Қала мен сала

Қар тазалаудың артында қажымас еңбек тұр

Жер бетіне жайғандай мақта кілем, қыстың көркі кіреді ақ қарымен, десек те қалаға түскен қар халықты қарбаластыққа салмаса, қуанта қоймасы анық. Дегенмен ауа райының нашарлауына, қар мен аязға қарамастан, елордалық коммуналдық қызметтер тәулік бойы күшейтілген ауысымдық режимде жұмыс жүргізеді.

Мысалы, жол таза­лаушылар таң­ғы сағат 6-дан бастап жұмысқа шығады да, бірінші ауысымда 500-ден астам жұмысшы, 8-ден бастап екінші ауысымда 400-ден астам арнайы техника көшелерді тазалауға кіріседі. Олар күн сайын қаладан мыңдаған текше метр қар мен мұз шығарады.

Мысалы, 9-ынан 10 желтоқсанға қараған түнде елордадан 786 рейспен 10 мың текше метр қар шығарылса, 10 желтоқсандағы күндізгі ауысымда қар тазалау жұмысына 2,7 мыңнан астам жол жұмысшысы және 1,1 мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылған. Ал қыс мезгілінің басынан бері қаладан 74120 рейспен 941 мың текше метр қар шығарылған.

– Қар қыстың көркі болғанмен, жұмысшылардың дерті екені анық. Әдетте, біздің жұмысшылар қардың қалыңдығына, күннің суығына қарамастан жұмыс істейді. Ең алдымен, қалада кептеліс болмас үшін өте қарқынды қозғалыс учаскелері тазаланады. Сондай-ақ орташа қарқындылығы бар учаскелер – алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т. б. орындар қардан тазартылады. Әсіресе орталық көшелерде, жолаушылар көлігі маршруттарында, аялдамалар мен тротуарларды бірінші болып тазалау маңызды. Ал біздің жұмысымыз, ең алдымен, саябақтағы баспалдақтарды, орындықтарды тазалау, адамдар жүретін жолдарды ашу болғандықтан, күнделікті жұмысымызды қалтқысыз атқарып келеміз. Шын мәнінде, қар тазалаудың артында қажымас еңбек тұр деуге болады, – дейді «Жасыл ел» қызметкері Дін­ислам Шахмарданұлы.

Сондай-ақ Астана көшелерін тазалау үшін барын салатын бір ұйым болса, ол – «Астана Тазалық» мекемесінің қызметкерлері. Олар қар жауған сайын қала тазалығы үшін заманауи механикалық техникалар қолдану арқылы тынымсыз жұмыс істейді. Бұл мекеме негізі 2008 жылы 1 қазанда құрылған. Оған дейін «АстанаГорКомХоз» барлық коммуналдық мекемелердің басын біріктірген акционерлік қауымдастық ретінде қызмет етіп келген. Жазда қоқыстан, қыста қардан қаланы тазартуға бұл мекеме білек сыбана кіріседі.

– Біз қаланы санитарлық тазарту, нөсер, арық кәрізі, көшелерді, тротуарларды, квартал­ішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жұмысын жүргіземіз. Қазіргі таңда қар нау­қаны басталды. Биыл алғашқы қар қараша айының 7-сінен бастап түсті. Осы уақытқа дейін қаланың 5 ауданында 223 мың шаршы метр қар шығарылды. Сонымен қатар бір ауысымда «Астана Тазалық» мекемесінің 600-ден астам жол жұмысшысы және 400-ден астам арнайы техника жұмыс атқарып келді. Ал біздің қар шығару қарқынымыз тәулігіне қардың қаншалықты жауғанына байланысты болмақ. Мысалы, қарашаның 9-13 аралығында жұмысшылар тәулігіне 6 мың шаршы метрден астам қар шығарып отырды. Сондай-ақ биыл бірнеше техникамызды жалға алдық. Оның ішінде Германиядан алып келген көпфункционалды 10 техника бар. Мұз-тайғаққа қарсы қолданатын ерітінділер сатып алдық. Тұз себу үшін қолданылатын 2 техника алынды. Қазіргі таңда бұл құралдар қала ішінде қызметте жүр. Қандай да бір техника мен құрылғыны сатып алу мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жүзеге асады, – дейді «Астана Тазалықтың» өндірістік техника бөлімінің басшысы Ержан Айтмаханұлы.

Жалпы «Астана Тазалық» санитарлық тазалау қызметі Астана қаласы көшелерінің 40 пайызын қамтамасыз етеді. Олардың қызметкерлері жұмыс істейтін аумақтардың қатарына қаланың маңызды деп саналатын даңғылдары мен көшелері, алаңдар мен жаяу жүргіншілер жолы кіреді.

Ержан Айтмаханұлының айтуына сүйенсек, алдағы уақытта мекеме жұмысшыларының әлеуметтік қорғалуы бойынша да арнайы іс-шаралар қабылданып жатыр. Атап айтар болсақ, оларға Еңбек кодексінде қарастырылған әлеуметтік пакеттен бөлек, 1 жыл жұмыс істеген адамның жалақысына бір айлық еңбекақы көлемінде жәрдемақы берілмек. Көзге ерекше түскен жұмысшыларға мекеме мен жергілікті әкімдік тарапынан марапаттау үзбей беріліп отырмақ. Ал 1 қарашадан бастап жол жұмысшылары мен жүргізушілерге бір мезгіл ыстық тамақ берілуде. Сондай-ақ жұмысшыларды жатақхана не тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделген.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button