Қала тіршілігі

ҚАР СУЫНАН ҚАТЕР ЖОҚ

IMG_5426

 Қар еріп, жылғалар суға толғанда қалалық коммуналдық шаруашылықта көктемгі қарбалас басталады.­ Бүгінгі таңда су тасқынына қарсы жұмыстардың жоспары пысықталып, барлық техника­ күштері маңызды шараға толық дайын.

 

Тасқынға – тосқын

Арнайы су соратын мәши­нелер, су айдайтын қондыр­ғылар, үлкен тиегіштер мен жүк мәшинелері, тракторлар мазасыз маусымға сақадай-сай тұр. Қала аумағын тазалау жұмыс­тары қарқын алып, арықтар мен құбыр­лар, су жинақ­талатын коллекторлар тазартылды. Қажет болғанда жерді құрғатып, судың жолын бөгейтін инертті материалдар жеткілікті. Қол­да­ныстағы гидротехникалық құрыл­ғы­лардың жайы да ойдағыдай. Қалалық Төтенше жағдайлар депар­таменті баспасөз қызметі көңіл­ге медеу болатындай осындай жағым­ды жаңалықтан хабардар етті.

Қазір қала бойынша 600 арнау­лы техниканың көмегімен тәулік бойына тыным таппастан қар тазарту жұмыстары жүргізілуде. Жалпы көлемі 8 млн шаршы метрдей қала іші мен 700 шақырым көше жолдарының қары күрелді. Қыс түскелі бері 1 млн 620 мың 382 текше метр қар шығарылған. Сонымен қатар, Есіл өзеніндегі мұз көбесінің сөгілуін гидрологиялық бекеттер қадағалап отыр. Ылдилы немесе ойпаң жерде салынған тұрғын үй алаптарын қарғын басып қалмауының алдын алу шаралары ұйымдастырылды. Күн күрт жылынып, қызыл су жүрген жағдайда суды сорғымен айдап шығарып, шалшық жиналатын тұстарға биіктетіп құм төгіледі. Ондай мақсатқа 4800 дана қапшық, 5000 тоннаға жуық құм-күл сияқты инертті материалдар дайындалған.

Табиғаттың тосын мінезінен сақтануда жеке секторда тұратын тұрғындардың да белсенділігі үлкен рөл ойнайды. Ауладағы жиналып қалған қарды шығарып, техника жететін жерге төксе, жолшыбай тасып алып кетуге қолайлы болар еді. Бұл ретте тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

– Еріген қардың суы қала тұрғын­дарына қолайсыздық тудыратын анық. Алматы ауданы әкімдігі су тасқынына қарсы бағытталған шараларды бекітті. Аудан аумағының жер бедерлері туралы мәліметтерді алып, мониторинг жүргізді. Соның барысында еріген судың жиналуы ықтимал жерлер анықталды. «Су арнасын табады» демекші, қардың суы биіктен ылдиға қарай құйылатыны белгілі. Мұндай жерлерді белгілеп, судың жиналмауын қадағалайтын боламыз. Ең алдымен қар күреліп, шығарылуы керек. Осы науқанға қолда бар барлық техника мен адам күштері жұмылдырылуда. Бұл күнде 35-тен аса мекеме күрелген қарды полигондарға шығаруда, – дейді Алматы ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Марғұлан Аманбай.

 

ЕСІЛДЕН КЕЛЕР ҚАУІП ЖОҚ

Көктемнің алғашқы шуағы мұздың көбесін сөгіп, Есіл өзені әп-сәтте суға толған шарадай, айдын көлге айналады. Есіл тау суындай биіктен құлап, жолында кездескен тас біткенді шайып жіберетін тасыр мінезі жоқ, баяу ағатын өзен десек те, табиғат құбылысын жуас деуге болмас. Осы орайда Есіл бассейні инспекциясының бөлім бастығы Серік Уатқанға жолығып, қатысты тасқынға тосқын қоюға қатысты шаралар жайында сұрап білдік.

– Қар еруінің өзіндік ерек­ше­ліктері болады. Егер, көктем ерте шығып, күн қатты қызып, қар тез ерісе, онда жылғаларға су толып, сол екпінімен арнасын тауып Есілге құяды. Ал, қар күндіз еріп, түнде қатқан жағдайда еріген қар суы жиналмастан, жылға толтырып үлгермей, жерге сіңеді. Оның мысалы, Қарасу сағасы Есілге қосылмай жатқанына мінекей, үш жылдай болды. Ал, қала аумағындағы Ақбұлақ, Сарыбұлақ жылда өзеннің арнасына қосылады. Есілдің суы елор­да­мыздың өзегі, нәрі деуге болады. Астана су қоймасы жалпы көлемі 410,9 млн. текше метр су жинайды. Бүгінге дейін 281,450 млн текше метр су жинақталған. Яғни, 69 пайызы ғана толып тұр. Бұл Есілдің суы арнасынан асып, тасуы мүмкін емес деген сөз. Өзеннің қаланы қақ жара өтетін бөлігі абаттандырылып, гидрологиялық қондырғылармен реттелуі бұл қатердің ықтималдығын жойды деуге болады, – дейді Серік Уатқан.

 

Айгүл УАЙСОВА

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button