Басты ақпаратМәдениет

«Қарагөз»: Мәмбетовтен Мирғалиеваға дейін

Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры 33-маусымын Мұхтар ­Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясының премьерасымен түйіндеді. Спектакльдің қоюшы режиссері – ­Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлсина Мирғалиева. Аталмыш туынды реформатор режиссер, Қаз КСР халық әртісі, Қаз КСР мен КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Халық Қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетовтің рухына арналды.

Қазақ театрының классикасы саналатын «Қарагөзді» Мәмбетов осыдан қырық жылдан астам уақыт бұрын қара шаңырақ М.Әуезов театрында сахналады. Жаңа ғасырда Қаллеки театрына қызметке келгенде қайта жаңғыртты. Бұдан кейін де бұл спектакль талай қойылды.

Қуанышбаев театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ыбыраевтың осы қойылым кейіпкерлерінің бірі Жабайды сомдағаны бар. «Қарагөздің» бірнеше қойылымын көрдім. Бірақ Әзірбайжан Мәмбетов қойған «Қарагөз» бен кейінгі сахналанған «Қарагөз» бір-біріне мүлде ұқсамайды. Қазір театрға жас режиссерлер келді. Олар – шетелде оқыған, білімді жастар. Бірақ таным-түсінігі мен көзқарасы ерекше, өзгеше ойлайды» деген еді бір сұхбатында әртіс.

Осы сөзді «Қарагөзді» жаңаша қойып, құлпыртқан Гүлсина Мирғалиеваға да қатысты айтуға болады. Оған трагедияны тамашалаған көрермендердің пікірі дәлел. Соның бір-екеуін келтіре кетейік.

«М.Әуезовтың «Қарагөз» трагедиясы – оқиғасын баршамыз жатқа білетін классикалық драма. Сырым-Қарагөз-Нарша үштігі. Оқиға желісін білетінімізге қарамастан, іштей Наршадан сескеніп, ол Қарагөзді өлтіріп тастамаса екен деп отырасың. Бұл қазіргі өмірдегі әйелге қастандықтың көбейіп кеткендігінен бе екен? Драманы ерекшелеп тұрған да – осы Нарша. Трагедиялық тұлғаның абдыраған халін Бәзіл Сұлтанғазы әсерлі жеткізді. Осындай ерекше образды даралап көрсету – режиссерге салмақ. Оны Сырыммен жағаластырмай-төбелестірмей қалай ашуға болады өзі? Режиссер Гүлсина Мерғалиеваның шеберлігі осы тұста тағы көрінді. Ол бір әсерлі деталь тапқан. Деталь – Қарагөздің иығындағы ақ орамал. Қарагөз бен Нарша ақ орамалды екеуі екі жаққа тартқан кездегі орамал образы екі тағдырдың тірескен, бірі айырылғысы келмей, екіншісі қосылғысы келмей арпалысқан көріністі жеткізді. Олар орамалды жұлқыламайды да. Бұл – өз араларындағы жағдайларын жасыра, үнсіз арпалысқаны. Сол ақ орамал екеуіне ортақ бола кетсе екен деп отырасың іштей, бірақ онда ол драма бола ма? Режиссер ақ орамалдың Наршаның қолында қалмай, Қарагөздің иығында кеткенін көрсету арқылы өте ауыр жағдайды түсіндіріп өтті. Бұл қойылымда режиссер қосқан осындай зат-образдар айрықша. Соның бірі – жоғарыдан түсіп тұрған ұзын-ұзын қап-қара арқандар образы. Сол қап-қара арқандар тылсымына жынданып кеткен Қарагөздің қап-қара қос бұрымы қосылып, оқиғаны адастырмай қоймас қалың орман етіп жібергендей екен» дейді белгілі ақын Оңайгүл Тұржан.

Бүгінде «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», тағы осы сияқты ұлттық классиканы жаңа заманға лайықтап қою желеуімен бүлдіру басым болып кетті. Премьераны тамашалауға барғанда тағы театрдағы сәтсіз экспериментке жолығамыз ба деген ойымыз да болды. Гүлсина Мирғалиеваның қолтаңбасындағы «Қарагөзде» мұндайдың жоқтығын көріп, қуандық.

«Спектакльде дала заңы, баба заңы сақталған. Дала заңы бойынша қазақ халқы бір ауыз сөзге тоқтап серттесіп, ант-су ішіп уәделесіп, жеті атаға толмай қыз алыспайтын қатаң құқықтық заң-ережеге бой ұсынған.

Бұл заңды кім бұзса ел-жұртының сый-құрметінен айырылып, ар, ұят, намыс көкіректі кернеп, безіп кеткен. Сол кезде дана жұртымыздың ұстанған, қабылдаған заңдары, салт-дәстүр, әдет-ғұрпы ұрпақтар сабақтастығымен бізге дейін жеткендей еді.

Иә, біз – уәдеге, салт-дәстүрге берік халық едік. Уәде, ар, намыс, тектілік – қазақтың ұлы құндылықтары еді. Қазір ше? Қазір ардан, намыстан, уәдеден, дәстүрден тайдық. Тәрбиеден, болмыстан айырылдық. Жоғалтқан құндылықтарды санап тауыса алмайсың…

Бұл қойылым сол дала заңдылығын қайта жаңғыртты. Әке-шешенің балаға жауапкершілігін, ұрпақ сабақтастығын, әженің тәрбиесін, яғни бағзы заман институтын шебер көрсетті. Кім екенімізді еске түсірді.

Негізі Қарагөз спектаклі – ол өткен заманның ғана емес, осы заманның да трагедиясы. Қазіргі жастар шыққан тегін, руын, ата-бабасының кім екенін білмейді. Соның әсерінен қан араласып, ДЦП балалар өмірге келуде және т.б.

Ал Қарагөздің тағдыры тек оның ғана емес, талай қазақ қызының азабына айналған дүние емес пе?!» дейді жас режиссер Әлия Исаева.

Біздің бұл пікірге алып-қосарымыз жоқ, бұған толықтай қосыламыз. Анығы, «Қарагөз» – Қаллеки театрының кезекті табысы.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button