аса адам жұмыс істейтін алып өндіріс орнының бұл  жұмырына  жұқ болмайын деп тұр. Есесіне құрылыспен, басқа да  бағдарламалық қамтамасыз ету жұмысымен айналысатындар ебін тауып, өнім шығаруға квота алып алған. Бірақ олар елді қантпен қамтамасыз етуге еш қатысы жоқ компаниялар көрінеді.

«Сондықтан ұлттық тағам өндірісі қауіпсіздігіне қатысты заңды қатайтып, мемлекеттік реттеу тетігін күшейту керек. Әрі қант өндірісі саласына айтарлықтай қолдау қажет екені көрініп отыр. Оның өндірістің ең шешуші тетігі екенін түсінбей, оған баса көңіл бөлінбей, істің оңғарылып кетуі екіталай» дейді «Ақсу қант» компаниясының басқарма төрағасы Қайрат Оразбеков.

Іргедегі көршіміз Ресейді алайықшы, айналасы 7-8 жылдың ішінде қантты сатып алатын мемлекеттен ЕАЭО ішінде қантты экспорттайтын елге айналып шыға келді. Қалай? Мемлекеттің пәрменді қолдауының, жеңілдетілген несие берілуінің, холдингтерге жер телімі бөлінуінің арқасында мүмкін болған жағдай – бұл. Бізде осы мүмкіндік неге қарастырылмайды? Біздіңше, бұл – Үкімет нақты қолға алса, орындауға болатын шаруа. Ал орындалса, бүгінгі қантқа байланысты туындап отырған қиындық та жойылар еді. Адамдар дүкенде таласып қант кезегіне тұрмай-ақ, бұрынғыдай қолжетімді бағаға керегінше тәттісін сатып алып, қысқа дайындығын жасап, қалыпты өмірге түсер еді. Ол үшін құзыретті органдардың нақты шара жасауы керек-ақ…

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button