Таным

ҚАРА КҮШ ИЕСІ ҚАЙДАРДЫ БІЛЕСІЗДЕР МЕ?

Жақында Мақсұтбек Сүлейменнің «Алып қара күш» атты Қайдар палуан туралы мақаласын («Инфо-Цес», 5 шілде 2013, №26) оқып, біраз мағлұматтармен таныс болдым. 

«Ел есіндегі естеліктерді сарапқа салсақ, Ақмола өңірінде туып-өскен, есімі қазақ халқына кеңінен танылған Қажымұқан, Балуан Шолақтардан кейін тараған алып қара күштің иелері Иманжүсіп, Қайдар палуан Оспанов, Сағанай тәрізді аталарымыз болды ғой» депті мақалада. Қайдар палуаннан ауыл ақсақалдары әзілдеп: «Қалқам, сен кімге тартып күшті болдың? Ата-бабаларыңда алып қара күш иелері бар ма еді?» деп сұрағанда, ол: «Балуан Шолақ – нағашым, Қажымұқан – ағам, оларға тең болмасам да, олардан кем болмаймын деп тырысып жүргенім ғой» дейді екен.

Жазушы Жайық Бектұровтың әңгімелері бойынша, Қайдар палуан жиырмасыншы жылдардан бастап Қазақстанның Солтүстік облыстарында сайысқа түсіп, есімі белгілі бола бастапты. 1926 жылы Қажымұқанға еріп барып, Ташкент қаласында өткен халықаралық атақты палуандар күресін тамашалайды. 1927 жылдан бастап Қажымұқанның көшпелі циркінде күш өнерін көрсетеді. Петропавл, Көкшетау, Ақмола, Қарағанды, Атбасар қалаларынан бастап, Омбы қаласына дейін барып, ағасы Қажымұқаннан үйренген күш өнерінің қызықты ойындарымен халықты таң-тамаша қылады.

Кезінде Қайдар палуанның күш өнерін көзімен көрген Қаппас Жүнісов деген қария: «Ақсу алтын шахтасында істейтінбіз. 1938 жылы кеншілер мәдениет сарайына келдік. Бір кезде сахнаға еңгезердей, нар тұлғалы Қайдар шықты. Мойнына бір жігітті мінгізіп алыпты. Көк арбаның екі жетегін шынжырмен байлатып, тісімен тістеп, екі қолын артына ұстаған бойы сүйреп келеді. Арбаның үстінде оннан астам адам тік түрегеліп тұр, сыйғанынша мініпті. Содан кейін екі қолының бұлшық еттерін ойнату, оны тістету, 20 см шегені 50 см қалың тақтайға алақанымен бір ұрып ұңғысына дейін қағып жіберу сияқты номерлерді көрсеткеннен кейін, мен айтқан автомашина жүргізу, төсінде тасты сындыру т.с.с. өнерлерді көрсетті» – дейді.

Бұл рас, мен бала кезімде алып күш иесін бірінші рет көрген едім. Бұл 1948-1949 жылдары наурыздың шамасы болу керек. Біздің Қорғалжын ауданына қарасты «Кеңбидайық» совхозының клубында «Қажымұқанның шәкірті әрі жиені Қайдар деген палуан кеште клубта ойын көрсетеді» деген хабарды естісімен, сонда бардық. Халық көп жиналды. Балаларға орын тимейді, сахнаның алдындағы бос жерге отырамыз.

Бір уақытта сахнаға ұзын бойлы, алып денелі, батыр тұлғалы, бұлшық еттері ойнақшыған, зор адам шықты. Ауылдың денелі, ұзын бойлы деп жүретін адамдары мына палуанның иығынан ғана келді. Менің мұндай адамды көріп тұрғаным бірінші рет еді. Сол кісінің бейнесін тура Қажымұқан атамыздың суретіне ұқсатамын.
Сахнаға шығып, палуанның не айтқаны есімде қалмапты, бір кезде екі қолын шынтағынан бүгіп жоғары қарай көтеріп тұрып, қол, кеуде, төс бұлшық еттерін ойната бастады. Бұлшық еттері кесек еттей, бөлек-бөлек екенін, олардың жиырылып-созылғанын көріп таң қалдық. Содан кейін таңқаларлық ойын көрсетті. «Осы ауылдың мықты деген жігіттері менің кеңірдегімді шамаларың жеткенше қысыңдар» деді. Мұндай ұсынысқа көпшілік абыржып, батылдары бармап еді, өзі «қорықпаңдар, келіңдер» деген соң елдің арасында бас палуанға шығып жүрген Әкпар Рахымбеков пен Николай Шехерев дегендерді халық қолқалап ортаға шығарды. Қайдар палуан сахнаның ортасында тұрып, әуелі Николайға, содан кейін Әкпарға алқымынан кеңірдегін қыстырды. Сонда: «тағы да, тағы да, қаттырақ қысыңдар» деді. Содан басын бұрып қалғанда екеуінің де қолдары оп-оңай мойнынан босап кетті.

Келесі көрсеткені – екі білегіне екі постромканы (жетектің орнына пайдаланатын қалың қайыс) іліп алып, екі жағына он-оннан жиырма адамға ұстатып тұрып: «мықтап ұстаңдар, мықтап ұстаңдар» деп, бәрін жалғыз өзі сүйреп кетті.

Ауылдағы мал қора қақпасының бір жағын әкеліп қойған екен, өзі шалқасынан жатып, соны аяқ-қолымен тіреп тұрып, үстіне толғанынша адамдарды шығарып (шамасы 15-20 адам болу керек) жоғары-төмен көтеріп-түсірді. Палуанның «Мен Қорғалжынның балығын аулап жатырмын» деген сөзі есімде қалыпты.
Содан кейін кеудесіне екі кісі әрең көтеріп әкелген тасты қойып, үлкен балғамен (кувалда) ұрып сындыртты, білегіне жуан сым темір – ломды орады. Әсіресе, есімде қалғаны рельсті алып келіп, басына қойып, екі жағынан (8-10 адам ғой деймін) басып майыстырғанда басында рельстің даты жолақ болып қалғаны көз алдымда. Шашын ұстарамен тықырлап алып тастаған екен.

Келесі күні мал қораның екі қақпасын да төсеп, өзі астында шалқасынан жатып, полуторканы үстінен жүргізді. Рульде Василий Степанов деген шофер еді, дәл үстіне келгенде тежегішке (тормозға) басып тоқтай қалды, көріп тұрған халық айқай салып, тез жүріп кетуін талап етті. Автомашина үстінен түсіп, қақпаларды алғаннан кейін Қайдар палуан еш жарақатсыз аман-есен тұрды.

Бұлардан басқа да әртүрлі ойындар көрсетті ғой. Көп уақыт өткендіктен, жас кезімде көргендіктен болар, кейбіреулері ұмытылып қалыпты.

Бір есте қалғаны: қыстың күні болса да ұзын күзгі қара пальтомен, аяғына жүннен тоқыған шұлық киген, резеңке галошпен жүретін. Үлкендерден «Неге аяғына аяқ киім кимейді?» деп сұрағанымызда: «Бұл кісінің аяғына шақ келетін аяқ киім болмайды, сондықтан размері ең үлкен 50-ші голошқа ұлтарақ салып киеді екен» деп естідік.

Бостан ШАХМАНОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button