Қаныш планетасы
Қазақ ғылымының ту ұстаушысы, өзі көреген, өзі ұйымдастырушы, өзі тәлімгер, өзі реформатор, өзі әмбебап ғұлама, Қаныш Сәтбаев Ғылым академиясының негізін қалады. Мемлекеттің көркею тарихында ғылымның орны қандай екенін жарқыратып танытты. Ғылым майданы дегеніміз – парасат пен ақыл-ой майданы екенін терең түсіндірді. Келешегі жарқын ақылына әрекеті үйлес ынталы жас кадрлердің басын қосып, күшін біріктіріп, бір ұлы мақсатқа жұмылдырды, қанаттандырды, жетілдірді. Сөйтіп, артына алтын із, алтын сөз, алтын дәстүр қалдырды.
Амал нешік, тәуелсіздік дәуірінде ғылыми тас-түйін дәстүрлер, бой түзеген мектептер, телегей тәжірибелер, құндылықтар ізім-қайым жоғалды…
Енді не істеу керек? Ол үшін Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан сынды ғылым қайраткерлерінің тарихи қызметін, рухын, ісін, білімін, сөзін жаңғырту арқылы ұлттың жоғын түгендеуге, биігін бағындыруға болады.
Қаныш Сәтбаевтың кемеңгерлік болмысын тану үшін академик Ә.Х. Марғұланның пайымдауларындағы мәліметтерді жадымызда жаңғыртып, сөйлеткен абзал. «Жаратушы «Қаныштан ақыл байлығын аямаған», «тұңғиық сырмен, терең оймен, таусылмайтын ақылмен, сұлу сезіммен толтырған», ел-жұртына қадірлілігі, қымбаттығы, сондай «пайғамбардай көрінген» деп жазады. Сонымен қатар Әлекең қарт шопан Жайлаубай Кеңесұлының 1946 жылғы мынадай естелігін келтіреді: «Мен өзім Қанышпен он бес жылдан аса жолдас болып, даланың көп жерін араладым, қай тас вольфрам, қай тас ванадий, қай тас қорғасын, қай тас марганец, жез, қалайы, темір екенін қазір жақсы айыра аламын». Міне, Қ.Сәтбаевтың білгірлігіне нақты куәліктер. Оның білімі алапат. «Граниті бар жердің суы терең, әрі тұщы болады» дейді екен.
Екінші, Ә.Х. Марғұлан Қ.И. Сәтбаевтың ата-тегіне, «аталы жұрт ару ел» екеніне тоқталады. Ол арғыдағы «көмекей әулие» Бұқар жырауды ауызға алып, тоғыз атасын атайды. Әкесі Имантай ақылды, кемеңгер, момын кісі болған. Жібек мінезді, терең ойлайтын, әр нәрсені ақылмен, сабырмен шешетін, шын мағынасында кемеңгер кісі болатын, Омбыда Шоқанның пәтерінде тұрған, Азия мектебінде (1862-1864) оқыған, араб, парсы, шағатай тілдерін білген, шығыс шайырларын жатқа заулатқан, ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы ел тарихына жетік, «Имекеңмен әңгімелесу – университетте лекция тыңдаумен бірдей болатын» деп, тебіреніп жазады.
Үшінші, бала Қаныш ауыл мектебінің өзінде-ақ араб, парсы, шағатай тілдерін оқыған. Семей семинариясында оқыған жылдарында тағлимат мектебінен өткен, өзі де қыранша сілкініп, ой-зердесін байытқан. Айталық, 1915 жылдың 3 ақпанында География қоғамы театрда қазақша сауық кешін өткізеді. Ұйымдастырушы қайраткер – Нәзипа Құлжанова.
Әр бөлімнің тақырыптары мынадай:
- Біржан мен Сараның айтысы;
- Батырлар сайысы;
- Қазақ әндері;
- Абай өлеңдерінен декламация.
Студент Қаныш Қобыланды батыр рөлін, Жарылғапберлінің, Мұстафаның «Топай көк», «Баянауыл» әндерін орындайды. Ә.Х. Марғұланның көрсетуінше, бұл кештің суреттерін «Семипалатинский телеграф», «Сибирская жизнь» газеттері жариялаған.
Төртінші, Ә.Х. Марғұлан Қаныш Сәтбаев өскен ортаны да ыспаттайды. Семейдегі оқытушылар семинариясының директоры Әбікей Сәтбаевтың шаңырағында Том технология институтынан Алтай мен Қазақстанға бет түзеген профессорлар мен фольклор үлгілерін жинаушылар М.А. Усов, Г.Н. Потанин, В.В. Сапожников, А.В. Анахин, А.В. Адриановтар бас қосқан, сұхбат құрған. Студент Қаныш олардың әңгімелерінің рухын бойына сіңірген, жетілген. Балауса Қаныш Том технологиялық институтына түсу үшін математика, физика пәндерін қажыр-қайратпен оқығанын Әлекең тәптіштеп айтады.
Томдағы жоғары оқу орнында Күншығыс мәдениетін зерттейтін ғылыми үйірменің жұмыс істеуіне ұйытқы болады. Мұнда тарих, этнография, халық әдебиеті мәселелері туралы теориялық тәжірибелер ортаға салынады. Өзі де қазақ әдебиеті хақында баяндамалар оқыды. Білім қуған Қанекеңнің гитара, скрипка, мандолина сияқты музыкалық аспаптарда ойнағанын және фокстрат, танго, ча-ча, халигала, твист тәрізді билерді мінсіз меңгергенін Әлекең меруерттей тізіп келтіреді. Бірегей тұлғаның жастық шағында алапат қайратпен алға ұмтылыс-құлшынысы, мақсат-мұраты осындай.
Алаш қайраткерлерінің көзін көрген, тәлім-тәрбиесіне қаныққан, ұлтының озық рухани игіліктеріне жастайынан үңілген, жас жайнақ Қанышты 1920 жылдарда дала данышпаны, көріпкел Мәшһүр Жүсіп: «Осы күнгі жастарда Қаныш Сәтбаев – адамның жорғасы. Тірі болса, тірі жүрсе, бақты, талайлы болатын жігіт… Тірі Қаныштың өміріне Құдай береке берсін!» деп, келешектің кемел тұлғасын сәуегейлікпен болжапты.
Тұйғындық, сұңқарлық қасиеттері ерекше, дүниетануы, барлауы, бақылағыштығы өзгеше Қаныш Сәтбаев 1927 жылдың 8 ақпанында: «Мен – қазақпын, жаратылысым да, жаным да қазақы. Ой-түйсігім бойынша да қазақпын. Алдағы өмірімді тек қана туып өскен Қазақстанда өткізбекпін… бұл жолда… рухани күрес жолында өткізгенді жөн көремін. …Қазақстан қиырында «кезбе» болып, өмір бақи кен іздеуге құштармын…». Мінеки, Ұлы дала патриотының, лидерінің, стратегінің пәлсапалық-ғылыми ұстанымы.
1919-1924 жылдарда ұлт тілінде «Алгебра» оқулығын жазған, Сібір геологтарының мектебінде тәрбиеленген, әйгілі ұстаз М.А. Усовтың майталман шәкірті, палеонтология, тарихи геология (яғни жер қыртысының түзілісі, заттық құрамы, даму тарихы, қозғалысы, кең байлықтарының жаралуы мен жайғасу тәртібі жайында), петрография дейтін ілімдерді мінсіз байыптаған-ды.
Ілім-біліммен мұздай қаруланған жас жаратылыстанушы, «дала дейтін классикалық мектептің» (М.Усовтың тұжырымдамасы) қабілетті өкілі Қ.Сәтбаев «Минусин өңіріндегі Маин кенінен мыс барлау және оны геологиялық зерттеу» дейтін күрделі тақырыпта диплом жұмысын қорғады (1926 жыл, 14 мамыр).
Дереу Семей губерниялық «Қазақ тілі» газеті: «…Қазақстанның өнеркәсіп тарихында Қаныш жолдас өндіріске басшылық ету қызметіне кірісіп отырған тұңғыш маманымыз… Сәтбайұлы Қаныш азаматтың қаз тұрып келе жатқан Қазақстан өндірісін қаз тұру жолында аянбай қызмет етуіне сеніміміз күшті, әмсе сол істе жолы болғай!» дейтін лебізін жалпақ елге жайыпты.
Оқымысты-геолог Қ.И. Сәтбаев – рудалық кендер геологиясы мен геохимиясын, Қазақстанның тұтастай минералдық ресурстарын барынша бажайлап анықтап, саралаған металлогения мектебінің негіздеушісі. Сондай-ақ формациялық металлогендік талдаудың кешенді тәсілдерін енгізді. Ғылыми-методологиялық ұстанымдарының кестесін былайша жіктеп көрсетелік: 1) тектоникалық шарттар; 2) стратиграфиялық шарттар, 3) литологиялық-петрографиялық шарттар, 4) құрылымдық белгі-сипаттар. Жер қойнауының білгірі жинақталған геологиялық деректерді, болжам карталарының қисындарын сараптап-саралауда көріпкелдік танытады.
Алатаудай жемісті кесек істерімен замана қайраткерлерін мойындатқан Қ.И. Сәтбаев хақында академик А.А. Яншин: «Сәтбаев талантының сан қырлылығы таң қалдырады. Әдебиет, өнер, философия, экономика, геология, астрономия, астрофизика, ботаника мәселелері – міне, осылардың барлығы оның мұрат тұтқан құлшыныстарының бір бөлігі ғана еді» деп тебіренеді. Әрі жалғастырсақ, агробиология, вирусология, микробиология, зоология, энергетика және т.с.с.
Академик Қ.И. Сәтбаевтың ғылыми-шығармашылық еңбегінің бел омыртқасы – Ұлытау өңірі. Жер бетінің бедері, тау жыныстары мен топырағының сарабдал сыншысының мына бір ой-тұжырымдарын миға жүгіртейікші: «Ұлытау кенересі көбінесе қатты тау жыныстарынан жасалған. Кей жерінде бұларға түйіршікті тақта тас жыныстары да қосылып отырады. Қазақ даласындағы ең көне тау – Ұлытау деп айтуға болады. Жердің тарихын зерттейтін ғылым жер жүзінің жасалу тарихын төменгі төрт дәуірге бөледі: агностозой, палеозой, мезозой, кайнозой.
Бұлардың ең ертесі – агностозой дәуірі. Бұл дәуірде жер жүзі тегіс дерлік топан суының астында болған. Дүниеде еш тірі жәндік болмаған мезгіл. Палеозой дәуірінде жердің сыртының біразы су астынан шыққан. Жәндіктерден бұл дәуірдің басында – су ішіндегі құрт, балдыр ғана жасалған, аяғында – балық табы жасалған. Мезозой дәуірі – жәндіктердің ең алғаш теңізден құрғаққа шыға бастаған мезгілі. Кайназой дәуірінде адам баласы жаралған. Ұлытау кенересі бұл бөліктің агностозой дәуіріне қосылады. Бұл дәуірде судан шыққан бүкіл жер жүзінде Скандинавия, Шотландия, Сібірдің таулары, Саян тауы мен Ұлытау ғана болған. Біздің Қазақ даласының жартысы тіпті бертін кайнозой дәуірінде ғана су астынан шыққан».
«Ұлытау кенересі» ұғымы нендей мағына беретіндігіне зейін аударалық. Мәселенің мәнісін түп-төркінінен түсіндіруге шебер ойшыл-геолог Ұлытау кенересінің бір жақ шеті Бетпақдалаға дейін, екінші бір шегі Арал теңізіне шейін созылатынын жазған-ды. Расында Құранның қағидаты бойынша, тау – қара жердің қазығы. «Қаф» сүресінің 7-аятында «барлық биік таулардың түп негізі жердің жоғарғы қыртысынан өтіп, оның көрініп тұрған биіктігінен он-он бес есе үлкен көлемде тереңдеп кетіп, сол арқылы континенттердің тұрақтылығын күшейте түседі».
Сәтбаев кенересін, яғни ақыл-ойының, ұшқыр қиялының, пәлсапалық интуициясының, энциклопедиялық білімінің, жаратылыстану және гуманитарлығының ауқымын, шек-шекарасын, шарықтау деңгейін айқындау – жүзжылдықтардың еншісінде…
Ол – сөз зергері, өнертанушы, театртанушы, қазақ тарихи жырларының білімпазы, көсемсөзші, этимология мен топонимикаға жүйрік. 1926 жылы А.В. Затаевичке Мәскеу шаһарында домбырамен халықтың жиырма бес әнін нәшіне келістіре орындап, мәтіндерін орыс тіліне тамылжыта тәржімалап, әндердің шығу тарихына қатысты бағалы деректерді, мәліметтерді жұтынтып жеткізген.
Оның суреткерлік, шеберлік қабілеті «Обаған» дейтін новелласында («Қазақ тілі» газеті, 1923 жыл, 13 желтоқсан) жарқын түрде көрініс тапқан. Бұлшық ақсақал қазақтың ежелгі ғашықтық әні «Обағанның» тарихын есілте-көсілте баяндайды. Ол – он төртінен туған айдай Ақық арудың қасіреті, жүрек түкпіріндегі сыры…
1927 жылы Мәскеуде «Ер Едіге» жинағына жазылған «Сөз басы». Мұнда «Ер Едіге» жырының жазылу, жариялану тарихынан бастап, қазақ елінің территориясын («Бір шеті Алтай мен Тянь-Шань, екінші шеті Балқан тауларының Шығыс бөктері аралығындағы ұлан байтақ жерде түрлі түрік қауымдарының ерікті, бұланды көшпелі өмірімен ерсілі-қарсылы жөңкіліп жүретін мезгілі»), Дешті Қыпшақ, Алтын Орда заманын, «ескі жолды» Есімхан, «қасқа жолды» Қасым хан, «тура жолды» Тәуекел хан, «жеті жарғыны» Әз Тәуке, ер Абылай дәуірлерін және де халқының қамал-қорғаны хас батырларын меруерттей тізіп атайды. Солай десек те, Ер Едіге «қазақ батырларының ішіндегі ең маңдайы, аруағы күшті көсемі, сәулесі күшті шолпаны», «әрі би, әрі батыр, әрі көсем, әрі ақылды дана».
Академик Қ.И. Сәтбаевтың жазуынша, «ел аузындағы ескі сөз көпшіліктің ар-иманының айнасы». Сондықтан да Едіге әңгімесінің көркемдік әлемін, тарихи қырларын, барша түрік нәсілдеріне ортақ мұра екендігін әдебиет тарихшысының тұрғысынан байыптайды.
Сонымен қатар әдеби тіл мәселесі, «тіл сақтау», «тіл байыту», жыр уәзіні дейтін қымбат құндылықтар мен қисындарды айрықша атайды.
Филологиялық білімі, танымы, пайымы ерте қалыптасқан Қ.И. Сәтбаев ескі сөздердің «бейнешілдік, кеңдік, суретшілік жақтарынан алғанда», «әлі күнгеше жаңа ақындардың көбіне үлгі» деп ескертеді. Тағы да: «Ескі сөздердің ішінде қазақ жұртының өткен кездегі тұрмысы, салт-санасы, әдеттері көп суреттеліп отырады. Бұл тарих жағынан қымбат нәрселер». Міне, толық түсіндіру, кешенді талдау дегеніміз осы.
Академик Қ.Сәтбаевтың өзінің артында үш ұлы игілік қалдырды: 1) Жезқазған, 2) Ғылым академиясы, 3) Геологиялық ғылымдар институты. (Профессор В.С. Коптев – Дворников).
Қ.И. Сәтбаевтың ұлы еңбегін, астрономия ілімін ілгерілетуге қосқан қызметін бағалап, ғаламшарлар жүйесінің жаңа астероидына Халықаралық астрофизика орталығы (АҚШ-тың Смитсон институты) жұлдыздар картасында 2402 санды «Сәтбаев ғаламшарын» тағайындайды. Бұл орайда ақын Хамит Ерғалиев «Ғарыштағы Қаныш» дейтін жырында:
«Құдайлығын тіріде
құндайды Алып,
Бұл дүниеде қалыпты
кім байланып.
Данышпанның талайы
тасқа айналса,
Біздің ағай ұшып жүр
Күнді айналып!..».
Академик Қ.И. Сәтбаевтың ой-толғауларында, жазбаларында Хан Кенеге құрметі орасан. Кенесары Иман батырдың үздік жауынгерлік өнері мен тәжірибесін жоғары бағалап, «Иман келді – аман келді» дейді екен. «Сөз түйінін Иман шешеді екен» дейтін лебіздерін арқау еткен («Аманкелді батыр бабалары», «Социалистік Қазақстан», 1944 жыл, 18 маусым).
Ел келешегін кемеңгерлікпен ойлаған, болжаған, бағдарлаған Қ.И. Сәтбаев ХХ ғасырдың 60-шы жылдарында Қазақстанның көмір, мұнай, газ, су, топырақ, шөлейт даланы игеру мен күн, жел қуаттары сияқты энергетиканың ресурстарын үнемдеуді, өрістетуді ойластырған.
Ғұламалық зердесі, ой-парасат дүниесі, ғылыми ойлау жүйесі кемел кемеңгер 1947 жылдың наурызында КСРО Жоғарғы Советінің делегациясының құрамында Англияға барғанда, Премьер-министр Уинстон Черчилль таңданып: «Қазақтардың барлығы осындай ұзын бойлы ма?» деп сұрапты. Сонда тұтқиылдан Қаныш Сәтбаев: «Менің халқым менен де биік» деп, жауап қайтарыпты.
Асылы, энциклопедист-оқымысты, өрен ұйымдастырушы, ұлт, мемлекет қайраткері Қаныш Сәтбаев – Ұлы даланың жиһанкез кеншісі, ұлы көшбасшылық идеялардың кеніші, халық перзенті.
Сәтбаев құбылысы – ғұламалық тереңдік пен планеталық ойлаудың шынайы үйлесімі. Мұның нақты айғағы, айнасы – Сәтбаев планетасы. Астрофизиктердің анықтауынша, бұл – Марс пен Юпитердің аралығында қозғалып, күнді 3 жыл, 4 ай мерзімінде айналып шығады. Яки күннен санағанда 4-ші және 5-ші планетаның арасында. Диаметрі – 11 шақырым. Сыртқы сұлбасы – ойлы-қырлы, бұрышты, түсі – қарасұр. Орбиталық элементтері есептелген. Бұл планетаны КСРО ҒА Қырым астрофизикалық обсерваториясының аға ғылыми қызметкері Н.Черных тауып, сонан соң АҚШ-тың Кембридж қаласындағы Смитсонов институтында орналасқан Халықаралық планета орталығы мақұлдаған. «Көкке бір кісі ұшады, етегіне мың кісі сияды» дегендей, бекзат байтақ жұртымыз да, Ұлы даламыз да Сәтбаевтың қаһармандық құдіретті еңбегінің арқасында ғарышта ұшып жүргендей.
СЕРІК НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор