Мәдениет

Қапастағы әйелдер қасіреті

Кезінде М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Армиял Тасымбеков пен Қалихан Ысқақтың «Кебенек киген арулар» атты қасіретнамасы қойылды. Болат Атабаев сахналаған бұл спектакльде «халық жауы» атанған ардақтыларымыздың АЛЖИР-ге түскен жарларының қапастағы өмірі, тұтқын әйелдер тағдыры көрсетілген. Осы тақырыптас туынды елорда сахнасына жол тартты. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры АЛЖИР құрбандарының рухына арнап «Шанель №5» деректі драмасының премьерасын ұсынды. Пьеса авторы – Мәдина Омарова, қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.

[smartslider3 slider=1588]

АЛЖИР тұтқындары арасында әртүрлі ұлттан шыққан әйелдер болғаны белгілі. Бұл тақырып, тіпті, ел ауқымынан шығып, шетелде сахналанды. Бірнеше жыл бұрын Тбилисидегі А.Грибоедов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры АЛЖИР-дегі грузин әйелдер тағдырын арқау еткен спектакль қойып, Қазақстанға әкеліп көрсетті.

Елорданың Музыкалық жас көрермен театры қойылымын да халықаралық жоба деп атасақ болады. Мәселен, сценографиясын Грузиядан шақырылған халық­аралық театр фестивальдерінің лауреаты Тамри Охикяни жасады. Грузиялық шебер костюм суретшісі де болды. Ал драма кейіпкерлерінің бірі – жазушы Борис Пильняктың жары болған әйгілі грузин актрисасы Кира Андронникашвили.

Спектакльге Францияның әйелдерге арналған атақты иіссуы «Шанель №5» атауының берілуінде де мән бар. Қойылым режиссері тарихты сөйлетумен қатар қапастағы әйелдердің жан дүниесін көрсетуге тырыс­ты. Ал әйел – қашан да әйел. Әдемі киінуді, жұпар аңқып жүруді қалайды. Оның үстіне АЛЖИР-де, негізінен, қарапайым әйелдер емес, өнер адамдары да көп болды. Атап айтқанда, қайраткер деңгейіне көтерілген театр режиссері, қырқыншы жылдары Алматыда жас көрер­мен театрының құрылуына мұрындық болған, қазір сол театр өзінің атын иеленген Наталья Сац, актриса Рахиль Мессерер-Плисецкая, Жұмат Шаниннің жары, актриса Жанбике Шанина АЛЖИР-дің быламығын татты. Спектакльге француз актрисасы Жюльет бейнесі де енгізілді. Жалпы қо­йылымнан ардақтыларымыздың жарларымен қатар орыс, серб әйелдерін де көреміз.

Ал спектакльде жетекші орын Бейімбет Майлиннің жары Гүлжамал Майлинаға берілді. Бұл кейіпкерді белгілі актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Самал Еслямова сомдады. Онда қорлыққа шыдамай, лагерь бастығының орынбасары Юрий Узипенкоға (актер Ерназар Жаңатілек) айыр алып жүгірген өжет Гүлжамалды көреміз.

Бірақ АЛЖИР бастықтарының бәрі жауыз емес еді. Мәселен, 1939-1953 жылдары лагерь бастығы болған Сергей Баринов (Азат Мыңбаев) – жағымды кейіпкер. Ол тұтқын әйелдерге жанашырлық танытып, тіпті өзінің орынбасарымен сөзге келіп қала береді.

Қойылымда Гүлжамал Майлинамен қатар Дәмеш Ермекова-Жүргенова (Инабат Ризабекова), Гүлбахрам Сейфуллина (Нұрай Рысбекова), Айша Құлымбетова (Диана Тұржанова), Күләндам Қожанова (Шынар Қалдыбай) секілді кейіпкерлер қамтылған. Бұл – Темірбек Жүргенов, Сәкен Сейфуллин, Ұзақбай Құлымбетов, Сұлтанбек Қожанов сынды қуғын-сүргінге ұшыраған асылдарымыздың жарлары.

Спектакльде Бейімбет Майлин (Қазыбек Есқара), Темірбек Жүргенов (Саламат Мұқашев), Жұмат Шанин (Расул Усманов) елестері де көрінеді. Қойылымға әдеттегідей актерлердің екі құрамы тартылды. Біз бірінші құрамда ойнағандарды атап өттік. Мұнымен қоса, елордадағы Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназия оқушылары қатысты.

Премьера бес күн бойы жүрді. Оны Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Дидье Каннес, Бейімбет Майлиннің ұрпақтары арнайы келіп тамашалады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button