Жаңалықтар

Қар тазалау қарқын алды

Демалыста бір күн, бір түн жауған қар елорданы демде ақ көрпеге орады. Қазір қаланы қардан тазарту, көктайғақтың алдын алу үшін құм-тұз қоспасын себу жұмыстары қарқын алды. Коммуналдық қызмет үш ауысымды режимге көшіп, тәулік бойы жұмыс істеуде. Кеше шаһарды санитарлық тазалауға 1061 арнайы техника жұмылдырылып, 1606 жұмыскер тартылды.Ал түнгі мезгілде 867 техника мен 254 жол жұмысшы қар күреумен айналысты. Соңғы тәулікте ғана қала сыртына 15470 текше метр қар шығарылды. Ал жалпы қар түскелі 128606 текше метр жиналып, тысқа тасылған.
Қала тұрғындары әлеуметтік желіде аула қарын тазарту мәселесін біраз талқыға салды. Оның бірі – бұл жұмыс әкімдіктің шаруасы десе, енді бірі – ол пәтер иелер кооперативіне тиесілі деген пікір айтады.
Осы ретте Есілдің сол жағалауындағы көппәтерлі тұрғын үйлердің біріндегі ПИК төрағасы «Жұртшылық ПИК-тің жұмысынан хабары болмай, сынға алып жатады. Шын мәнінде, аулада тұрған үйден бес метр қа­шықтыққа дейінгі аралықтағы қарды тазалау – біздің мойнымызда. Ауладағы дүкен иелері де өз аумағынан бес метрге дейін тазалауы міндетті. Ал ары қарай қалалық коммуналдық қызметтің жұмысы. Бұл Нұр-Сұлтан қаласының аумағын абаттандыру қағидаларының бірінші тарауында көрсетілген» дейді.
Қалай дегенмен, көшені қардан тазалау қарқын алып, жұмыс үш ауысыммен жүргізілуде.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button