Басты ақпаратҚала мен Сала

Қар тазалау қарқынды

Астананың апталап жауған ақ ұлпасы қаланың коммуналдық сала қыз­метінің жұмысын күшейтті. Бүгінде елордада қар күреу ісі қыза түсті. Жолдар аршылып, аулалар мен көшелерді қардан тазарту күн тәртібіндегі негізгі мәселенің біріне айналды. Осы жұмысқа 1600-ден астам арнайы техника мен 2500-ге жуық жол жұмысшысы жұмылдырылды.

Қардың үздіксіз жаууына байланысты бас қаланың коммуналдық қызметі тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Соңғы тәулікте шаһар аумағынан шамамен 50 мың текше метр қар шығарылды, қар полигонына жөнелтілген рейс саны 3444-ке жетті.

Түнгі ауысымда 1500-ден астам арнайы техника мен 400-ге жуық жол жұмысшысы көшелердің қарын күреуге шықты. Олар тротуарларды, қоғамдық орындарды, қоғамдық көлік аялдамаларын, жерүсті өткелдерін тазалауда.

Бүгінгі таңда Алматы ауданында жолдардағы көлік қатынасының үзілмеуін және жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында арнайы техникалар жұмылдырылып, қар тазалау жұмысы қызу жүргізілуде. Бұл ретте аудан әкімдігі аппараты өндіріс-техника бөлімінің бас маманы Нұрғазы Үсен осы бағытта атқарылып жатқан жұмысқа тоқталды.

– Қазіргі таңда ауысымына 500-ден аса арнайы жабдықталған техника іске қосылды, сондай-ақ 650-ден аса жол тазалаушы қызметкер жұмылдырылған. Күні кеше ауысымда ауданымыз бойынша 15783 текше метр жердің қары полигонға жөнелтілді. Қыс мезгілі басталғалы бері Алматы ауданы бойынша 385933 текше метр аумақтан қар шығарылды, – деді Нұрғазы Үсен.

Астана аумағындағы қар тазарту жұмысы қаланың барлық 5 ауданында жүргізіліп жатыр. Есіл ауданының аумағын тазарту жұмысы жалғасуда. Қар тазалағыштар жол бөлігіндегі қарды күреп, жол қызметкерлері мен шағын арнайы техникалар жаяу жүргіншілер жолын, көлік тұрақтарын, аулаішілік аумақтарды тазартуды белсенді жүргізуде. Бұл бағытта барлығы 327 техника, 340 жұмысшы тазалауға жұмылдырылған.

Нұра ауданының жолдарын қардан 414 адам мен 297 арнайы техника тазартуда. Мұндағы мектептерге, ауруханаларға апарар жолдар мен тротуарларды, көшелерді, аулалар мен үйдің ішкі жолдарында тазалау жұмысы қарқынды жүргізілуде.

Сарыарқа ауданы бойынша қар тазалау жұмысына 700-ден астам жұмысшы және 600-ден астам коммуналдық техника жұмылдырылды. Олар алдымен жаяу жүргіншілер жолын, аялдамалар маңын, әлеуметтік нысандарға апаратын жолдар және ауданның басты көшелерін қардан тазартуда. Қыс маусымы басталғалы бері аудан аумағынан 300 текше метрден астам қар шығарылды.

Елордада бірнеше жабдық­талған қар полигоны жұмыс істейді. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған. Мамандардың мәлімдеуінше, қыс мезгілі басталғалы бері елордада 1654224 текше метр қар шығарылған. Қар полигонына жөнелтілген рейс саны 121 мыңнан асты.

Мамандар қар тазалау кезінде елордалықтардың көліктерін жол бойында қалдырмауын сұрайды. Көлік құралын басқарғанда сақтық шараларын сақтап, абай болуға шақырады.

Жаяу жүргіншілер тротуарлармен жүрген кезде сақ болуы, белгіленген орындар арқылы ғана көшелерден өтуі қажет, сол сияқты қарттар мен балаларға көмек көрсеткені жөн.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button