Басты ақпарат

ҚАРАӨТКЕЛ МЕШІТТЕРІ

Ескі мешіт

Бұрынғы-соңғы тарихты парақтасақ, Қараөткел ешқашан дін орталығы болған емес, бірақ қазақ заманында мешіттер мен намазханалар болса керек де­ген пікірдеміз. Оның негізгі себебі біреу: бұл қоныс ежел­ден Ұлы даладағы үлкен сауда орталығы, тоғыз жолдың торабы, оның үстіне Есілдің осы тұсы даланың ұлы билеушілерінің тақ орнатқан жері. Қараөткелдің өз басынан табылмағанымен, оған іргелес Қорғалжындағы Бытығай, Жәнібек, Шалқар, Атбасардағы Ормамбет орда­сы, Күйгенжардағы Тәуке ор­дасы мешітсіз болуы мүмкін емес. Өкінішке қарай, зерт­теу жұмыстарының қарқыны әлсіз, мүмкіндік шектеулі. Біз биылғы жазғы өлкетану экспедицияларының кезінде Астана маңынан толып жатқан ескілікті мәдениет ошақтарының іздерін таптық. Астана құрылысы күннен күнге қарқын алып келе жатқан қазіргі уақытта сол ошақтарды алдын ала зерттеп алу керек-ақ.

Белгілі өлкетанушы А.Ф.Дубицкий Қараөткелдің алғашқы мұсылман мешіті 1838 жылы салынды деп жазады (А.Ф.Дубицкий. Пройдемся по улицам Целинограда…Целиноград,1990. 22б.). Оның пікірінше, мешітті патша үкіметі Ресей мен Орта Азия арасындағы сауданы қолдау мақсатымен салған. Біз бұл пікірмен толық келісеміз, соны­мен бірге оған қосатынымыз екі мәселе. Біріншіден, Қазақстанды Ресей бодандығына қарату бары­сында патша үкіметі мүмкіндігі келгенше жергілікті елмен тіл табысып, оның көңілін табуға күш салды. Екіншіден, ислам дінін Ресей бодандыққа өткен елді тәртіпті басқаруға пайдала­намыз деген үлкен үміті болды, қандай дін болмасын адамнан қашан да әуелі Құдайды мойында, екіншіден Патшаңды сыйла дейді.

Осы түсінік Екатерина ІІ-нің заманында қалыптасып, қазақтың ірі ел басыларына ағаш үй, мешіт салып беру ХVІІІ ғасырдың 60-жылдарынан басталды.

Қараөткел мешітінің салы­нуы алдымен Ақмола дуанының алғашқы аға сұлтаны болған Қоңырқұлжа Құдаймендіұлының еңбегі, екіншіден, Сперанский жасаған «Сібір қазақтарын басқару туралы Жарғыда» осыған байланысты арнайы ережесінің болуы.

Дуан орталығы Ақмоладан Қараөткелге көшіп келген 1830 жылдары бұл жерде нақты қала салу туралы жоспар да, көшелер де жоқ болатын. Белгілі тәртіппен салынған көшелер түгілі бекініс қорғанын салудың өзі оңай болған жоқ. Бекіністің өзінде алғашқы уақытта тек ресми қызметтер ғана орналасты: бұйрық орны (орыс заседательдер отыратын «приказ») әскери адамдар ме­кендеген казармалар, ұсталық, лазарет, острог (оны гаупвахта деп те атайды, осыдан қазақтың абақты деген сөзі шығады). Бекініс қорғанының ішінде жеке меншік азаматтардың үйлері сирек еді, оның өзі де негізінен қызметкерлердің үйлері еді. Біз өткен бір мақаламызда бекіністің алғашқы басшыларының бірі Чириковтың өзіне үйді қалай салғаны туралы жазған бола­тынбыз.

Қараөткелдің алғашқы мешіті қорғанның ішінен емес, сыр­тына салынды. Оның біраз сыры бар. Біріншіден, орыстар мұсылман бір бірінің тілін табады, оларды қорғаудың не керегі бар деген болар. Екіншіден, өткелден өткен сауда керуендеріне көрнекті болуы үшін де мешіттің сыртта тұрғаны жөн көрінген шығар, мешіт бекіністің солтүстік қапталынан салынды. Қазіргі күні мешіттің орнында бес қабатты совет за­манында салынған тұрғын үйді көреміз, онша сәнді де емес, көзге қораш үй. А.Ф.Дубицкий алғашқы мешіт Тың игерушілер сарайының (қазіргі Конгресс- холл) орнында болды деп жазған еді. Шын мәнінде Конгресс- холдың маңы 1950 жылдарға дейін сауда алаңы болды, ал мешіт оған жапсарлас Иманов көшесінде. Патша заманында бұл көше Мешіт көшесі (Мечетная) атанғанын біз жаздық.

Кейбір мәліметтерге қарағанда Қараөткелдегі алғашқы мұсылман мешітін Ақмола дуанының аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы 1842-1844 жылдар аралығында салғызған. Сейітов Бурабай деген кісі молда болса керек. Мешіттің салынған уақыты әлі де анықтауды қажет етеді, бұл үшін Ақмола дуанының құжаттары сақталған мұрағат қағаздарын қопару керек.

Қараөткелдің алғашқы мешіті Көшек орманынан әкелінген бөрене ағаштардан салынды. Қаңылтыр шатырлы, орта­сында биік етіп салынған азан шақыратын мұнарасы бар. Қараөткелге сауда керуендері келгенде мешіттің биік мұнарасынан арнайы Құтпан оқылатын дәстүр болған. Мешітті айнала Қараөткелге қоныстанған алғашқы қазақ тұрғындарының үйлері пайда болды. Олардың ішінде Молда Бурабай Сейітовтің үйі, Темірбайқажының үйі, аға сұлтан Қоңырқұлжаның өз үйі т.б. Бөренеден қиып салынған бұл үйлердің біразы 1950 жылдарға дейін келді. Совет заманында Есіл жағасындағы қалалық парк атанған Конгресс-холдың жанындағы алаңқай 1840 жылдары қазақ меншігінде болды. Қазақтарды паналап, Қараөткелге ағайынды Ноғаевтар бастаған Сібірлік татарлар да қоныстана бастады.

1865 жылдың 23 тамызында А.К.Гейнс «Уақытша Ережелерді» даярлау барысында Ақмола округінде де болып өзінің «Күнделігінде» біраз әңгімелер қалдырған. А.К.Гейнстің жазуы­на қарағанда Ақмола мешітінің жанында мұсылман мектебі бар, молдасы Қарабек Байбеков деген адам.

Өз заманында Ақмола төңірегіне дін шапағатын әкеліп, ислам нұрын шашқан, талай теперішті көрген Қараөткелдің ескі мешіті 1920 жылы Совет үкіметі орна­сымен отқа оранды. Өзге емес, мешіттің отқа жанған себебі әлі де анықталған жоқ, бірақ большевиктердің осы өртке қатысы болуы әбден мүмкін деген пікірдеміз. Жанса, ертерек неге жанып кетпеді? Совет үкіметі жаңа орнаған, халықтың көңілі әрі-сәрі, большевиктер күшіне кірмеген уақытта, жазалау ша­ралары да бәсең, байқастап, жа­сырын жүргізілгені анық. Ескі мешіттің жанып кеткеніне ызалы мұсылман халық қайта қаражат жинай бастады. Осы бір азамат соғысынан жаңа ғана құтылған, елдің қолындағы мал селдіреп қалған жоқшылық уақытта қазақтың өз арасынан шыққан ірі сауда әулеті Қосшығұловтар мешітті қайта жаңғыртуды өз мойындарына алды. 1976 жылы Ақмола облыстық мұражай қызметкерлерінің сұрақтарына жауап бере отырып, қаланың байырғы тұрғындарының бірі Николай Иванович Вторин «Ко­щегулов Курмангали Баймуха­медович был крупный торговец, имел магазин в Госитином дво­ре, конфетную фабрику, жил в доме, где до июня 1976 года размещался областной суд. Он же по рассказам местных ка­захов за свой счет построил мечеть, где был пивзавод» дейді. Бұл қоспасы жоқ тарихи шындық. Осы­лайша жанып кеткен ағаш мешіттің орнынан күйген қызыл кірпіштен көтерді. Бір қызығы, тас мешіт тура ағаш мешіттің сәулет өрнектерін қайталады, бірақ, кірпіштен соққанның аты кірпіштен соққан, қаланың дәл ортасы өңі кіріп, жарқырап шыға келді.

Кірпіштен соғылған мешіттің өмірі ұзақ болған жоқ. Н.И.Вторин мешіттің дәл қай жылы жабылғанын біле алмадым дейді. Бір сөзбен айтқанда, 1930 жылдардың басында қазақ жеріне ұлы апат аштықты пайдала­нып, большевиктердің мешітті жапқаны анық.

Большевиктер мешітті бірден қиратқан жоқ, алдымен оны тарихи-өлкетану мұражайына берді. А.Ф.Дубицкий мұражай мешітке 1930 жылы көшіп келді дейді, яғни мешіттің де осы жылы жабылғанына дәлелдің бірі. Мұражай болған уақытта мешіттің сәулеттік бейнесіне еш өзгеріс енген жоқ. Оның биік мұнарасы да, күмбез шатыры да, тастан өрген сыртқы шарбағының бағандары да сақталды… Мешіттің шарбағының сыртынан мұражайдың шыныдан фото­павильоны салынды. Жалпы, Ақмолада фотопавильондар революцияға дейін-ақ болған. Со­нымен қазіргі шыны құрылыстар алғашқы осы 1930 жылдардан ба­стау алады… Ерте уақытта Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайында фотоқұжаттар аса мол болатын.

1940 жылы тарихи-өлкетану мұражайы казачья слободадағы Константин-Елена шіркеуі көшіріліді де, ескі мешітті үкімет «Казпиво» аталатын зауытқа берді.

Екінші дүние соғысында апат­тан, жоқшылықтан күйзелген елдің өтініші бойынша көп жерлерде большевиктер аман қалған діни құрылыстарды елге қайтарғанда Ескі мешітті берген жоқ. Сыра шығаратын өндіріс басшылары мешітке қайбір жаны ашысын, біртіндеп мешіттің маңы түгел тоналды, шарбағы құлады, азып-тозу басталды. Ақыры ком­мунистер бертіңгі уақытта оны тас-талқан қылып бұзып, орнын бес қабатты тұрғын үймен жапты.

Жасыл мешіт

Астана қаласының ең бір көрнекті көшелерінің бірі Абай көшесі екені белгілі. Осы көшені бойлап қаланың ескі орталығына жақындасаңыз оң жағыңыздан биік қызыл кірпіштен қаланған бағандары бар шарбақ, биік қақпа кездеседі. Бұл – заманында Жасыл мешіт немесе Татар мешіт аталған құрылыстан қалған қалдық.

Татар мешітінің құрылысы кезінде осы қаланың ең бай ада­мы атанған Нүркей Зәбировтің қаражатына салынған. Көпестің бір әдеті, қандай құрылыс сал­са да жасыл бояумен сырлай­ды екен. Осы себепті «Жасыл мешіт» атанып кетті. Есіл-Нұра алқабында қазақ заманындағы керуен жолдармен жүрсеңіз ескі көпірлердің, бекеттердің қалдықтарын табасыз. Егер осы қалдықтар жасыл бояумен бо­ялса, онда бұл құрылыстардың салынуына Нүркей Зәбировтің қатысы бар деп есептеңіз.

Бұл мешіттің қай жылы жабылғаны туралы мәлімет жоқ, бірақ осы құрылыстың көп жылдар Пионерлер үйі ретінде қызмет жасағанын қаланың ескі тұрғындары біледі. Кейін келе Пионерлер үйі қалалық пар­тия комитетінің ғимаратына көшірілді. Осы кезде мешіттің ағаштарын отынға алу белсенді жүргізілді. Мешіт қызметін қайта қалпына келтіру мүмкін емес еді. Ақыр түбінде оның орнына үш қабатты тұрғын үй салын­ды. Міне, Абай көшесінен Ескі орталыққа қарай аяңдап бара жатқанда Республикаға жете бере оң жағыңыздан кездесетін жасыл қаңылтыр телпек киген тас бағандар, темірден иілген шарбақ пен биік арканың сыры осы.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры

 (Жалғасы бар)

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button