Қала мен Сала

Қар тазалау іркіліссіз

Елордада қар тазалау жұмыс­тары қызу жүргізіліп жатыр. Осы мақсатқа күн сайын мыңнан астам техника мен жұмысшылар ­жұмылдырылады.

[smartslider3 slider=1925]

Биылғы қыс алдыңғы жылдармен салыстыр­ғанда едәуір жылы болғанмен, қарлы. Арагідік жауып жатқан ақ ұлпа қала тұрғындары мен көлік қозғалысына кедергі келтірмес үшін коммуналдық шаруашылық қызметкерлері қар тазалау жұмысын іркіліссіз атқаруда. Осылайша бірінші кезекте орталық көшелер, жаяу жүргіншілер жолы мен аялдамалардың маңы тазаланып жатыр.

Иә, соңғы кездері қаланың коммуналдық қызмет мекемелерінің жұмысшыларына тыным жоқ. Өздеріне жүктелген жұмысты уақытында атқару үшін олар уақытпен санас­пай еңбек етуде. Өйткені жауған қар жерде жата берсе тапталып, кейін оны жинау да оңайға соқпайтыны белгілі. Қар қалыңдаған сайын жұмыс та ауырлай түседі. Ал бұл техниканың бұзылуына, кейде тіпті істен шығуына әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан қай жұмысты болсын уақытында атқарған жақсы.

Алматы ауданы әкімдігінің өндірістік-техникалық бөлім басшысы Аслан Бисеғұловтың айтуынша, аталмыш аудан аумағында қар тазалау жұмысы, әдеттегідей, қарқынды жүргізіліп жатыр. Кеше аудан бойынша барлығы 177 техника жұмылдырылып, 448 адамның күшімен полигонға 4308 шаршы метр жердің қары шығарылды. Аудан аумағындағы техника өткен түнде – 221, ал күндіз 350 рейс жасаған.

– Қазір жолдарды тазарту – маңызды міндеттің бірі. Түнде температура төмендеген кезде жолға қабыршық мұз қатып, таңертең қала тұрғындарына көптеген қиындық туғызуы мүмкін. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін жұмысшылар күн-түн демей ауысыммен жұмыс істейді. Жолды тазарту жұмыстары кешіктірілсе, бұл қаладағы жол қозғалысына кедергі келтіреді. Сондықтан біз жұмыстың сапасын ерекше қадағалаймыз, – деді А.Бисеғұлов.

Қала аумағын қалың қардан тазалау жұмыстарына Есіл ауданы бойынша 308 техника мен 596 жол жұмыскері жұмылдырылып, олар барлығы 4850 шаршы метр жердің қарын тазалады.

Байқоңыр ауданында соңғы күндері барлығы 309 жұмысшы мен 245 машинаның күшімен 4842 шаршы метр жердің қары шығарылды.

Сарыарқа ауданының жұмысшылары болса бір күнде техникамен 492 рейс жасап, 6972 текше метр жердің қарын тазалады. Бұл жұмыстарды атқаруға аудан бойынша 88 арнайы техника және 444 жұмысшы жұмылдырылды.

Қала аумағынан қар шығару барысында көше қапталдарында кептелісті болдырмау басты назарға алынып отыр.

Мамандардың айтуынша, қар тазалау жұмыстарында күндізгі уақытта кедергілер көп кездеседі екен. Ал түнгі уақытта жұмыс істеудің өз артықшылықтары бар: машиналар аз, тиісінше қозғалыс та көп емес.

Барлық аудандарда жанар-жағармайдың қоры жеткілікті, автокөліктің үздіксіз ­жұмысы және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жедел шаралар қабылдау үшін ­диспетчерлік қызметтер құрылған, механиктер бригадасы тұрақты жұмыс істейді.

Жалпы қар тазалау жұмыстары бойынша қала тұрғындары тәулік бойы «109» нөмірі арқылы iKomek мониторинг және жедел әрекет ету орталығына қоңырау шалып, хабарласа алады.

 Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button