ЖаңалықтарҚала тіршілігі

Қарапайым еңбеккерге – ерекше қамқорлық

Кеше Алматы ауданының әкімі Сапар Ахметов тазалық мәселесімен айналысатын жұмысшылармен кездесті. Әкім олардың қысқы маусымға дайындығы мен әлеуметтік жағдайларына ерекше мән берді.

Бас қаланың келбеті мен тазалығына жауапты жұмысшылар таңғы бестен бастап, аудан тазалығын қамтамасыз етуге кіріседі. «Локомотив» зауытына баратын айналма жолдың бойында 32 мердігер ұйым аудан әкіміне техника жағдайы мен жұмысшылардың қыс мезгіліне дайындығын таныстырды. Кездесуде Сапар Ахметов ауданның қолмен жинау жұмыстарын жүргізетін «Тасан», «Универсал Строй НС», «Ишимавтотрасстрой», «Мехсервис-групп», «Бизнес техника С.Т», «КазСтройПроект», «Керуен СК+», «АстанаАвтоСнабСервис-НС», «Астана 7 футов», «Ай Сәт Астана» мекеме жұмысшыларымен арнайы әңгімелесті.

Белгілі болғандай, жұмысшылардың айлығы жаз маусымында 45 мың болса, қыста 50 мыңға ғана көтеріледі екен. Кейбір мекеме басшылары олардың тамағын, жататын жерін мойнына алса, кейбірі бұл мәселені қолға алмаған. Аудан басшысы бұл мәселе жөнінде мердігер ұйымның басшыларына нақты тапсырма берді.

– Жұмысшылар елорданың тазалығы үшін таңғы бестен бастап іске кіріседі. Адал еңбекпен отбасын асырап жатқан олардың жалақысы да жақсы болу керек. Қыстың суығына қарамастан еселі еңбек ететін жандардың әлеуметтік жағдайын ескергендеріңіз жөн. Әр кәсіпорынның жұмысшыларға арналған жылы орны болу керек. Олардың киер киімін, істейтін жұмысын, құрал-саймандарын бәрін жүйелі ұйымдастыруды міндеттеймін, – деді С.Ахметов.

Аудан жұмысшыларының бәрі қысқы киіммен толық қамтылған. Техника да сақадай сай. Әкім әр мекеменің қысқы киіміне жеке-жеке тоқталды. Кейбір мекеме басшылары жұмыс киімдерін тапсырыспен көршілес елдерден сатып алған. Сапар Ахметов бұл мәселеге де бейжай қарамады. «Мен өткен жылы жұмысшыларды тек өз елімізден шығатын киімдермен қамтамасыз етуді айтқанмын. Алайда кейбірі құлақ аспай, Қытайдан, Ресейден, Белоруссиядан алдыртыпты. Өздеріңіз басшы ретінде елдің патриоты болып, неге отандық өндірісті дамытуды қолдамасқа?!» деген әкім, бұдан былай жұмысшыларға арналған барлық тауарлар өзіміздің өндірістен болатынын қадап айтты.

Мердігер ұйым басшылары әкімге алдағы уақытта жұмысшылардың жалақысын сәл болса да көбейтетінін, әлеуметтік мәселелеріне барынша назар аударатындықтарын жеткізді. Олардың жалақысы тұрақты, ай сайынғы зейнетақысы міндетті түрде аударылып отыратындығына сендірді.

Кездесу соңында Сапар Ахметов қарапайым жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы ұдайы бақылауда болатынын жеткізді. Егер өз қызметкерлеріне жағдай жасай алмайтын мердігерлер болса, келесі жылдан бастап бірлесе жұмыс істеуді тоқтататындығын ескертті.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button