Басты ақпаратҚоғам

Қаныштың тойы – қазақтың тойы

Астанадан жүйткіген көлік Баянауылды бағытқа алды. Ондағы мақсат – академик Қаныш Сәтбаевтың мерейтойына қатысып, қуанышқа ортақтасып қайту. Бізді Баянауылдың белсенді азаматтары күтіп алып, этноауылға жол бастады.

Той тойға ұлассын!

Өткен ғасырда Баянауыл топырағында елдің әлеуметтік-­экономикалық және рухани-мәдени ілгерілеуіне үлес қосқан бір топ тұлғалар шоғыры шықты. Олар бір-бірін құрметтеп, ағалы-інілі байланыс орнатып, тілеу­лес болды. Сондай тұлғалар арасынан мерейтойлық жылы саналатын Жүсіпбек Аймауытов­ты, Қаныш ­Сәтбаевты, Әлкей Марғұланды, Шәкен Аймановты ерекшелеуге болады.

Бұлардың әділ бағасын тарих әлдеқашан берді. Біздің ендігі міндетіміз – тұлғатану ілімі аясында тұлғалардың тағылымын дәріптеп, қасиет-қабілеті мен болмыс-бітімін жас ұрпақтың бойына сіңіру. Павлодарлық өңірлік билік осы бағыттағы жұмыстарды қолға алып, Ж.Аймауытовтың 135 жылдығын, Қ.Сәтбаевтың 125 жылдығын, Әлкей Марғұланның 120 жылдығын, Ш.Аймановтың 110 жылдығын жыл көлемінде атап өтуді жөн санапты. Оның нақты айғағы – Ж.Аймауытов, ­Қ.Сәтбаев, Ә.Мар­ғұлан және Ш.Аймановтың өмір жолын тереңнен толғаған сапалы кітаптардың тұсаукесері өтіп, қалың жұртшылыққа таныстырылды.

Photo Valeriy BUGAYEV

16 тамыз – мерейтойдың бірінші күні. Павлодар қаласындағы «Достық» үйінде «Академик Қ.Сәтбаев феномені: кеше мен бүгін» атты республикалық конференция өтіп, сәтбаевтану ілімінің бір парағы ашылды. Ғылыми шарада ғалымның еңбегі сараланып, атқарған бастамалары жан-жақты дәріптелді.

Түс ауа Баянауыл ауданындағы Мұса Шорман ауылына жол түсті. Делегацияны сенатор Алтынбек Нұхұлы бастады. Көпшіліктің арасында ғалымдар Тұрсын Жұртбай, Герой Жолтаев, Ұлықпан Сыдықов, ақындар Жүрсін Ерман, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, әнші-композиторлар Шаһимардан Әбілев, Ерлан Төлеутай бар. Сондай-ақ Қаныштың туған жиені Әлима апайды көрдік. Мәжіліс депутаттары Аманжол Әлтаев, ­Жанарбек Әшімжан, Жарқынбек Амантайұлы көпшіліктің арасынан көрінді.

Бұрын Теңдік деп аталған, қазіргі Мұса Шорман ауылының кіреберісінде 35 тарихи тұлғаға арналған аллея жасалыпты. Түнде жарқырап жанатын бұл белгілердегі суреттерді Алмас Сырғабай салып, өлеңдерін ақын Аспанбек Шұғатай жазыпты. Дәл осы ауылда Қаныш Сәтбаев туып, өмірді таниды. Сондықтан мерейтойға жиналғандар ғалымның ізімен жүргендей әсер алды. Көп өтпей Мұса Шорманұлының зиратына тоқтап, осы далада туған, өсіп-өнген тарихи тұлғалардың рухына құран оқып, ел тыныштығы үшін дұға тіледік.

17 тамыз – мерейтойдың екінші күні. Таңертеңгі сағат тоғыз болмай Мойылды шатқалында тойшыл қауымның қарасы көбейіп, ақ шаңқан үйлердің есігі ашылып, ұлттық дәстүр, ұлттық мұра әдемі көрініс тапты. Думанды тойға Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан ­Қошанов арнайы келіп, ­Президент құттықтауын жеткізді.

– Академик Қаныш Сәтбаев – мың адамның еңбегін жасап, артына мың жылға татитын мұра қалдырған адам. Сонысымен-ақ ғалым есімі ұлт тарихында ғана емес, әлем ғылымы тарихында алтын әріптермен жазулы. Сондықтан Қанышты дәріптеу – қазақ ғылымын дәріптеу, қазақ тарихы мен рухын дәріптеу, – деді Ерлан Қошанов.

Киелі өңірде дүниеге келіп, есімі елге танылған тұлғаларға арналған лайт бокстардың ашылуына куә болдық. Мұны тарихқа тағзым, ұлыларға құрмет деп қабылдадық.

Тойшыл қауымның назарын аударған іс-шара айтыс болды. Расында, мерейтойдың ең негізгісі ақындар айтысына бағытталыпты. Елдің түкпір-түкпірінен келген 12 ақын сөз таластырып, ой жарыстырып, көпшілікке ұтымды ой, ұтқыр сөз айтуға тырысты. Бізді қуантқаны Жүрсін Ерман ағамыз ақындардың шабытын анықтап, төрелік етті.

Академиктің 125 жылдығына арналған айтыста бас жүлдені жергілікті ақын Аспанбек Шұғатаев еншіледі. Ақындардың ішінде шоқтығы биік, өзіндік ізі бар маңғыстаулық Абай Жолмағанбет бірінші, қарағандылық Тілеген Әділов екінші, шымкенттік Нұрлан Есенқұлов пен екібастұздық Рауан Қайдар үшінші орынды иеленді.

Түс ауа жұртшылықтың арқасын қоздырған аламан бәйге мен командалық көкпарға куә болдық. Балуандар бәсекесі де тартысты өрбіді.

Баянауылдық белсенді азамат Айбат Ыдырысов көпшілік жұмыла атқарған істе береке болатынын айтып: «Павлодар облысына қарасты аудандар «Қаныштың тойы – қазақтың тойы» деп атсалысып, тойдың шашбауын көтерді. Баянауылдың іскер азаматтары тойшыл қауымды қарсы алуға барынша қолдау көрсетіп, ақ шаңқан киіз үйлер барлық қонақты құшақ жая қарсы алып, дәм ұсынды. Тіпті Мойылды шатқалына асфальт төселіп, жаяу жүргіншілерге қолайлы етті. Бұл тойды көрген де, көрмеген де арманда» деді.

Сәтбаев тағылымы

Баянауылдан шыққан тарихи тұлғаларды талдайтын болсақ, Бұқар жыраудан бастап бүгінде елдіктің жолында абыройлы қыз­мет етіп жүрген ағаларымыз­ға дейін тоқталу керек-ақ. Бұл көлемді еңбекті талап ететіні анық. Сондықтан мерей­той иелеріне қатысты тұлғаларға ғана тоқталсақ, ойымызға Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы келеді. Ол замандас інілерімен жақын араласып, рухани демеп, батасын бергенін тарихтан жақсы білеміз.

«Өз тұсында Шорман баласы Мұсадан жорға озған жоқ. Осы күнгі жастарда Қаныш Сәтбаев – адамның жорғасы. Тірі болса, бақты, талайлы болатұғын жігіт. Өлі Мұсаға Құдай рахмет қылсын, тірі Қаныштың өміріне Құдай береке берсін!» деп батасын берген нақ осы Мәшһүр Жүсіп еді.

Ақын дәл таныпты, өз заманында Қ.Сәтбаевтың білім-білігі, таным-тағылымы жағынан алдына түсетін жан болмады. Баянауылдан 40 академик шықты десек, бірінші кезекте заман адамы, ел азаматы болған Мұса Шорманның ықпалы зор. Қаныш Сәтбаев та Ақкеліндегі Мұса Шормановтың мектебінен қаріп танып, сауатын ашады. Сосын Керекудегі екі сыныптық орыс-қазақ мектебінде білім алады. Білімге ынтық жүрек Семейге барып, губерниядағы элиталық мұғалімдер семинариясына қабылданып, сонда жазушы Мұхтар Әуезовпен бірге оқытушылық курсты игереді.

Бұдан кейінгі кездері Алаш партиясының идеясын насихаттауға үлес қосады. Осы тұста Алаштың рухани ұстазы ­Ахмет Байтұрсынұлының бағыттауымен «Алгебра» оқулығын жазады.

Алаш қайраткерлері лек-легімен ұсталып, қуғындалып жатқанда, олардың соңғы үміті Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан еді. Өтпелі кезеңдерде аман қалып, елдіктің жолында қызмет етуді бір жолы кеңестік билікке қызмет ету еді. Бұдан өзге жол өлімге апарады. Осыны түсініп, қазақ ғылымына қызмет ету, осы арқылы аға буынның арман-мұратын орындауға болатынын жақсы түсінді.

ХХ ғасырдың 20-жылдары Қаныштың ауылына туберкулезден емделуге Томск технологиялық университетінің профессоры, геолог Михаил Усов келеді. Профессор Қанышты геология ғылымына қызықтырып, Томск технологиялық университетіне түсуге жол ашады. Сөйтіп, Қаныш Сәтбаев Томск қаласындағы технологиялық университеттің геологиялық барлау бөлімінің студенті болады. Геология ғылымының қыр-сырына қанығып, маманданған жас геолог Орталық Қазақстан территориясындағы барлық барлау және іздеу қызметін басқарады.

Академик Әбдімәлік Нысанбаев: «Осы кезге дейін зерттеу­шілер мен жазушылар қазақ даласының қойнауындағы кен байлықтарды болжап табудың, оны тиімді тәсілмен өндірудің, жедел ел игілігіне жаратудың ғажайып үлгісін көрсетіп, Қазақстанның қазіргі өнеркәсібінің іргетасын қалаған, осы еңбегі үшін өз заманындағы ең жоғары марапаттар – КСРО-ның Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтарына ие болған, бүкіл Орталық Азия ғалымдары арасынан алғашқы болып сол кездегі Одақтық Ғылым академиясына толық мүшелікке сайланған, Қазақстан Ғылым академиясын оның тұңғыш президенті ретінде ұйымдастырып, оны кешенді сан-салалы ғылыми-зерттеулер ордасына айналдырған адамның өмір жолын, ғылыми-дүниетанымдық және қоғамдық-гуманистік қызметін, кейбір кісілік қасиеттерін біршама зерттеп те, жазып та жүр. Алайда Сәтбаевтың рухани әлемі, құндылықтар жүйесі, оның адам таңғаларлық намысы, қажыр-қайраты мен мұқалмас рухының қайнар көздері туралы біртұтас түсінігіміз әзірге қалыптаса қойған жоқ» дейді.

Сәтбаевтың қазақ ғылымын қалыптастырып, дамытудан бөлек, Семей қаласындағы Абай кешін ұйымдастыруға белсене араласуы, А.Затаевичке қазақтың 25 әнін айтып беріп, нотаға түсіртуі, Баянауыл тауының бөктерінде «Еңлік-Кебек» спектаклін қойып, өзі де рөлде ойнауы, Мәскеуден «Ер Едіге» дастанын кітап етіп бастыруы, қазақтың тұңғыш театры туралы мақала жазуы ұлт руханиятына қызмет етіп, ағалар аманатына адалдық танытуы деп білеміз.

P.S: «Туған жердің тағдыры толғантпаған, жаны тебіреніп, ол туралы ойланбаған адамды қайтіп азамат дейміз? Туған жердің қара тасын мақтан ете білмеген азамат бөгде жердің алтын тасын да мақтап жарытпас». Бұл – академик Қаныш Сәтбаевтың сөзі. Міне, Қаныштың тойында осындай ой түйіп қайттық. Бұл – ғалымның бізге мирас еткен ғибраты. Осы ғибраттан тағылым алмай, дамудың жолын табуымыз қиын.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ,

Астана-Павлодар-Баянауыл-Астана

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button