Басты ақпаратҮйренетін үрдістер

Қар жауғаннан кейінгі қарбалас

Баяғыда аталарымыз «Қар жауды деп қуанба, артында аязы бар» деп жатушы еді. Бұл оның соңы аязға ұласып кететінін білдірген ескертпе ғана болатын. Бірақ біздің тіршілігіміз үшін қар қаншалықты керекті болғанымен, оның жауғанына оншалықты қуана қоймайтын мекемелер ірі қалаларда кездесіп қалады. Себебі көшелер табандарын жауған қардан тазалап шығу да оңай шаруа емес.Мұны жа­қында ел­ордада бір­ден қалың қар түскеннен кейінгі әбігер тағы да байқатып берді. Жылдың осындай уағында қар жауу әбден кәдік екенін біліп жүрсек те, кейде соны тосын келгендей болып қабылдап жататынымыз бар. Мұндай көңіл күй мен жағдай әлемдегі барлық ірі қалаларға да ортақ. Дегенмен олардың әрбірінде қар тазалау мәселесіне орай алуан түрлі тәжірибелер қалыптасқан. Бүгінгі әңгіме солардың бірқатарын талдауға арналады.
Норвегияның астанасы – Осло қаласында жылына орта есеппен жерге 80 см қар түседі. Салыстыру үшін келтірсек, бұл көрсеткіш Мәскеу­де 152 сантиметрді құраса, Нұр-Сұлтанда бұдан біршама кем. Демек, мұнда біз мысалға келтірген үш қаланың ортаңғыдан жоғары көрсеткіші жатыр. Бұл онда жылдың қыс мезгілінде айтарлықтай көп қар түсетінін көрсетеді. Оны біз қайсыбір жылы Ослода үш күн болғанымызда да байқап едік. Біз барған күні Норвегияның астанасында түнімен қар жау­ды. Алайда ертеңіне азанда көшелерден де, тротуарлардан да бір жентек қар көре алмадық. Сөйтсек, мұнда да қар тазалау жұмысы ол жаңа жауа бастаған кезден қолға алынып, қашан тоқтағанша жалғаса береді екен. Қасат қары бір түскенде қарыс бойынан асып кететін өлкеде оны тазалау жұмыстарына айрықша көңіл бөлетін болып шықты.Бұл елде жыл сайын қар тазалау жұмыстарына 200 млн еуро шамасында қаржы бөлінеді. Норвегтер қар тазалап, жинайтын көліктерінің саны жағынан да талай елді таңғалдырады. Тек ел ордасының өзінде осындай 300 көлік бір мезгілде қала көшелеріне шығарылады. Ал бүкіл арыстан арқалы түбек бойынша мұндай техникалар 2600-ге жетеді. Бұған қоса, осыған қарайлас грейдерлер, тракторлар және қар ататын агрегаттар тағы бар. Сонымен бірге Ослоның үлкен жолдарында химиялық қоспа – реагенттер пайдаланылады. Ал тиімділігі бұдан гөрі төмендеу жолдарға құм төселеді.
Норвегия байтағында көшелер категорияларға бөлініп қарастырылады. Соның ішінде қаланың күретамыры болып табылатын А және В тобына жататын көшелердегі қарды екі сағаттың ішінде толық тазартып шығулары тиіс. Жоғары интенсивті көлік қозғалысы бар мұндай жолдар елдегі барлық жолдардың 10 пайызын құрайды. Ал елдегі жолдардың жалпы ұзындығы 80 мың шақырымға жуықтайды. Сонда норвегтердің қар жауып тұрған кезде де оны тазалауға жататын бүкіл елдегі жолдарының көлемі 8 мың шақырымға жетеді. Міне, осы жолдар үшін елде жылына 325 мың тонна реагенттер жұмсалады.Норвегияның тағы бір ерекшелігі, бұл дәулетте тіпті велосипед жүретін жолдарды тазалайтын арнайы коммуналдық қызмет бөлімшесі бар. Мұнда тротуарлар табандарын басқа қызмет жүйесі қардан тазалайды. Ежелгі викингтер ұрпақтары бұл жағынан айлакер екен. Олар үйлерге ыстық сулар жеткізетін құбырларды осы тротуарлар астынан жүргізеді. Сол арқылы оның бетіндегі қар қапсырмасының өзінен-өзі еріп, тазалау жұмысының оңай жүруіне жол ашады.
Исландияның бас қаласы – Рейкьявикте үйлер табиғи ыстық су көздері арқылы жылытылады. Осы сумен сондай-ақ экзотикалық жемістер өсірілетін жылыжайларға, сондай-ақ көшедегі жолдар мен тротуарларға жылу беріледі. Ыстық су ағып жататын құбырлар көше бойларын түгел қамтиды. Нәтижесінде жерге түскен қар заматында еріп, жол бойлары мен олардың жиектері ұдайы тазаланып тұрады. Бұл тіпті экология­лық жағынан да өте таза көрінеді.
Канаданың ауқымы жағынан екінші қаласы – Монреальда автокөлік жолдары жүйесі өте мықты дамыған. Қалада қажетті кезінде қар тазалау жұмыс­тарына 3 мың жол қызметі қызметкерлері мен 2,2 мың арнайы техника жұмылдырылады. Салыстыру үшін айта кетейік, Ресей астанасы – Мәскеуде мұндай жұмысқа 17,6 мың техника шығарылады. Демек, Монреальдағыдан тура 8 есе артық. Сонымен бірге Кремльді қаланың ауданы 7 есе үлкен. Сондай-ақ Канадада қолдарына күрек ұстап жүретін аула сыпырушылар жоқ. Ал Мәскеуде олардың саны 25 мыңға барады. Мон­реальда жолдың жиектері мен тротуарларда жатқан қарды мини-тракторлар күреп алады. Олар қарды үлкен жолдың жиегіне жинайды. Сосын оларды қар жинаушы ауыр машиналар көтеріп алып, самосвалдарға салады. Жүк көліктері бұл қарды қаланың шетіне шығарып тастайды. Мұнда күректер тек көп қабатты үйлердің өжірелері мен ауладағы автомобильдердің үстерін қардан аршып алу үшін ғана қолданылады. Айтқандай, көп қабатты үйлердің алдарын сол баспанада тұратын тұрғындар өздері тазалап алады.
Егер Монреальда қар тазалау жайы салыстырмалы түрде нашар ұйымдастырылатын болса, елдің байтағы – Оттавадағы ахуал бұдан да мүшкіл. Оның тұрғын үй аудандарында тек жолдар табандарындағы қарлар тазаланып алынады да, тротуарлар сол қалпы күртікке айналып жата береді. Соған қарамастан, Оттава мэриясының сайтында жазылған қар тазалауға байланысты ережелердің талаптары барынша қатаң. Ол бойынша қар құйылысы аяқталғаннан кейінгі төрт сағаттың ішінде қаланың барлық басты көшелері толық тазаланып шығуы тиіс. Ал алты сағатта жол қызметтері тұрғын үйлер мен магистральді жалғастырып жататын көшелер қардан аршылып болуы керек. Сол сияқты тұрғын үй аудандарының көшелері мен тұйықтары соңғы қар ұлпасы түскеннен кейін 16 сағат көлемінде жауын-шашынға дейінгі қалпына жеткізіліп қойылуы қажет. Тротуарларды тазалап шығу үшін де осынша уақыт беріледі.Швециядағы жағдай да Норвегияның тәртібіне біршама ұқсайды. Мұнда көлік қозғалысы интенсивті жолдар асфальттің қара табаны көрінгенге дейін тез тазаланып шығуы тиіс. Бұған жету үшін олар тұз ерітіндісін пайдаланады. Шведтерде сондай-ақ мұздақтармен күресудің өзіндік тәсілдері бар. Оны швед ғалымы Торгейр Ваа 2004 жылы ойлап тапқан. Ол ұсақ құмды ыстық сумен 7-ге 3 пропорциясы шамасында араластыру арқылы жасалады. Сосын ыстық құм қардың бетіне себіледі. Бұл күніне 1500-ге жуық көлік жүріп өтетін жолды 3-7 күн тайғанақ етпей ұстап тұруға жарайды. Сонымен бірге көлік қатынасы өте көп ірі қалаларда артынан көшенің шаңын шығарып жіберетін болғандықтан, оған құм пайдалануға ты­йым салынған. Мұндай ереже Норвегияда да бар.
Швецияда жолды тайғанақ болудан сақтау үшін мәрмәр тастың жаңқаларын қолдану да кездеседі. Бірақ ол реагентке балама бола алмайды. Тұз бен мәрмәр ұнтағы қары жентектеліп қалған көшелер мен енінің ауқымы аз жолдарға себіледі. Бірақ мұздақ кезінде олардан пайда аз. Бұған тек реагенттер ғана жарайды.
Қысы қаншалықты қатал болғанымен, бүкіл Швеция­да қыстыгүндері барлығы 2600-ге жуық қар тазалау­шы, 900 тұз себуші және 1000 құм себуші техникалар ғана іске қосылады. Мәскеудің 17,6 мың техникасы жанында бұлар да түк емес. Қар жауғанда бұл елде зардапты көбірек шегетін Стокгольм болып шықты. Мемлекет астанасында қардың жауғаннан кейін жолдар мен тротуар­ларда тәуліктеп жатып қалатын кездері кездеседі екен.
Әлем елдеріндегі ірі қалалардың бәрінде бір-бірлеріне ұқсас осындай проблемалар бар. Бірақ оларды шешуді әр мегаполис өзінше қолға алып келеді.

Расул АЙТҚОЖА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button