Елорда тынысы

Қар тоқтаусыз шығарылып жатыр

Соңғы аптада елордада тынбастан қар жауып, жерді көмкеріп тастады. Түні бойы жауған ақ ұлпа қарлы боранға ұласып, қалалықтарды едәуір әбігерге салды. Осыған орай, коммуналдық қызметтер тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Бүгінде қаланы қалың қардан тазарту жұмысына күн сайын 260-тан аса жол жұмысшы мен мыңнан аса арнайы техника жұмылдырылуда.

Ауа райының күрт нашарлауына байланысты қала ішіндегі кейбір көшелермен қоғамдық көліктің жүруі қиындап, қалың қар, көктайғақ, боран салдарынан автобус бағдарлары кешігіп, қалалықтар біраз қиналып қалды. Осыған байланысты қаланың коммуналдық қызметтері қар күреу жұмысын кешкі және түнгі уақытта қарқынды түрде жүргізіп, жұмысты тәулік бойы күшейтілген режимде жалғастыруда. Ережеге сәйкес, қала жолдарында кептеліс болмас үшін бірінші көлік көп жүретін көшелердің қары тазартылады. Мектептерге, балабақшаларға, ауруханаларға кіретін орындар, тротуарлар мен жолдарды тазартуға да басымдық беріледі. Түнгі уақытта магистральдық көшелерде сыпыру-жинау техникаларымен қар күреліп жатыр.

Биылғы қыс маусымы басталғалы Астанадан 920 мың текше метрден астам қар шығарылды. Жұмыс жалғасуда. Түнгі уақытта 1400-ден аса арнайы техника мен 260-тан аса жұмысшылар көшелерді қардан тазартумен айналысып жатыр. Ал қаңтардың 1-інен 2-сіне қараған түні елорда көшелерінен 30 654 текше метр қар немесе 2 204 рейс қар шығарылды. Аудандық әкімдіктерде қар күреу жұмыстарының барысын бақылау бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған.

Елордада бірнеше қар полигондары бар. Олар жүк көліктерінің нөмірлерін оқу жүйесімен жабдықталған. Ол жерде бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған.

Қалалық әкімдік жүргізушілерді жылдамдықты шектен асырмай, жол ережесін сақтауға шақырады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button