Мәселе

Қақалатын сөздерден қашайық

Елімізге танымал қайраткер, мемлекеттік басқару саласының білікті маманы Алихан Бәйменовтің «Хақ, әлде құқық? Судья, әлде қазы?» атты қазіргі терминологияға, сөз мәдениеті мен қолданысына қатысты пікірі аса көкейкесті деп санаймыз. Мұны алғаш жариялаған «Астана ақшамы» газетінің ниеті де, бастамасы да қолдауға және елдік пікір өрбітуге лайықты деп ойлаймыз.

[smartslider3 slider=2977]

Тәуелсіздіктің елең-алаңынан басталған ұлт пән сөздері (терминологиясы) өзіміз қандай болсақ – дәл сондай. Асығу да, байыпсыздық та, мақтангершілік те, «мен білемдік» те көрініс тапқан. Сонымен қатар орнықты, жауапты, тың ізденістерді де жоққа шығаруға болмайды. Бірақ содан бері 30 жылдай уақыт өтті. Қателікті, шалалықты түзететін кезеңге жеттік. Бұлай деу ешкімнің де шамына тимейді деп ойлаймыз. Өйткені терминология да өсіп-жетіледі, толығып-толысады.

Бір ғана мысал келтірейік. Қазір екінің бірі, ерінбегеннің бәрі қате айтып жүрген «салауатты өмір салты» (дұрысы «саламатты өмір салты») тіркесі осы бағдардағы Парламенттен өткен заңға ­Президент қол қояр сәттің алдында ғана түзетілді. Яғни «салауат» (діни лексикон) «саламат» болды. Қате айтсам білетіндер нақтылар, түзетудің авторы «Егемен Қазақстан» газеті ұжымы еді.

Тағы бір ой. Күні кешеге дейін аузымыздан түспеген елдік ұран – «Мәңгілік ел»-тін. Қазір осы ұғымның ескерткішіндей болып сол жағалауда даңғыл аты (бұрынғы Орынбор көшесі) және елорда қақпасы тұр. Бұл сөз саяси термин ретінде актив қолданысқа түсер алдында: «Байырғы түпнұсқада, тастағы жазуда – «Мәңгі ел». Солай болуы керек қой!» деп шырылдадық. Сол шақта Президент әкімшілігіне сөзі өтетін қаламгерлер: «Жоқ, «мәңгі» – бәңгі, наркоман дегенді білдіреді» деп тұрып алды. «-Тік, -тық» пен «-лік, -лық» (жұрнақ) қазақтың бар сөзіне тықпаланатын кезеңде амалымыз қалмаған соң, тілші-академиктерді қорған тұтып: «Осының бұрыс-дұрысын Рабиға Сыздық апайдан сұрайық!» дедік. Бірақ сөзіміз өтпеді…

Иә, Алихан Мұхамедияұлы дұрыс айтады, қазақтың сөздік қорында «құқық» деген сөз болған емес. Ол ұғым мен атаудың тұнығынан су ішкен Алаш кезеңінде – Ахмет Байтұрсынұлы сынды даналардың лексиконында ұшыраспайды. Мұны айтқанда да, жазғанда да қақалып-шашалып қаласыз. «Сол жылдары мәтіннің басында орысша дайындалып, содан қазақша аударғанының да әсері» деген Алекеңнің бағасы айна-қатесіз. Бұл ретте ол кісінің «хақ» деген нұсқасын зиялы қауым қолдайтыны сөзсіз.

Салыстыру үшін айтайық, кешегі әлемдік пандемия кезінде оқу жүйесі онлайн форматта жұмыс істеді. Сонда еуропаша (дұрысы «ауропаша») «дистант» деген термин құжаттарға «қашықтықтан оқу» болып енгенмен, уақыт өте келе өмір тәжірибесі «қашықтан оқу» етіп қалыптастырып жіберді. Сол секілді, Алекең меңзегендей, «құқық» заң құжаттарына енген соң ғана өмір сүріп келеді. Әйтпесе, халықтың еркіне салса, баяғыда-ақ «хақ» деп қолданылар еді.

Алекеңнің «судья» баламасына байланысты пікірі де ақылға қонымды. Расында, неге «би», «қазы», «төреші», «үкімші» сөздері бүгінгі заң саласында қолданылмайды? Мың жылдық ұлт даналығын, дала демократиясын, Алаштың би мен билігін місе тұтпай, тіпті барымыздан безініп, өзге тілдің терминдерін жалаулатып жүргеніміз – елдігімізге сын.

Біз 30 жылдай жоғары білім саласында істейміз. Өзімізге де, өзгеге де айтар ащы шындық: елімізде мемлекеттік тілдің ең аз сәулесі түскен жері – заң яки юрис­пруденция (jurisprudence) саласы. Бұл оңай іс емес, бірақ арқаны кеңге салуға да болмайды. Алекең айтқан «Көне әдет заңы, ислам заңнамасы, Шыңғысхан жасағы, Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Жеті жарғы» секілді жүйелерді заң оқуындағылар тек орысша әдебиет арқылы біле ме деп секемденеміз. Ширек ғасыр ішінде бар болғаны 2-3 заңның түпнұсқасы қазақ тілінде әзірленіпті. Мұны айту түгіл, естудің өзі ұят!

Таяуда «Калькасыз қазақ тілі» Telegram арнасының авторы, білікті филолог Назгүл Қожабек Конституцияның қазіргі қазақша нұсқасын ана тіліміздің табиғи заңдылығына салып «қайта аударып» көрді. Оны Google-ден оп-оңай таба аласыздар. Ата Заңда қаншама сөйлем, сөз тіркесі орысшадан калькаланып тәржімеленген… Бұл Ахмет ­Байтұрсынұлы сынды тұлғалардың көзіне түссе, «Бұл қай тілде жазылған?» деп шошып кетер еді. Міне, ел мен тілдің азаттығы тұсында осындай да «заңдық жеңіске» жетіп отырмыз.

Алихан Мұхамедияұлы ұсынысын және басқа да зиялылардың сынын ескере отырып, мәселенің шешімі мынадай өреде көрінсе дейміз.

Біріншіден, дәл бүгін Қазақстанның заң біліміне (жоғары мектеп) тойып секіретін күн әлі туған жоқ. Бұл нені білдіреді? Яғни қазақ тілінде заң мәтінін жазатын заңгерлер буынын қалыптастырамыз десек, осы саланың білім бағдарламаларын (бакалавриат, магистратура, докторантура) толық қайта қарау қажет.

Екіншіден, кезінде Қазақ мемлекеттік университетінің (КазГУ) тарих факультетінде шет тілін тереңдетіп оқитын арнайы бөлім болды. Осы тәжірибені басшылыққа алып, бүгінгі заң факультеттері ішінен қазақ тілінде заң мәтінін әзірлеуге баулынған мамандар даяр­лайтын элитарлық бөлім ашуды қолға алу керек. Бұл – мемлекеттік маңызды мәселе.

«Жаңа Қазақстан» болып жаңарамыз деп жатырмыз. Жаңарудың басы – бұрынғы қателіктен сабақ алу. Мысалы, 5 маусымда халық талқысына (референдум) шығарылып отырған Ата Заңға өзгеріс жобасын қарасаңыздар, «Конституция­лық Сот», т. б. заңдық терминдер, атаулар жиі ұшырасады. Бәрі де – заң әрпі, заң сөзі, заң ұғымы, заң түсінігі. Қазақстанның жергілікті тұрғындарының да, қазақ мектебін таңдаған мектеп оқушыларының да саны 70 пайызға жетті. Бұл үрдіс «Ана тіліңе мұқият бол!» дегенді аңғартады.

Жоғарыда айтылған заң мамандығы қазақ бөлімінің сапасын жетілдіретін тетіктің негізі тілдік-лингвистикалық сауаттылық пен біліктілік екен. Бұған университет те, оқытушы да, білім алушы да даяр болуы керек. Талап та, талғам да жүйелі, орнықты жүрсе, бастама нәтиже береді деп санаймыз. Қазақ тілінде заң мәтінін әзірлейтін маман тілші-аудармашылардан немесе филолог-журналистерден емес, заңгерлерден шығуы қажет. Әлеуетімізді ескеріп, мұны алғаш әл-Фараби университеті мен Еуразия университетінде жүзеге асыру қисынды болмақ.

 

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ
проректоры, ҚР ҰҒА академигі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button