Қала тіршілігі

Қарағандылықтар қымызымен қыздырды

Астана қаласында қалыптасқан игі дәстүрдің бірі – ел аймақтарының ауыл шаруашылық жәрмеңкелері болып отыр. Қаланың орталық алаңында сенбі-жексенбі күндері өтетін азық-түлік сау­дасына елордалықтар ерте қамданатын болыпты. Олай дейтініміз, жәрмеңкеге келген халықтың қарасы таңертеңнен кешке дейін үзілмейді.

Өткен демалыс күндері астаналық тұтынушылар Қарағанды облысының жәрмеңкесіне жи­налды. Бірден айтқымыз келеді, кеншілер аймағының тартуы толай­ым болды. Қала әкімдігі алдындағы кең алаңда жасақталған 85 сауда шатырының бәрінде кезекте тұрған тұтынушыларды байқадық. Алыстан көз тартқан үш киіз үй жәрмеңкенің сәнін де, мәнін де аша түскен.

Жәрмеңке барысын Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетов пен Қарағанды облысының әкімі Ә.Құсайынов аралап көріп шықты. Жалпы, Қарағанды облысының шаруашылықтары 800 тонна ауыл шаруашылық өнімдерін әкелген екен. Әсіресе, ет өнімдері көп болғанын аңғардық. Сондай-ақ, сүт, нан тағамдары да жетіп-артылғанын көрдік.

Қарағандылықтар жәрмеңкені мерекеге айналдырып жібергендей болып көрінді. Олай дейтініміз, қажетінше азық-түлігін алып, көңілдері көтерілген астаналықтар үшін «Қымыз және бауырсақ фестивалі» өткізілді. Мұнда бірімен бірі жарысқан облыс аудандары өздерінің қымызы мен бауырсағын халайыққа ұсынды. Қымыздың қызуы, бауырсақтың буы астаналықтардың көңілін тіптен көтеріп жіберді. Со­нымен қатар жәрмеңке барысын­да ұйымдастырылған Қарағанды өлкетану мұражайы мен қолөнер шеберлерінің көрмесі де көпшіліктің көңілінен шықты.

Осылайша, азық-түлік жәрмеңкесін мерекеге ұластыра білген қарағандылықтарға елордалықтар риза болды. Ал алдағы демалыс күндері Ақмола облысының жәрмеңкесін күтеміз.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button