Қарағанды – Астана тас жолындағы жылдамдық төмендетіледі
Қарағанды – Астана автомагистралінде, басқа да республикалық жылдам жүретін жолдардағыдай, қолайсыз ауа райы жағдайларында рұқсат етілген жылдамдықты өзгертетін жол белгілері орнатылады. Жаңа ережеге сәйкес, көріну нашарлаған немесе көктайғақ болған жағдайда жүргізушілер жылдамдықты сағатына 60 шақырымға дейін төмендетуге міндетті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Бұл шара жол-көлік оқиғаларының қауіп-қатерін азайтуға және төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған.
– Қолайсыз ауа райы жағдайында республикалық маңыздағы жолдарда ерекше жылдамдық режимі енгізіледі, – деп атап өтті әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары подполковник Елжас Жартыбаев – Жылдамдықты шектеу бұзушылықтарын тіркеу үшін жылдамдық режимі мен орташа жылдамдықты бақылау камераларымен біріктірілетін болады.
Әдеттегі жағдайда ауа райы жақсы болған кезде трассадағы ең жоғары жылдамдық бұрынғысынша қалады – 140 шм/сағ.
Орташа жылдамдыққа келер болсақ, полиция департаменті оның жүріп өткен жолды уақыт аралығына бөлу арқылы есептелетінін түсіндірді. Жолдың тік сызықты учаскелерінде бұл көрсеткіштің артуы автоматты тіркеу жүйелерімен тіркелетін болады. Қазір олар тестілік режимде республиканың 13 автожолына орнатылған. Ереже бұзғаны үшін айыппұл 5-тен 40 АЕК-ке дейін шамасында болады.
Әзірге өңірде мұндай бұзушылықтар тіркелмеген, себебі қажетті жабдықтар әлі орнатылмаған.
Заңнамадағы өзгерістер туралы тағы не білу керектігі туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. Әуесқойлар үшін әкімшілік жауапкершіліктің саралануы өзгерді.
– ӘҚБтК-нің 592-бабы 3-1 және 5-тармақтармен толықтырылды, – деп нақтылады Елжас Жартыбаев. – Егер бұрын жылдамдықты арттырудың ең жоғары шамасы 40 шм/сағ және одан жоғары болып, ол үшін бір ғана айыппұл болса, енді жылдамдықты 40–60 шм/сағ диапазонында арттырған жүргізуші 20 АЕК (78 640 теңге) төлейді. Ал сағатына 60 шақырымнан асқаны үшін заңда 40 АЕК (157 280 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Осы мөлшерден қайта асып кеткен жағдайда айыппұл 60 АЕК (235 920 теңге) дейін өседі.
Бұл жаңалық қала сыртындағы жолдарда әрбір үшінші адам жылдамдықты арттыру салдарынан қаза болатын ЖКО талдауын ескере отырып енгізілді.