Басты ақпарат

ҚАРАӨТКЕЛГЕ АЛҒАШҚЫ АВТОМОБИЛЬДІ КІМ ӘКЕЛДІ

Таяуда радиодан «Мен – қазақ­пын» деген циклдың бір хабарын естіп қалдым. Хабарды жүргізіп отырған радиожурналистер  соңғы кезде жиілеп кеткен автокөлік оқиғаларын тілге тиек етіп, бір сәт «қазақтың ішінен автокөлікті алғашқы жүргізген кім болды екен» деген сұраққа келді. Тапқандары 1930 жылдары Мәскеуде НКВД басшыларын автомобильмен тасыған қазақ азаматы болды. Жал­ма-жан хабарды жүргізіп отырған Алмастың ұялы телефонына қоңырау шалып едім алмады, тікелей хабар болғандықтан, редакция телефоны ғана жұмыс істеп тұрса керек. Алмасты іздеген себебім, автомобильді қазақ баласы патша заманында көргенін, Қараөткелге алғашқы американ автомобилін айдап келген қазақ азаматы болғанын айтайын деп едім. Енді осы шаруаның сәті келіп отыр.

Қараөткелдегі  алғашқы автомобиль сөз болғанда көбінесе В.М.Кубрин аты аталады. А.Ф.Дубицкий В.М.Кубринмен қатар алғашқы автомобильдердің біріне ие болған фотограф К.П.Ша­хов деп жазады. Ал осы автомобильдердің Қараөткелге қалай келгенін, оны кім алып кел­генін ешқайсы да атай қоймайды.
Тек қана соңғы жылдары «Инфо-Цес» апталығында жарияланған Ерлан Күзекбаевтың мақаласында «В.М.Кубриннің автомобилін Құрманғали Қосшығұлов  әкеліп берді» деген мәлімет бар.

Құрманғали Қосшығұлов деген кім? Құрманғали Қосшығұлов – Қара­өткелдің даңқын алысқа шы­­ғарған атақты көпес Бай­мұқамбет Қосшығұловтың үл­кен ұлы. Қараөткел тарихында Қосшығұловтардың орны ерекше, осы әулет туралы біз арнайы мақала жазуды жоспарлап отырмыз. Бұл жерде біз тек Құрманғалидың автомобильге қатысты ғана әңгімесін айтамыз.

Құрманғали 1876 жылы осы өзіміздің Астанада, ертеде қазақ Қараөткел атаған қалада туған. Бала кезінде оны әкесі алдымен жергілікті медреседе оқытыпты, одан кейін екі кластық орыс-қазақ мектебінде оқығаны белгілі. Бұл екі кластық аталғанымен төрт сатылы мектеп қазіргі түсінік бойынша орта білімді толық береді. Ерлан Күзекбаев өз мақаласында «Құрманғали семинария бітірді»  дейді, ол қандай семинария, қай қалада, ол жағын мен анықтай алмадым. Анығы – Құрманғалидың Санкт-Петербургтегі учетно-кооперативный институтта оқы­ғаны, оны сауда экономикасы мамандығы бойынша аяқтағаны. Бұл жағынан біз Құрманғали Қосшығұловты қазақтың алғашқы жоғары білімді экономист ма­ман­­дарының қатарына қосуға то­лық құқығымыз бар. Елге қайтып келген соң Құрманғали әкесінің жолын жалғастырып, сауда-саттық ісіне кірісті де, бірақ ол жолмен көп жүрмей, Қосшығұловтар әулетінің ортақ капиталын пайдаланып, кәм­пит-тоқаш фабрикасын салуға кірісіп кетті. Бұл революцияға дейінгі заманда тек қана қазақ емес, жалпы қазақ жеріндегі іскер қауымның  бәріне де үлгі болды.

Қараөткелдің ортасында ат шап­тырым жерге орналасқан екі қабатты, қызыл кірпіштен салынған Қосшығұловтардың фабрикасы қала жұртының, әсіресе қазақ аза­маттарының мақтанышы болды. Тек қана мақтаныш емес, бұл фаб­рика қазақ балаларын кәсіпке тәр­биелейтін, еңбекке баулитын, кедей азаматтарға күн көріс тауып беретін орталыққа айналды. Құрманғали фабрикамен де шектелмеді, сол кезеңде қазақ жеріне жаңа еніп жатқан шетелдік «Зингер», «Саламандра», «Якорь» сияқты ірі компаниялармен одақтасты, олардың өндірістеріне капитал салды.

ХХ ғасырдың басында Ресей империясы Еуропалық үлгіге түсіп, қауырт дами бастады. Құрманғали  осы дүбірлі жарысқа түскен қазақтың жас бизнесмені болатын. Ол осы кезеңде қазақ даласында темір жол магистральдерін салуға дайындық жұмыстарына да қатысып, бірінеше рет Қараөткелдің іскер азаматтарымен бірге Санкт- Петербургке де барды. Тек өкініштісі, 1914 жылы басталған Бірінші дүниежүзілік соғыс, іле  шала бұрқ етіп вулкандай атылған орыс революциялары, оған еріп келген жоқшылық, бос­тандық деп атқа мініп алған крепостной шаруаның надандығы, орыс большевиктері  ұйымдастырған  репрессиялар қазақтың жас кәсіп­керлерінің бүкіл жоспарының тас- талқанын шығарды. Бұл халық басына түскен зұлматқа Құрманғали сияқты азаматтар ештеңе де қарсы қоя алмады, бәленің бәрі ішкі Ресейде  қазақтың  еркінен тыс басталды.

Құрманғали  автомобильді алғаш рет Санкт-Петербургте көреді. Ол кезде Ресейдің  Мәскеу мен Санкт-Петербург сияқты қалаларының өзінде автокөлік таңсық болатын. Құрманғали өзі сияқты талапты студенттермен бірге автомобильді жүргізуді бірінші үйренушілердің ішінде болды,  куәлікті де сол кезде алған болуы керек. Тағы бір ес­кертетін мәселе – Құрманғали біз сияқты автомобильдің рулін ұстағанға мәз болған жоқ, ол оның қалай жүретінін, тетіктерін қалай жөндеу керек екенін зерттеді. Осының дәлелі, студент кезінде-ақ Құрманғалидың Ресейдегі алғашқы автожарыстарға қатысқандығы және бәйгеге тігілген американ автокөлігін ұтып алуы.

Оқырман қауымға жақсы танымал 2008 жылы жарияланған «Астана» энциклопедиясының 55 бетінде «Ақмоладағы бірінші автомобиль» деген фотосурет бар. Кәдімгі жүк таситын полуторка машинасы. Ма­шинаға сүйеніп былғары тужурка киген үш-төрт орыс жігіті, басында кең қалпақ, қабағы түксиген кавказ өңді бір еркек тұр. Бұл фотосуреттің ХХ ғасырдың басына ешқандай қатысы жоқ, бұл совет дүниесі. Мен көзімді ашқанда алғаш көрген дүниелерімнің бірі полуторканың ағаш кабинасы еді. Біздің әкеміздің осы Ақмола қаласының ішкі түрмесінен «халық жауы» болып, Үркітке он жылға айдалғанын мен өткен бір мақаламда жаздым. Үркіттің лагерінен Сталин өлген соң босап шыққан әкеміз Қарағандыдағы біздің ауылдың постоялына (қонақүй) келеді. Келсе шопырлық курсқа адам іздеп жатыр, біздің ауылдың еркек кіндігінің бәрі не соғыста өлген, не лагерьге айдалған, оқуға ешкім келмеген екен. Бұл  – аты-шулы 1954 жыл, тың игерудің басталған жылы. Әкей сол бетінде шопырлық курсты бітіріп, ауылға алғашқы машинаны айдап келген. «Ақмола» энциклопедиясындағы полуторка суретінің Қараөткелге Құрманғали айдап келген американ автомобиліне еш қатысы жоқ.

«Құрманғали 1900 жылдардың басында Қараөткелге Санкт-Петер­бургтен автомобильге мі­ніп  келді» деп еске алады оның бауы­ры Бекмұхамбет. Бұл жұрт керемет таң қалған оқиға болды.  Қазіргі күні біз біреу Айға барып, сол жақтан луноходқа мініп келді дегенге қалай таң қалсақ, бұл да солай болған болар. Американ автосына қызығушылардың ішінде қаланың ең бай адамдарының бірі Василий Матвеевич Кубрин де бар еді. Құрманғали қаланың бай және ықпалды азаматының өтінішін жерде қалдырған жоқ, автомобильді сатты, сонымен бірге енді автомобиль сату шаруасын ұйымдастыруға  кірісіп кетті. Автомобиль мәселесі оңай болмайтын, алғашқы бетте тек сату ғана емес, сонымен бірге автомобиль жүргізуді үйрету де, оны жөндеу жұмыстары да Құрманғалидың мойнында болды. Қараөткелге  Санкт-Петербург пен Мәскеуден автомобильді жеткізу де ойыншық болмаған шығар. Бұл мәселенің қызық-шыжығын шет елдерден автомобиль алып, оны бізге сатып жүрген «Астана-Моторс» иесі Нұрлан Смағұловтан анықтаған жөн болар.
Құрманғали Қосшығұлов автомобиль сатумен шектелген жоқ, ол  1913 жылы қазақ жерінде тұңғыш автомобиль шығаратын зауыт салу ісіне кірісті. Осы жылы оның шақыруымен Германиядан бір топ инженерлер мен құрылысшылар келіп, болашақ зауыттың құрылысына қатысты мәселелер талқыға түсті.

Қосшығұловтар әулетінің бір өкілі Бекмұхамбет өзінің естеліктерінде неміс инженерлері толып жатқан чертеждермен келгенін, олардың кейбіреуінің ұзындығы 1,5 метр, ені 1 метр, қалыңдығы 30 сантиметр кітапша түрінде болғанын, осыны көріп өзінің таң қалғанын айтады.

Құрманғалиды білетін адамдар оның кейін қартайған уақытта да, Совет үкіметінен жасырынып қашып-пысып жүрсе де техника көр­се көзі жайнап кететінін, оның қолына түскен техниканың жаңарып қалатынын, өнертапқыш болғанын айтады. Осындай адамдардың бағын байлаған Совет үкіметі енді қазақты техникаға жолатсын ба, біз қазір ғана Құрманғали жүріп өткен жолдың басында тұрмыз.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
профессоры

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button