Басты ақпарат

Қақтығыстың ақыры немен тынар?

Украина даласында екі аптадан бері Ресей тарапы арнайы операция деп атаған соғыс жүріп жатыр. Ресей әскерлері көптеген елді мекендерді «ұлтшылдардан» азат еткенімен, Киевке әлі кіре алмай тұр.

[smartslider3 slider=2360]

Соғыс шығыны жайлы нақты ақпарат жоқ. Екі жақ та өз жеңісін еселеп көрсетумен әбігер. Бір апта бұрын «ұрыста 500-ге жуық сарбазымыз мерт болды» деп мәлімдеген Мәскеу одан бірер апта өтсе де, өз шығыны жайлы жұмған аузын ашпай отыр. 9 наурыз күні «Операция барысында Украинаның 2581 әскери инфрақұрылымы жермен-жексен болды. 123 С-300 зенит-зымыран кешені жойылды. «Бук М-1», «Оса» және 81 радиолокациялық станция қирады. Сонымен қатар, 897 танк пен өзге де брондалған көлік, 95 реактивті жүйе, 336 артиллериялық қару-жарақ, 662 арнайы әскери техника мен 84 ұшқышсыз ұшатын аппараттың көзі жойылды» деп мәлімдеген Ресей Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Игорь Конашенко өз елінің шығыны жайлы ешқандай ақпарат берген жоқ. Украина Қорғаныс министрлігі болса, «жаудың 11 мыңынан астам әскерінің көзін жойдық, 39 соғыс ұшағын, 41 тікұшағын, мыңнан аса басқа да техникасын күйреттік» деп мәлімдеді. Ал АҚШ барлау басқармасы болса, Ресей 2000-4000 сарбазынан айрылған болуы мүмкін деген пікірде. Соғыстың салдарынан елден екі миллион адам босып кетті. 1200-ден астам бейбіт тұрғын қаза тапты.

Келісімге келе ме?

Ресей әскерлері Харьков пен ел астанасы Киевке толассыз шабуыл жасағанымен, Украина жауынгерлері қаланы өліспей беріспейтін жанқияр­лық танытуда. Әйткенмен, Киев те, Харьков те қазір қоршауда, Ресей жасақтары күн өткен сайын шеңберді тарылтып, Киев күштерін тықсырып келеді. Ресей бір апта бұрын басып алған Херсон қаласында қазірге атыс тоқтағанымен, халықтың қарсылығы әлі басылмай тұр.

Бұған дейін екі жақ соғысты тоқтату үшін үш рет келіссөз өткізсе де, «қоршауда қалған халыққа гуманитарлық көмек көрсету мақсатында жасыл дәліз ашудан» басқа ешқандай нәтиже шыққан жоқ. Оның үстіне, Украина қарулы күштеріне сілейте соққы беріп, барлық әскери нысандарын күйретуді көздеген Ресей мақсатына жетпей тоқтайтын түрі жоқ. Ал Зеленский болса, қарсы жағын тынбай келіссөзге шақырып келеді. 8 наурыз кеште видео үндеу жолдап, Ресейді тағы да келіссөз өткізуді ұсынды. «Соғысты аяқтату үшін келіссөз үстеліне отыру керек. Бірақ келісім адал, нақты әрі халықтың мүддесі үшін жасалуы керек» деді ол. Осыдан бұрын Түркия Президенті Ердоған соғысып жатқан екі елдің де басшыларымен сөйлесіп, келіссөзге шақырған. Зеленский Анкара мен Стамбулдың бірінде Ресей басшысымен кездесуге әзір екенін жеткізсе, Путин келісімге келудің шарты ретінде тағы да Қырымның Ресей құрамында екенін мойындау, Донбасс өңіріндегі орыс ұлтына жасалып жатқан геноцидті тоқтату мәселесін көтерді. Бұған «Донбасста ешқандай геноцидтік саясат жүргізгеніміз жоқ, бұл Ресейдің Украинаға басып кіру үшін тапқан сылтауы» деп жауап қайырған Зеленский «украиналықтар ешкімге бір сүйем жер бермейді. Сонымен қатар Мәскеу Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік беруі керек. Украинаның таяу жылдары НАТО-ға кіру мүмкіндігі жоқ» деп ашық айтты. Сонымен Түркия басшысының құлшынысы нәтижесінде  Ресей мен Украинаның сыртқы істер министрлері 10 наурыз күні Түркияда келіссөз өткізуге келісті.

Геноцид демекші, 27 ақпанда Украина Ресей Федерациясын «агрессияны ақтау мақсатында геноцид ұғымын бұрмалағаны үшін» жауапқа тартуды талап етіп, Гаагадағы БҰҰ Халықаралық сотына хат тапсырған болатын. Осыған байланысты 7-8 наурыз күндері Ресей мен Украина арасындағы геноцид қылмысының алдын алу және жазалау туралы 1948 жылғы Конвенцияны бұзу мәселесі аясында сот тыңдалымын өткізді. Бұл отырыста да Ресей «Украина өз елінің шығысындағы орыстар қоныс­танған өңірлерде геноцид жүргізді» деп айыптады. Қарсы жақ мұны жоққа шығарды.

Санкция ең көп салынған ел

Украинаға қару сілтеген күннен бастап қарша бораған санкцияның астында қалған Ресей 2 аптада әлемде ең көп санкция салынған елге айналды. Атап айтқанда, 22 ақпаннан бастап, Ресейге 2778 шектеу енгізіліп, 2014 жылдан бері салынған санкциялардың жалпы саны 5533-ке жетті. Бұл Иран, Сирия, Солтүстік Корея және Венесуэла елдеріне салынған санкциялардан әлдеқайда көп.

АҚШ бастап, Еуроодақ қостаған, Канада, Швейцария, Жапония елдері жалғастырған санкция көшіне ілескен елдердің саны 50-ден асып, экономикалық бұғау қаржы саласынан бастап киім-кешек, азық-түлік, әдебиет-көркемөнер саласына дейін кеңейді. Бұған қарсы Ресей де Мәскеуге жау пиғылдағы 50 елдің тізімін жария­лап, қарымта жауап ретінде Ресей компаниялары мен азаматтары бұл елдерден алған қарызын рубльмен қайтаруына болады деп мәлімдеді.

Бірақ санкция соғысты тоқтата ала ма?! Мәселе осында. Өйткені ұзақ мерзімге бағытталған санкцияның салдары келешекте көрінбесе, бірер апта ішінде Ресей экономикасын күйретіп жібермейді. Ал Украинадағы соғыс, партизандық ұрысты есепке алмағанда, әрі кетсе 1-2 айға созылуы мүмкін. Демек, санкция өнімін көрсеткенше Украинаның да тас-талқаны шығып, елдіктен айырылуы ғажап емес. Батыс елдерінің басын қатырып отырған да – осы мәселе. Өйткені Путинге де Украинаны басып алудан немесе келісімге келіп, Украинаны аяғына жығып, Қырым мен Донбасс өңірін «заңды түрде» тартып алудан басқа шегінер жол қалған жоқ. Көздеген мақсатына жетпей, орта жолдан шегініп шығып кетсе, Ресей әлем алдында масқара болумен қатар, Путин билігі ел ішіндегі сенімінен айырылады да, бұл үлкен толқуға ұласып кетуі мүмкін. Қазірдің өзінде Ресей қалаларында соғысқа қарсы наразылық оқытын-оқтын төбе көрсетіп тұр. 8 наурыз күнгі мәліметке қарағанда, шеруге шыққаны үшін 5000-ға жуық адам қамауға алынған. Демек, халықтың наразылығын басып, орыс ұлтының сеніміне ие болу үшін Путин де Украинаны жермен-жексен етіп, жеңіп шығудан басқа жол жоқ. Бірақ оған Украина халқының оңай берілетін түрі жоқ.

Батыс елдері де қаржы, қару-жарақ жағындағы жәрдемін үдетті. АҚШ бастаған елдер көмекке берген 20 мың қару-жарақ Киевке жеткізілді. Мұның 1700-і танкке қарсы қолданылатын қару болса, 2000-ға жуығы – соғыс ұшақтарын күйретуге арналған қару. Сонымен қатар, қазірге дейін әлемнің кейбір елдерінен 20 мыңнан астам ерікті Украинаға келді. Мұны Украина қорғаныс министрлігі де растады. Батыс басылымдарының хабарлауынша, еріктілердің дені – қосыннан шегінген әскери қызметшілер. Украина билігі болса, оларға ақшалай «жалақы» төлеумен қатар, қажет болса, Украина азаматтығын беру мәселесін де қарастыратынын мәлімдеді.

Газ бен мұнай да тізімге енді

Осыған дейін батыс Ресейді санкция­ның астынан алғанымен, «Солтүстік ағын-2» газ құбырын тоқтатқаннан басқа, Мәскеудің газ бен мұнай экспортына шектеу қоймаған. Яғни Ресей экономикасының жан тамыры саналатын бұл салаға батыс ауыз салуға бата алмай тұрған. Өйткені Еуропа елдері 40 пайыз газ бен 25 пайыз мұнайды Ресейден алса, АҚШ күн сайын Ресейден 700 000 баррельге жуық шикі мұнай мен мұнай өнімдерін импорттайды. Демек, Ресей мұнай-газына тыйым салу батыс елдері үшін де тиімсіз еді. Соған қарамастан АҚШ 8 наурыз күні Ресейден газ бен мұнай сатып алуға тыйым салды. «Біз Ресей газы мен мұнайын импорттауға толық тыйым саламыз. Бұл дегеніміз – енді Ресейдің газы мен мұнайын АҚШ порттары қабылдамайды деген сөз. Америка халқы бір ауыздан ортақ шешімге келді. Путинді қаржыландыруды тоқтатып, Украин халқына қол созуымыз керек. Ресейдің агрессиясына төзбейміз» деп мәлімдеді Байден.

Еуроодақ мемлекеттері де Ресей газы мен мұнайынан бас тартудың жолдарын қарастырып жатыр. Ал Ұлыбритания болса, 2022 жылдың соңына дейін Ресей газы мен мұнайын импорттаудан бас тартатынын мәлімдеді. Дегенмен, Ресейдің газын батыс елдері алмағанымен, Қытай сатып алуы мүмкін. Соғыстан бұрын Қытайға барып қайтқан Путин Бейжіңмен осындай келісімге келді деген сыбыс бар. Алайда Қытай уәдесінде тұра ма, тұрмай ма, ол жағы белгісіз. Өйткені Қытай Ресейді қолдаймын деп батыс елдерінің қаһарына ұшырағысы келмейді. Кеше АҚШ «Егер Қытай Ресей Федерациясына қарсы санкциялардан бас тартса, АҚШ шаралар қабылдайды» деп мәлімдеді. Сондықтан Қытай Ресей үшін үлкен тәуекелге бармайды. Өйткені «екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» дегендей, Қытайдың да көздеп отырғаны көп. Яғни Бейжіңнің Ресейдің Украинаға басып кіруіне қарсы болмай, Қырымды референдум арқылы өзіне қосып алуына көз жұма қарауы – Қытайдың болашақта Тайванға соғыс ашу мен Ресейдің Қиыр шығысын (бұл өңірде қытайлардың саны орыстардан асып кеткен) бөліп алудың дайын сценарийі ретінде пайдалануы әбден мүмкін.

Қысқасы, Украина соғысының әлемге салатын ойраны оңайға соқпайды. Экономистер биыл әлемдік экономика кем дегенде 400 миллиард доллар көлемінде шығынға ұшырайды деп болжап отыр. Қазірдің өзінде мұнай бағасы қымбаттап, көгілдір отынның бағасы 35 пайыз өсті. Бидайдың бағасы да 20 пайыз көтерілді. Кобальт, литий және никель сынды қазба байлықтардың да бағасы еселеніп, өнеркәсіп саласы да соққыға ұшырады. Ал арнайы операция басталғалы күніне үлкен қаржылай шығынға ұшырап отырған Ресейдің   жағдайы не болады? Украина елдігін сақтай ала ма? Ол жағы әзірге белгісіз.

 

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button