Мәдениет

«Қара жорға» қазақтың биi емес пе?


«Халық өнерi – шашылып қалған моншақ тәрiздi».
Осыдан тура бiр ғасыр бұрын туып, қазақтың кәсiби би өнерiнiң қалыптасуына еңбек сiңiрген, қазақ кәсiби бишiлiгiнiң алғашқы қарлығашы Шара Жиенқұлова «Өмiрiм менiң – өнерiм» атты өмiрбаяндық повесiнде осылай деген едi. Сол шашылған моншақ бертiнде ғана түгенделе бастады. Мәдениет пен өнерiмiзге жоғалып барып табылған талай жауһар туындылармен қатар, «Қара жорға» да оралды.
Алайда, «қазақтың биi» ретiнде тұңғыш рет 2009 жылы Гиннесс рекордтар кiтабына енген «Қара жорғаны» – қазақтың биi емес дейдi бiлгiштер. Бұл пiкiр көпшiлiк арасында көкпар алаңын да тудырып келедi.
Өкiнiштiсi сол, өзiнiкiне «менiкi» деп қарай алмай, ұлттық тұрғыда әлi күнге өз менiн тани алмай жүрген замандастар арамызда аз көрiнбейдi. «Nur.kz» сайты жүргiзген сауалнама нәтижесi де осындай ойға қалдырды.
Нақтырақ айтсақ, сауалнама жүргiзушiлер жалпы көпшiлiкке «Қара Жорғаны» қазiргi қазақтардың ресми биi деп айтуға бола ма?» деп сауал тастаған. Сауалнамаға қатысқан 1539 адамның 363-i (23,59%-ы) «шетел билерiн билегенше «Қара Жорғаны» билеген жақсы» деген пiкiр бiлдiрсе, 289-ы ғана (18.78%-ы) «Әрине, «Қара жорға» – ұлтымыздың мақтанышы» деп жауап берген. Қалғандары бұл мәселеге бейтарап қарап, тiптi көпшi-лiгi бұл биге тыйым салуды ұсынады.
Қай қоғамда да, әрине, барлық халықтың интеллектуалдық деңгейi бiрдей бола бермейдi. Көзi ашық, саналы, озық ойлайтындар қашан да санаулы топты ғана құрайды. Әйтсе де, шашылған моншақ жiпке тiзiлiп, ұлттық мәдениетiмiздiң мұралары молынан табылып жатса, бұл ұлттың ұтқаны емес пе? Гиннесс рекордтар кiтабына «қазақ биi» деп енген «Қара жорғаның» кiмге қандай залалы бар?..
Тағы да бишi, Қазақ ССР-iнiң халық әртiсi, Қазақ ССР мемлекеттiк сыйлығының иегерi Шара Жиенқұлованың сөзiне сүйенудi жөн көрдiк. «Домбыра тарт десе, бәлсiнiп отырып алатын немесе жұрт арқасы қыза бастаса, қас қылғандай жоқ боп кететiн Жұмабай да табылды. «Қара жор-ға», «Келiншек», «Айжанқыздарды» дөңгелеткенде өзiңнiң де қалай дөң-геленiп кеткенiңдi бiлмейсiң», – делiнедi ғұмырнама беттерiнде. (Қараңыз: «Өмiрiм менiң – өнерiм». «Жазушы» баспасы 1992 жыл. 15-бет.) Бұл – 1912-1991 жылдар аралығында өмiр сүрген бишiнiң балалық шағы туралы айтқан естелiгiнен үзiндi.
Демек, «Қара жорға» ХХ ғасырдың басында да қазақ даласында болған.
Автор кiтаптың тағы бiр беттерiнде би – халық тұрмысының көрiнiсi екенiн айтады. Әр елдiң ұлттық биi ұлттық салтына, тыныс-тiршiлiгi мен дәстүрiне негiзделгенiне тоқталады. «Қай биге қарамаңыз, өз халқының тұрмыс-тiршiлiгiн бейнелейдi. Солтүстiк суық жақтың халықтарында «Бұғы», «Марал» билерi, Памир өңiрi халықтарында «Бүркiт», «Қарға», «Лашын» билерi, өмiр-бақи соғысып өткен халықтарда сайысты бейне-лейтiн соғыс билерi көрiнiс бередi. Гректердiң ежелден келе жатқан «Пир-ческие пляски» биiнде сайыстың әдiс-қимылдары аса шеберлiкпен бейнеленедi. Алысқа бармай-ақ, өзiмiздiң грузиндерде «Парикоба» биi де қылышпен орындалады… Қазақтың өнер қорында аңшылық кәсiптердi бейнелейтiн билер немесе пантомимо қимылдары болғаны турасында айтылып жүр. Музыкалық қорымызда арнайы жазылған, жоғарыдағы жайттардың кейбiрiн музыка тiлiмен бейнелеген шығармалар аз емес. «Қара жорға», «Мерген», «Ортеке», т.б.», – делiнедi дәл сол кiтаптың 154-155-беттерiнде.
1892-1938 жылдар аралығында өмiр сүрген қазақ ұлттық профессионалды театр өнерiнiң негiзiн салушылардың бiрi, ұлт қайраткерi Жұмат Шаниннiң: «Қазақта би болмаса, онда «би, билеу» деген сөз қайдан шық-қан?» деп шыр-пыр болғанындай, расында, қазақта да өзiнiң тұрмыс-салтына негiзделген ұлттық биi болған. Ал ұлттық өнерiмiзге 70 бидiң басын құрап, қалдырып кеткен Шара Жиенқұлованың ұстазы Александр Артемұлы қазақ ұлттық биiнiң алғашқы жиынтығын құрастырғанда осы халықтың өзiнiң салт-дәстүрiне, өз өмiрiне жүгiнген.
Әрине, әке-шешесiнiң танго, ламбада билегенiн, бүгiнгi сахнада қазақ әнi айтылып жатса да, кiндiгiн ашып тастап, бөксесiн жұлқылап шыр айналғандарды көрiп, көз үйреткен замандастар көнеден жеткен «Қара жорғаны» «қалмақтың не моңғолдың биi» деп жатсынады. Осылайша, ша-шылып барып табылған маржан моншақты, ұлттық мұраны өзгенiң мәде-ниетiне телiп, сыртқа тепкiлейдi.
Бiрақ, «Қара жорға» қазақта ертеден болған. Ол, кейбiр деректерге қарағанда, әсiресе Шығыс Қазақстан облысында бертiнге дейiн сақталып келген. Белгiлi күйшi, сазгер Шәмiл Әбiлтай да: «Бұрын бала кезiмде «Қара жорғаны» мен де тартқанмын» деп, бұл туындымен әу бастан таныс екенiн айтады.
Бiлетiндердiң айтуынша, «Қара жорға» бiр замандарда «Жылқы биi» деп те аталған. Жылқыны мiнiп ат, сауып сусын, сойып ет еткен «жылқы-мiнездi» қазақ аталмыш өнер туындысы арқылы сол сүйiктi жануарының өз тұрмысындағы орнын бейнелеп жеткiзуге тырысқан. Бұл орайда, «Қара жорғаның» туу тарихы туралы аңыз-әпсаналар да аз емес.
Сонымен, өкiнерлiгi, ұлттық рухымызды жанитын әдемi әуезге негiзделген сол «Жылқы биi» – «Қара жорға» бүгiнде теперiш көрiп келедi. Бұл бидi «моңғол биi», «қалмақ биi» деп сыртқа тебушiлер толастар емес. Тiптi, олар бидiң қазақ iшiнде орындалуына тыйым салуды да көздейдi. Бiрақ… қымызымызға немiстердiң патент алып, бауырсақты қырғыздар меншiктеп, тiлiмiздiң «мемлекеттiк деңгейде басқару тiлiне айналдыруға жарамсыз» атанып, бесiгiмiздiң «талтақ аяқ, жалпақ бас бала қалыптасты-ратын» «зиянды төсекке» телiнiп жатқаны бiз үшiн аз ба? Өзiмiздiң ұлттық мұрамыздан неге бiз қашуға тиiспiз?
Бәлкiм, рас, «Қара жорғаны» моңғолдар да билейдi. Ал қазақ секiлдi моңғолдардың да киiз үй тұтынатынын кiм бiлмейдi? Бiрақ, бұл «киiз үй моңғолдiкi» деген сөз емес қой!
Тоқсан ауыз сөздiң тобықтай түйiнi, қазақ жылқыны ер-азаматтың жан серiгi дейдi. Жылқымiнездi қазақ бүкiл тұрмыс-тiршiлiгiн жылқымен байланыстырады. Ал, әр халықтың биi ұлттың тұрмыс-салтына негiзделедi дейдi кәсiби би өнерiнiң ұстаздары. Ендеше, жылқыны жатсынбаған әр қазақтың «Қара жорғадан» да қашпағаны абзал.

Нәзира БАЙЫРБЕК

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button