Мәдениет

Қарамай аязға, боранға…

Елордадағы Триатлон саябағында өткен триатлонға 200-ге жуық әуесқой спортшы қатысты. Сөйтіп, ақпан айындағы аязды күндері триатлоншылар алдымен 2,5 шақырымға жүгірсе, сосын 3 шақырымға велосипед тепті, үшінші жаттығу – 2,5 шақырымға шаңғымен жарысты. Күн аяз болғандықтан, турнир таңғы 9:00-ден 12:00-ге ауыстырылды.

– Триатлон жарысы төртінші рет өтті. Биылғы жарыстың бір ерекшелігі – эстафета бойынша жеңімпаздар анықталды. Алғашқы жарысқа 50-дей ғана спортшы қатысса, биыл 200-ге жуық спортшы бақ сынады. Астаналықтардан бөлек, Қарағанды мен Көкшетау қаласынан арнайы келгендер болды. Келесі жылы балаларға арналған сайыс түрін қосамыз, – деді Астана қаласы Триатлон федерация­сының президенті Евгений Больгерт.

– Ауа райы -25 градустан асып тұрса да, жарысқа қатысушылар жігер таныта білді. Шаңғы спортынан ұлттық құраманың мүшесі болсам да, дәл осындай триатлонға бірінші рет қатыстым, – деді Щучинсктен арнайы келген Святослав Матасов.

Биыл триатлон бойынша алғашқы өткен жарыста Александр Беспалов, Дмитрий Адамович және Ерлан Тайтілеуов үздік нәтиже көрсетті. Жыл соңына дейін 10-нан аса турнир өтіп, ұпай саны бойынша жеңімпаздар белгілі болады. Жарыс соңында әр жас тобындағы триатлон жеңімпаздары марапатталып, ақшалай сыйақы берілді.

Кезекті триатлон бәсекесі наурыз айының ортасында жабық кешендегі спорт сарайында өтеді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button