Қала тіршілігі

«ҚАРАӨТКЕЛ» КӨНЕ ҚОРЫМЫ – ҚАЛА ТАРИХЫНЫҢ БІР ТАРМАҒЫ

Бүгінгі таңда Астана қаласында республикалық маңызы бар жылжымайтын тарих және мәдениет ескерткіштерінің саны екеу. Ал, жергілікті маңызы бар жылжымайтын тарих және мәдениет ескерткіштері – 45. Оның он екісі археологиялық ескерткіш болып табылады. Қала құрылысы және сәулет ескерткішінің саны – отыз үш. 2010 жылы «Жас-тар» шағын ауданы аумағындағы көне мұсылман зиратына Астана қаласы әкімдігінің қаулысымен Қала құрылысы және сәулет ескерткіші мәртебесі берілді. Мәдениет басқармасы Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі бөлімнің тікелей бастамасымен қойылған «Қараөткел» атауын қалалық комиссия қолдады. Ал, 2011 жылы Мәслихаттың шешімімен қорғау аймағы мен құрылысты реттеу аймағының ше­каралары бекітіліп, «Қараөткел» зираты маңына «Қорғау тақтасы» орнатылды.

… 1990 жылдардың соңында ел аузында «қаладағы осынау көне зиратты сүріп тастап, ор­нына, жаңа бір күрделі құрылыс нысанын тұрғызады-мыс» деген сөз желдей есті. Көпшілік бұл қауесеттен тіксініп қалды. Әрі, бұл зиратта тек қазақ қана емес, татар, шешен, ингуш балаларының ата-бабасы жа­тыр. Қазақ салты бойынша, мәйітті мазаламауға тырысады. Сол мақсаттағы тапқан уәж бе екен, «бұл қорымда оба ауруының ошағы бар, оны қозғаса, қалаға індет тарайды екен» деген сөз тағы гу ете қалды.

Солайша, бұл мәселе ресми сипатты әңгімеден сыртқары, елдің өз арасында бір көтеріліп, бір басылып жүрген. 2008-2009 жылдан бастап елорданың мәдени реңі ене бастады. Міне, осы уақытта Астана әкімдігі ескі зираттың қаланың мәдени-тарихи маңызын байытуға себі, орны мен үлесі барын аңдап, жергілікті билік деңгейінде атқаруға тиісті шараларды шұғыл қолға алды. Зираттың Қараөткел аумағында орын тепкенін ескерген тарихшылар оған «Қараөткел» деген ресми атау беріп, алақандай ақпардан арыға асып көрмеген, бұрын-соңды хатталмаған деректерді жинастырып, жергілікті маңызы бар тарихи ескерткіш ретінде қорғауға алуды күн тәртібіне қойды. Ол үшін ең алдымен зираттың қоршауын жөндеп, қорымға ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу қаперге алынды.

Әрине, бұған дейін осынау игілікті істі атқаруға жекелеген қоғамдық ұйымдар тарапынан ниет білдірілген. Бірақ, амал не, аяқсыз қала берген.

Осы жылдың шілде айында Астана қаласы әкімінің сайты­на «Рух» қоғамдық қорының атынан және елорда тұрғыны Салман Гуцариевтен «осы зиратта жатқан ата-баба рухының құрметіне және қазақ халқының меймандос пейіліне деген ілтипатпен Астана қаласы аумағындағы көне зираттың қоршауын жаңарту жұмысын жүргізуге сіздің рұқсатыңызды сұраймыз» деген мазмұнды ұсыныс-хат түсті.

– Мен өзім де 2006 жылға дейін осы зираттың көнеден келе жатқанын білгенім жоқ. Бұл жерде біздің әулеттен тарап, ертеректе дүниеден өткендер жатыр. Атамыз, әжеміз және екі ағамыз бен екі әпкеміз жерленген. Басын қарайтып, құлпытас қойғанбыз. Ораза айт кезінде барып Құран бағыштап тұрдық. Ең алғашқы құлпытасты тегіміз бір Гу­цариев Саварбек Саадұлы қойған. Ол 1964 жылы Кавказға қоныс аударды. Ата­мекенге кетпес бұрын, 1962 жылы әкесі Саадқа құлпытас қойды. Сол құлпытасты екінші рет, 1975 жылы Саварбектің ұлы Хамзат жаңалады. Ал, «Қараөткел» зиратының қоршауын жаңғырту туралы ойды ең алғаш Саварбектің ұлы, менің Мәскеуде тұратын немере ағайым Михаил Гу­цариев айтып еді. Сонымен, ол кісі қаржылай көмек жаса­ды. Зиратты қоршап, тал егіп, абаттандыруды «Тәкежанов» жеке кәсіпорны жүргізді, – деді кәсіпкер Салман Гуцариев.

Бұл істің басы-қасында С.Гуцариевтің өзі жүрді. Олар бұл жұмысты шілденің 9-ы күні бастаған. Қазанның аяғында тәмамдаймыз деген. «Арық айтып, семіз шықты», бүгінде қоршау толық жасалып бітті. Үш жүзге тарта ағаш егілді.

Елордадағы көне мұсылман зиратын жаңалауға көмек еткен Михаил Саварбекұлы – Ақмоланың тумасы, Жам­был Технология және жеңіл өнеркәсіп институтының түлегі. Бүгінде Мәскеуде тұрады. Ресейдегі санаулы аса дәулеттілердің бірі.

… Астанада көне зиратты бұзады екен деген сыбыстан сескенген Гуцариевтер ата-ба­басы мен туыстарының мәйітін көшіріп, Ингушетияға апарып жерлемек ниетін айтқанда, осы жақтағы молданың «мәйітті мазаламағандарыңыз жөн» деген сөзіне тоқтады. Осыдан екі-үш жыл бұрын Мәскеуге барған сапарында Салманға ағасы Михаил Астанадағы көне зираттың қоршауын жаңартып, мүмкіндігінше абаттандыруға қол ұшын беру туралы ұсыныс айтты. Солайша, Салман «Рух­пен» бірігіп, Астана қалалық әкімдігіне хат түсірді.

– Әкімнің атына осы хат түскен соң, Мәдениет басқармасының басшылығы «Тәкежанов» құрылыс компаниясының жетекшілерімен кездесті. Жүздесуде зиратты қоршау барысын­да оның ішкі мазмұнына зақым келтірмеуді, атап айтқанда, құлпытастарға залал келтірмеуге, өзгеріс жасамауға, ең бастысы – сүйектерге тиіспеу туралы талаптар айтылды, – деді Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі бөлімнің қызметкері Кәмила Қоқымова.

Сонымен бірге, әкімдік тара­пынан «Қараөткел» зиратына ғылыми зерттеу жұмыстарын да қатар жүргізу ескерілді. Бүгінде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы Кемел Ақышев атындағы Археология институтының ғалымдарынан ғылыми-зерттеу тобы жұмыс істеп жатыр.

Зерттеушілер «Қараөткел» мұсылман зиратының 1609–1962 жылдар аралығын қамтитынын анықтады. Бұл қорымда Тәуке ханның ұлы Сәмеке, Ақмоланың негізін қалаушы аға сұлтан Қоңырқұлжа Құдаймендин, Бөгенбай, Қабанбай, Кенеса­ры, Амангелді батырлардың сарбаздары, көпес Баймұхамед Қосшығұлов, діні мұсылман халыққа белгілі Самарқан, Бұхар, Қазан қалаларында туған қайраткерлер жерлен­ген деген деректер бар. Араб, парсы, төте жазумен жазылған құлпытастар белгілі.

– Қазіргі таңда 2169 құлпытас сақталған екен. Кейбіреуінің аты-жөні ки­риллицамен қазақша жазылған. Араб қарпімен жазылған, парсыша түсірілген құлпытастардың жазуын бүгінгі таңда Алматыдағы Шығыстану институтының мамандары оқып, саралап жатыр. Ол сараптама қолға тиген соң, зираттағы адамдардың аты-жөні тағы да айқындалатын болады. Көптеген құлпытастар сынған, бүлінген немесе кейбіреуіндегі жазуды жел мен құз шайып, өшіп қалған. Немесе кейбір әріптері түсіп, марқұмдардың аты-жөнін анық оқу мүмкін емес. Зерттеліп жатқан мәліметтер анықталған соң, Есеп карточкасын түзіп, «Қараөткелдің» толық карта­сын жасаймыз. «Қараөткел» мұсылман зираты жөніндегі алынып жатқан мәліметтер болашақ ғылыми зерттеулердің іргетасы, алғашқы дереккөз болып табыдады. Осыған дейін мұнда екі мың қаралы адам жерленген деп келген. Біздің зерттеулеріміз бойынша, он мыңға жуық адам жерлен­ген болуы мүмкін. Тек екі мыңнан астамының басына құлпытас қойылған. Мұнда ата-әжелерінің немесе басқа жасы үлкен туыстарының аяқ жағына қойылған жас балалардың да мәйіті бар. Олардың бәріне бірдей белгітас қойылмағандықтан, кейбірінің аты-жөнін толық анықтау мүмкін емес. Кәзір 262 адамның аты-жөні анықталды, – деді ғылыми топтың зерттеушісі Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы Серғазы Сәкенов.

– «Қараөткел» зиратының күрделілігінен біз әртүрлі зерт­теу тәсілін қолданамыз. Археологиялық және археологиялық-топологиялық жіктеу, сонымен қатар, этнографиялық тәсіл арқылы анықтау жасап жатыр­мыз. Археологиялық зерттеу әдісі арқылы 2169 құлпытастың төрт түрлі сипатын анықтадық. Бұл зерттеудің құндылығы сон­да – «Қараөткел» зираты көне дегенімізбен, әдеттегідей, сақ, ғұн дәуірі емес, әрі кетсе, түркі, берісі қазақ елі туралы тари­хын танимыз. Өйткені, мұнда қазақ салтындағы құлпытастың төрт түрі кездеседі. Төрт жүз жылдан бері келе жатқан осы зиратта әр заманға лайықты жерлеу салты мен құлпытас қою үрдісі байқалады. Құлпытас жасалған материалдар­дан марқұмның қай заман­да өмір сүргенін анықтауға болады. Және құлпытас қою салтынан қай кезеңде қойылғанын білуге болғандай. Мәселен, алтайлықтар мен қыпшақтардың және қазақ руларының мәйітті қою үрдісін көруге болады. Сондай-ақ, бір таңғаларлығы – зираттың әр-әр жеріне қойылған құлпытастардан біркелкі жазу мәнерін таныдық. Соған қарап, ертеректе қазақ жерінде зиратқа жазу жазатын шеберлер немесе тұтас бір шеберхана жұмыс істеген деген тоқтамға келуге болады. Бұл да болса, қазақ тарихының бір парағы, – деді Археология және эт­нология кафедрасының аға оқытушысы, ғылыми-зерттеу тобы жетекшілерінң бірі Алек­сей Свиридов.

Демек, тарихшы К.Қоқымованың айтуынша, «Қараөткел» зираты Астана тарихының, тіпті Ақмола өңірі тарихының тұнып жатқан бір көмбесі» болуы керек. Олай болса, Арқа өңіріндегі қазақ мәдени мұрасының бір тармағы «Қараөткел» қорымында жатқанында шәк келтіруге болмас…

Раушан

ТӨЛЕНҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button