Қала тіршілігі

Қарағандылықтар қарық қылды

Астананың азық-түлік белдеуіне іргелес жатқан Ақмола облысының 17 ауданы мен Қарағанды облысының 4 ауданы кіретіні белгілі. Өткен сенбі-жексенбі күндері дәстүрлі ауыл шарушылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне Қарағанды облысының көл-көсір өнімі шығарылып, елордалықтар өздеріне бұрыннан таныс дәмді делдалдардан емес, тікелей сол өнімдерді өндірушілердің қолынан сатып алуға мүмкіндік алды.

Бір шетін Ақтоғай ауданының ауыл еңбеккерлері алған сөрелерді Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов аралап көрді.
«Жәрмеңкенің Астана халқына және өңірлердің кәсіпкерлеріне берері мол. Бірақ, ең бастысы, мұндай шара елорданы – елге, елді – елордаға жақындатады, елдің бірлігін нығайтады.
Еліміздің ең ірі өлкелерінің бірі – Қарағанды облысы жәрмеңкеге 800 тоннадан астам ауыл шаруашы­лығы өнімін алып келді. Елдің риза­шылығы мен ықыласын көріп отыр­­сыз­дар. Әрине, өнім өте сапалы әрі баға да орта есеппен ал­ған­да қа­ла­дағы базарлардан 20 пайыз төмен» деді Иманғали Нұрғалиұлы.
Өңір шаруаларын бастап келген Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев өз сөзін: «Биыл соңғы 20 жылда болмаған мол өнім жинағалы отырмыз. Жәрмеңкеге об­­лыс­тың 9 ауданы мен 9 қаласы қа­­тысып, 160 миллион теңгенің өні­­мін әкеліп отыр» деп бастап, «Өңір­­лер мен елорданың қарым-қа­ты­­насы одан әрі арта берсін» де­ген тілегімен аяқтады.
Өзгелерді болмаса, ұлтымызды бауырсақ, қымызбен таң қалдыра алмайсың. Дегенмен, Жа­ңа­арқа­ның қымы­зы десе, тамсан­бай­­тын қа­­зақ жоқ шы­­ғар. Жәр­меңке аясында «Бауыр­­сақ және қымыз» фес­ти­ва­лі ұйым­дас­тырылып, елор­далықтар осы дәм­дерден ауыз тиді.

Тек тән азығына ғана емес, жан азы­ғына да жәрмеңкеден мол орын табылды. Облыстық тари­хи-өл­ке­тану мұражайының көр­месін аралаған қала басшысы: «Та­рихқа өзгеше құмарлығым бар екенін өздеріңіз білесіздер. Ел бол­ғаннан кейін оның тереңде жат­қан тари­хы болады. Байтақ дала­мызда та­лай-талай ескі дүниелер бар. Ал ен­ді Қа­рағандыны, оның ішін­де ке­зіндегі Жезқазған облысы бол­ған өңірді алатын болсақ, біздің дәуі­рімізге дейінгі бесінші ғасырда өткен Сақ заманының жәдігерлері мені таң қалдырады және тарихымыз тереңде жатқанын дәлелдейді» деді.
Сондай-ақ, Қарағандының қол­ө­нер шеберлері де жарады. Мә­селен, олар жасаған бұйымдар орналасқан сөреден түрлі заттарды көріп, әсіресе, тізіліп тұрған саз сырнайларға назарымыз ерекше ауды. Біраздан кейін осы саз аспабын бір әріптесіміздің қолынан көрдік. «500 теңгеден соңғысын сатып алдым. Ұлым өскенде, соған үйретпекпін» деді ол өзіне ырза кейіппен.
Осыдан екі жылдан астам уақыт бұрын «Өзгелерден десі басым» ақын Қа­­сым Аман­жо­лов­­тың ға­­­сыр­лық ме­­рей­тойы тұ­сын­да «Қа­­сым» жур­­на­­лы­­ның тұ­сауы кесілген еді. Екі айда бір шығатын басылымның соңғы сандары да жәр­мең­ке сөре­сінің бір шетін алыпты.
Қарағанды қаласынан келген Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестікке қарасты ұжымдар мен облыс қалалары мен аудандарының өнер­паз­дары жәрмеңке кө­рі­гін қыз­дыра түсті.
Ендігі кезекте, 5-6 қазан күндері жәрмеңкеде Павлодар облысының ауыл шаруашылығы өнімдері сатылады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button