Қала мен Сала

Қар шығаруда кідіріс жоқ

Елордада қар тазалау жұмысы қызу жүріп жатыр. Оған күн сайын екі мыңнан астам жол жұмысшысы мен бір мыңға жуық мамандандырылған машина жұмылдырылады.

Астанада коммуналдық қызметтер қаланы қардан тазарту бойынша тәулік бойы жұмысын жалғастыруда. Кеше түнде қала аумағынан 16 мың текше метрден астам қар шығарылып, полигонға 1244 рейс жасалды.

Қар жауған күндері қаланың коммуналдық қызмет мекемелерінің жұмысшыларына тыным жоқ. Өздеріне жүктелген жұмысты дер кезінде атқару үшін олар уақытпен санаспай еңбек етеді. Өйткені жауған қар жерде жата берсе тапталып, кейін оны жинау да оңайға соқпайтыны белгілі. Ақ ұлпа қалыңдаған сайын жұмыс та ауырлай түседі. Ал бұл техниканың бұзылуына, кейде тіпті істен шығуына әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан қай жұмысты болсын уақытында атқарған жөн.

Жалпы қыс басталғалы бері қаладан 3,3 миллион текше метрден астам қар шығарылды, ол үшін қар полигондарына 269703 рейс жасалды. Қалың қар қала тұрғындары мен көлік қозғалысына кедергі келтірмес үшін коммуналдық шаруашылық саласының мамандары күшейтілген режимде жұмыс істеп жүр. Осылайша, бірінші кезекте орталық көшелер, жаяу жүргіншілер жолы мен аялдамалардың маңы тазаланып жатыр.

«Қазгидрометтің» болжамы бойынша осы айда да қалада көп қар жауады. Елордада көшпелі бұлт шығып, түнде және таңертең қар, боран болады деп күтілуде. Жолдарда көктайғақ болуы мүмкін. Қалада оңтүстік-батыстан, оңтүстіктен секундына 9-14 метр жел күтіледі. Сондықтан ауа райын болжайтын мамандар қала тұрғындары мен қонақтарынан сақ болуды, көктайғақ кезінде қозғалыс ережелерін сақтау­ды сұрайды. Көлік жүргізу кезінде жылдамдық режимі мен қашықтықты қатаң сақтаған жөн.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button